№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 

Ат тергеу

                    
Жақында «Хабар» арнасындағы «Бармысың бауырым?» бағдарламасынан жас келіндерге үлгі боларлық ғұрыпқа қанықтым. Бағдарлама барысында Қытайдан келген Әмина есімді әйел өзінің қайынағасын іздейтінін сөз етті. 2000-жылдың басында Үрімшіден Алматыға нәпақа табуға аттанған қайынағасынан бүгінге дейін хабар-ошар жоқ екен. Бағдарлама жүргізушісі Әминадан жоғалған жанның аты-жөнін сұрағаны сол еді, ол–микрафонын жанындағы нәзік жандыға берді. Әлгі әйел–ізтүссіз кеткен кісінің аты-жөнін, жасын, түр-әлпетін сипаттады. Осы тұсты қалт жібермеген тележүргізуші Қымбат Досжан Әминадан микрафонды неге қасындағы замандасына ұсынғанын сұрады. Сонда Қытайдан келген қандас өз жауабын былайша өрбітті: «Өздеріңіз білесіздер, қазақта келін қайынағасының есімін атамаған. Сондықтан қасымдағы отырған әйел–көршім болады. Жол қаражатын төлеп, тек қайынағамның аты-жөнін айтасыз деп ертіп келдім»–деді. Мойындау керек, бізге қарағанда Қытайдағы қазақ қандастарұлттық құндылықтарды барынша ұстап қалған. 
Тақырып ауаны түсінікті болған шығар. Оқшау ойдың нысанасында ата дәстүр–ат тергеу. Яғни, жаңа түскен келіннің атасы мен енесіне, қайынағалары мен абысын-ажындарына, қайын сіңілі, қайындарына өзінше жарасымды ат қоя білуі.  Мәселенки, қайын ағаларын «Үлкен аға», әйелін «Үлкен абысын», өзімен тетелес қайындарын кескін келбеті мен мінез-құлқына сай «Дәу қайным», «Мырза жігіт», «Төре», ал, қайын сіңлілерін «Еркем», «Кенжем» деген секілді жағымды атпен атаған. Бұл дегеніміз «үлкенге құрмет- кішіге ізет» қағидасының құнды ғұрпы. Дала өркениетінің сан ғасырдан бізге жеткен асыл арнасы. 
Бүгінде бұл ғұрып сабақтастығы қаншалықты сақталған?
Қазіргідей ақпараттық технология қарқынды дамып, ұялы тұтқаға үңілген қазақ келіндері арасында ат тергейтін ата дәстүр, босағадан аттай алмай тұр-ау. Әрине, «көпке топырақ шашу–ақымақтың ісі». Мүмкін ауылдық жерде әлі күнге ат тергеуді әдетке айналдырған жеңгелеріміз бар шығар. Бірақ, байқағаным бүгінгі жас келіндер қайын ағасының есімін атап, артына «аға» сөзін қоса салады. Кейінгі жылдары ат тергеу ғұрпы замана ағымына икемделіп, заманауи есімдер келіндер аузында. Қызметіне қарай «Доктор қайынаға», «Әнші қайным», әкіматта істесе «Әкім қайынаға», имандылық жолында жүрсе «Молда қайным» деген секілді. 
Сондай-ақ бүгінгінің заманауи енелері келіндерінің «енешка» дегеніне қанағат тұтатын болды. Таяуда бір ауылға барғанда жас келіннің аузынан құлаққа түрпідей естілетін, ұлттық құндылықтан алыс мынадай теңеу естідім. «Біздің үйдегі «Каляни» деп әңгімесіне екі-үш мәрте енесін қосты.  Ішімнен ойладым. Айдаладағы «Анандитану» ілімінен сусындап, енесіне «ізеттілік» көрсетіп отырғандығы шығар деп. Не істейміз енді? Көрген көзде жазық жоқ. «Ата-анаңа не көрсетсең, алдыңа сол келеді» деген халық тәмсілі тұрғысынан алсақ, қазіргі келін келешек ене емес пе? 
Түйінсөз. Шүкір, бүгінде өшкеніміз жанып, ұмытқанымыз жадымызда жаңғырды. Айтайын дегенім, ата-ене сыйлаудың, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетудің ерен үлгісі болып есептелетін ат тергеу үрдісін қайта жаңғыртсақ. Қазақ келіндеріне тән келетін бұл игі дәстүр ұлтымыздың бойына ана сүтімен дарыған имандылық пен ізеттіліктің айқын көрінісі. Ал, асыл жеңге, жас келін! Ағайын-жұрағатқа ат қоюға қамдана беріңіз.
08 сәуір 2018 ж. 1 612 0