№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Шыршамыз көрікті, шаттыққа толыпты

Шыршамыз көрікті, шаттыққа толыпты


Аудан әкімінің шыршасына білім бөлімі мен білім қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы ұйытқы болыпты. Мейрамхана ішіндегі шыршаны айнала билеп жүрген оқушылардың көңілдері көтеріңкі. Олардың күлкісі жарқын-жарқын шығып, мейрамхана ішін шаттыққа бөледі. Мерекелік кешке жиналғандарды аудан әкімінің уақытша міндетін атқарушы Серқожа Ыдырысов пен ауданның бас ұстазы Болат Ибрагимов құттықтады.
– Ескі жылды есіркеп, жаңа жылды жарылқайтын уақыт жетті. Сондықтан, әрбір отбасыға келер 2018 жыл шырайлы шапағатымен, шуақты шаттығымен келсін. Тауық жылы әсіресе білім саласы үшін оң өзгерістермен толықты. Білім сапасы артты. Алдағы жылы осы деңгейден түсіп қалмауымыз керек, – деді Серқожа Ыдырысұлы.
Ал, аудандық білім бөлімінің басшысы Болат Мақсұтұлы:
– «Елбасы айтқандай, білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу – біздің қанымызда бар қасиет. Яғни, бәсекеге қабілетті болу міндеті тұр. Осы ретте, білім бөлімі жастардың сапалы білім алуына басымдық беріп келеді. Ал, оқушылардың білімге ынтызарлығын түрлі мерекелік шараларға белсенді тарту арқылы да арттыруға болады. Бүгінгі аудан әкімінің шыршасы сондай игілікті шараның бірі, – деді.
Әкім шыршасына 80 ардагер ұстаз немерелерін ертіп, шырайлы жүзбен шуағын төге келіпті. Бұл да ұстаздарға деген құрмет, алғаусыз алғыс, риясыз рахметтің белгісі. Осындай жанға жайдарлы жылы сөзді аудандық ардагерлер кеңесінен Серік Мұсабаев пен аудандық ата-аналар комитеті атынан Ізәтіллә Нәрзілдаев түйіндеді.
Одан әрі «Әлшекей» атындағы өнер мектебінің ұстазы Құралай Әлиеваның «Жаңа жыл» әнімен концерттік бағдарлама жалғасты. Балапандардың мың бұралған биімен, әуезді әуенінен кейін Аяз ата мен қар қызы да көп күттірмей ортаға енді. Сиқырлы таяғымен шыршасын жағып, «мен де тақпақ айтайын» деп таласқан, таңдайы тақылдаған өнерпаздарға, сыйлығын таратты. Әкім шыршасына 42 мектептен әлеуметтік аз қамтылған оқушылар мен немерелерін ерте келген зейнет жасындағы мұғалімдер ризашылығын жасырып қалмады.
– Есігін жапқалы тұрған тауық жылы білім саласы үшін табысты болды. Білім көрсеткіші жыл санап артып, білім ордалары заманауи технологиялармен жабдықталуда. Мен зейнет жасында болсам да, өскелең ұрпақтың ертеңіне алаңдап отыратыным рас. Сондықтан, шәкірттерге тек білім ғана емес, осындай ерекше көңіл-күй сыйлайтын кештер қажет-ақ, – дейді ардагер ұстаз Бибайша Әлжанова.
Иә, сәби жүрегі шын қуанады. Ал, оларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлаудың өзі бір ғанибет. Сондықтан, бұл кеш тәрбиелік мәнімен ғана емес, рухани мазмұнымен есте қалды.
– Әрине, ең алдымен балалардың көңілін аулап, бір сәт болса да ерекше сый жасауды жөн көріп келеміз. Жыл сайын осы қалыпта аудандағы барлық білім ошақтарының шәкірттеріне мерекелік шара ұйымдастыруды жолға қойғанбыз. Бұл да үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан, бала жүрекке жылылық ұялатар игі істеріміз көп болсын, – деп ізгі тілегін жеткізген кәсіподақ ұйымының төрағасы Елшібек Сатиршинов мерекелік шараны қорытындылады.
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ.
04 қаңтар 2018 ж. 1 476 0