№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ШЕРХАН екі дүркін азия чемпионы

ШЕРХАН екі дүркін азия чемпионы


Көкше төрінен сүйінші жаңалық жетті. Қол күрестен жалауы желбіреген Азия чемпионатында Шерхан Мақсұт тұғырдың биігінен көрінді. Сары құрлықтың кіл мықты білектілерін сынға салған додада 85 келі салмақта кезекті рет үздік шығып, Сыр өңірінің абыройын асқақтатты.
Шучинск қаласындағы «Жақсы» спорт кешенінде өткен аламанға 14 мемлекеттен 600-ге жуық спортшы қатысты. Ерлер 11 салмақ, әйелдер 7 салмақ дәрежесі бойынша чемпиондық тәжді сарапқа салды.
Шерхан алғашқы айналымда қырғызстандық қарсыласының мысын басты. Одан кейін өзбек, тәжік білектісінен мықты болды. Жартылай финалда Алматы облысы атынан шыққан Радмир Шармардановтан басым болса, ақтық сында көкшетаулық Рамиль Борисовтың екпінін басады.
– Рамиль Әлем чемпионатының жүлдегері, әрі жергілікті көрермендердің қолдауы қатты болды. Дегенмен, өз-өзімді жеңіп, қарсыласымнан басым түстім. Енді Анталияда өтетін Әлем чемпионатына дайындықты үдетіп, әлем мықтыларын мойындатқым келеді, – деді жерлес спортшы.
– Шыны керек, ұлымның спортқа ден қойғанына қарсы болмадым, дегенмен осындай биікке жетеді деп ойламаппын. Енді Шерхан әлемді бағындыратынына сенемін. Бұл тек біздің шаңырақтың қуанышы ғана емес, бұл қазақ елінің жеңісі. Сондықтан, қолдау көрсетіп, демеп жүрген жандарға алғысым шексіз, – деді чемпионның әкесі Болат Мақсұтұлы.
Ал, Шерханның өзі болса, жанкүйер болған жаңақорғандықтарға алғысын білдіріп, бұдан да биік асуларды бағындыруға уәде берді.
Айта кетейік, Шерхан 2016 жылы Ташкент төрінде өткен Азия чемпионатында алтыннан алқа тағынған болатын. Ол кезде жерлесіміз жасөспірімдер арасынан сынға түскен еді. Енді жастар арасында өзінің шоқтығы биік екенін дәлелдеді. Келер жылы ересектер арасынан тағы да озатыны анық. Себебі, Шерханда жігер бар, намыс бар. Бәрінен бұрын, еңбекқор спортшы.
– Күнделікті жаттығудағы әдіс-тәсілді Шерхан жарыс алаңында көрсете білді. Оның ерекше бір қасиеті өзін-өзі ұстай алады, яғни сабырмен күреседі. Алда Әлем чемпионаты күтіп тұр, – деді жаттықтырушысы Шыңғыс Азнабаев.
Жігері мықты, мұраты айқын, еңбекқор Шерхан Болатұлының жеңісті жолы алда. Ендеше, біз оның Әлем чемпионатында дара шығуына тілектеспіз...

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ.
24 сәуір 2018 ж. 1 430 0