Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » ҚАЛИЛАНЫҢ ДАРА ЖОЛЫ

ҚАЛИЛАНЫҢ ДАРА ЖОЛЫ

Әр адам – бір әлем. Әрқайсысының өз дара жолы бар. Осы даралық қасиетті ұлттық мүдде тұрғысынан саралар болсақ, туған халқын жан-тәнімен сүйетін, соның жолында ғазиз жанын жалдауға бар мұраты асыл азаматтар жоқ емес екен арамызда. Солардың қатарында кинорежиссер, Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер, Жамбыл атындағы сыйлықтың лауреаты, жерлесіміз Қалила Омаровтың шоқтығы биік тұр.


«Кіндік қаным ата-бабамның көз жасына суарылған топыраққа тамып, солардың тағдырлы болмысы тумай жатып тал бойыма тәуекелдікті тастап кеткен» дейді ол өзінің өмірі туралы әңгімелегенде.
Оның бұлай деп айтуының сыры мынада. Сыр бойына Ислам дінін орнықтырудың биік құдыретімен қалың елді құдай жолына бағыттаған ғұлама тұлға – Айқожа ишанның ұрпағы ретінде әкелері Омар кешегі кеңестік кезеңнің қуғын-сүргінінде Өзбекстан еліне бас сауғалауға мәжбүр болды. Әулетімен сонда көшіп барып, жер кепені паналауына тура келді. Одан бері екі ұрпақ ауысып, атамекендегі алапат демін алғанша өзбек елін паналады деген аты болмаса арман-дерті, рухы қазақ елін көкседі, жүрегі қазақ деп соқты. Төлқұжатын сол елдің заңы бойынша «өзбек» деп жаздыруға мәжбүрлік туғанда түрлі амалға көшуге тура келді. Міне, ата-бабаның бөтен елдегі аласапыранды тағдырының аяғын ала дүние есігін ашқан Қалиланы толғатқан анасы Қадиша құлынын шеңгел аралас еңісте кіндігін кесіп, етегіне орап алған ғой. Нәубет қасіреті кішкентай Қалиланы да айналып өтпепті. Көкірек көзінің ашықтығы арқасына елді бір бүтін біріктіріп, тура жолға соңынан ерткен зиялы қауымнан қауіптеніп, түп-тамырымен жойып жіберудің жымысқы әрекетін Кеңес өкіметі осылай ойлап тауып еді.
Зорлықшыл саясаттың жазалау механизмінің жалаң қол жандарды жапырып тастауға шамасы жеткенімен, мыңдардың санасын жалғыз күнде жаулап алу мүмкін емес еді. Бас сауғалап бауырынан пана тапқан Айқожа ұрпағының басынан құс ұшырмай, қадіріне жетіп, қасиетіне бас иген өзбек жұрты «Қазақ ишан баба» атап кеткен тұқымның түп-тұқиянына дейін құмның ұсағындай көзіне басты. Осындай қамқорлықтың арқасында бүтін бір әулет забалаңнан аман-сау қалды.
Қалила ата-анасы елге көшіп келгеннен кейін қазақ мектебіне 1 сыныпқа барды. Әкесінің ағасы, елге белгілі Инаят мағзұм Қалиламен тетелес ұлы Ахметхан екеуін қатар отырғызып қойып, Құранға түсіру үшін күнде бір аяттан жаттатуға кірісті.
Әкесінің ағасы, елге белгілі Инаят мағзұм Қалиламен тетелес ұлы Ахметхан екеуін қатар отырғызып қойып, Құранға түсіру үшін күнде бір аяттан жаттатуға кірісті. Ахметхан қағып алады, ал Қалиланың қиялы басқада. Есіктен болмаса да тесіктен қашып шығып, титтейінен кітапхананы торуылдады. Арманы – жазушы болу. Максим Горькийдің кітабы қолына түсті. «Азап шеге білмеген өмір сүре де білмейді» дейді қасіретті жазушы жүрегі қарс айрыла. Не қиындыққа нартәуекел еткен Қалиланың ешнәрседен тайсалар түрі жоқ. Оқшау әлемді ойша елестетіп, Тургеновтің кейіпкеріне елтіп, бір күні «Қайдасың Ася» деп пойызға мініп, Ленинградқа қашпаққа бекінді.
Тамбурда бой тасалап айласын асырған жылтың көз Ақтөбеге жете қармаққа ілініп, артынан арып-ашып жеткен әкесінің қолына аман-есен тапсырылды. Бірақ балапан жүректе қауыз жарған қауырсын талаптың қанаты бекіп, мектеп бітіріп, одан соң әскери міндетін өтеп оралып, толыққанды азамат болған ақ пейіл иесін арман жағалауына ақыры алып келді.
Ленинградқа аяқ іліктіргеннен кейін енді оған алгебрасы жоқ оқу орны қажет болды. Біледі, математикаға шорқақ. «Кітапхана ісі» деген бар екен, сонда ғана математика жоқ. Құжатын тапсыруға келді. «Библиотека много книг. Учиться хочет». Айтқаны осы. Аналар күлді. «Биыл Шымкентте мәдениет оқу орны ашылды, сені күтіп отыр, соған бар» деп шығарып салды. Жүні жығылып, шыға берісте. «Ленинград мәдени ағарту училищесінің кино, фото факультетінің» жарнамасын көзі шалды. Тіке соған тартты. Қабылдау емтиханында орыс еместерді бірыңғай диктант жазуға дайындады. Мұғалімдер үңіліп бетіне қарап кетеді. Сөйтсе, құжатымен танысқан комиссиядан «қазақ отбасынан, он баланың үлкені екен, өткізіп жіберілсін" деген пәрмен болған екен. Сонымен, студент атанды. Бойындағы шығармашылдық қасиеттің қайнар көзін бұл енді тапты. Бейтаныс қалада тіл білмеймін демей жұрттан қалыспауға тырысып бақты. Диплом жұмысына Құрманғазыға жүгінді. Құрманғазының «Кісен ашқан» күйі. Бұл қазақтың оянуы. Екі ғасыр қол-аяқты шідерлеп, сананы бұғаулап келген бодандық шынжырдың құлпын бұзып, азаттыққа, еркіндікке алапат құштарлықтың сарыны, сар даланы сар желген сағыныш күйі. Осыны кино тілімен қалай жеткізуге болады? Мұны домбыраның шегімен емес, жүректің тілімен жеткізген Құрманғазының күйі тіл де, шекара да талғамай атасы бір адам баласының баршасының көкірегіне ойып орын алып қойған. Киноға сондай құдырет дарытуға болмай ма? Осыны ойлаған жас талап басын тауға да, тасқа да ұрды. Табиғат – тәңірден сыр аңдады: тау суы иненің көзіндей жарықтан жылап ағып барып, бұлақ боп сылдырлап жылғаға апарады, ол арқыраған тау суымен өзенге құйып, сел дарияға айналады екен. Өмір де солай. Халықтың шыдамы да бір күн шырт үзіліп, шындықтың шынжырын бұзып, дүлей-күш тасқынға ұласқанда туырлықтың да туға айналып салтанат құрар күні туар. Табиғаттың осы көрінісін тап-таза күйінде тасқа түсіріп, оны түні бойы лентада айналдырып, Құрманғазы күйі сарынымен сабақтастырам деумен талай таңды атырды-ау. Ал таңертең... Нева жағалауын бойлай кетіп бара жатқан портфель ұстаған қаншама тұрғынды мекеніне сүйрелеп, киносын көрсетем деп әлек. Қаншамасы келіп, киносын тамашалады-ау, бірақ ешнәрсе түсінбейді. Бұл қайта еңбектеніп, пленканы қияды, желімдейді, дауысты қайта өңдейді. Ақыры көрермендер көріп отырып: «Казахи – великий народ. Құрманғазы – велик» деп жар салғанда барып жаны жай тапты. Осы еңбегімен Ленинградта өткен бүкіләлемдік қысқаметражды фильмдер байқауына «Кісен ашқан» орысша «Воплощение» деген атпен қатысушы болып тіркелді.
Конкурста тұсауы кесілген 87 кино да көрсетіліп бітті. «Тіпті қара қатарына қосып, атым да аталмады-ау» деп қамығып отырған Қалиланың жарғақ құлағына соңғы сәтте конкурс председателінің мына үні жаңғырып жетті: Гран-При иегерін анықтаудың сәті де келді. Ол – «Кісен ашқан» туындысымен қазақ жігіті Қалила Умаров». Зал дүркіреп қол соқты. Қалиланың жүрегі жарылардай, не күлерін, не жыларын білмеді. Кейін осы фильмімен Мәскеуде өткен Бүкілодақтық кино фестивалінде Бас жүлдені алып, Совет киносының «құдайы», Леонид Гайдайдың қолы қойылған Дипломға ие болды.

Б.ҮСЕЙІНОВА.

01 маусым 2019 ж. 1 258 0