№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » » Ұлы жеңіске тағзым!

Ұлы жеңіске тағзым!


Ұлы Жеңіс! Бұл – дүниежүзі халқы үшін қасиетті сөз. Ұлы Жеңіс – өшпес даңқ пен өршіл рухтың асқақтаған күні. Ұлы Жеңіс – арын байрақ, намысын найза еткен қаһармандықтың, ерен ерліктің көрінісі. Иә, ата-баба арманы ақиқатқа айналды. Адамзат атаулыға қасірет пен қантөгіс алып келген сұм соғыстың аяқталғанына биыл 74 жыл. Ерлік рухы ешқашан ұмытылуға тиісті емес. Күллі халық болып еске алатын айтулы датаны бұл жолы да аудан басшылығынан бастап ауған ардагерлері, полиция қызметкерлері мен сала басшылары ерекше құрметпен еске алды.


Жеңіс, Жеңіс!
Оңайлықпен келмеген,
Сондықтан да, қарсы аламыз гүлменен.
Омырауы орден толған ағалар,
Қан майданда ел намысын бермеген.
Бұл – тағзым алаңында айтылған әсерлі өлең. Ұлы Жеңісті терең толғаған қазақ поэзиясы аға буын мен жас ұрпақтың көзіне еріксіз жас келтірді. Мәңгілік шейіт болған боздақтар рухына арналып, «Мәңгілік алауға» аудан әкімдігінің, ауған ардагерлері мен полиция, білім бөлімі, аурухана ұжымы атынан тағзым гүлдері қойылды. Бас имам Сайдулла Омаров батыр бабалар рухына арнап қасиетті Құран аятын оқыды. Өз кезегінде сөз алған аудан әкімі Ғалым Әміреев:
– Бүгінгі күн – тарих таңбалаған Жеңістің Ұлы күні. Отан үшін от кешіп, елімізге бейбіт ғұмыр сыйлаған ардагерлердің қаһармандығы ұрпаққа мәңгі үлгі болып қала бермек. Сұрапыл соғыс жылдарында елде қалған аналар, буыны қатпаған балалар өздерінің барлық күш-қуатын халықтың бас көтеруі үшін жұмсады. Ауылда қалған азаматтар мен ақ жаулықты аналар канал қазып, соғысқа азық жіберіп, ерен ерліктің үлгісін көрсетті. Осындай тауқыметті тағдыр мен бейнетті жылдарды бастан өткерген Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен Тыл еңбеккерлеріне, ауған ардагерлеріне ықылас пен құрметіміз ерекше. Зұлмат соғысқа аудан атынан 4974 адам аттанып, оның 2280-і елге оралған жоқ. Міне, біз бүгін майдангерлердің есімі алтын әріппен жазылған «Жеңіс» саябағында елжандылықты еске алып тұрмыз. Ерлік ешқашан ұмытылмайды деген осы. Олай болса, егемен ел болу жолындағы мұратымызға өлшеусіз үлес қосқан батырлардың ұрпақтары жалғана берсін. Ұлы Жеңіс бейбіт күннің байрағы мәңгі желбіреуіне ықпал етсін, – деді.
Салтанатты шараға еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін үлесін қосты. Ардагерлерге мәдениеттің озық үлгісін сыйлаған М.Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйі мамандарынан бөлек, «Қаратау қазынасы» халықтық-фольклорлық ансамблі, «Асыл әжелер» және ел ағалары бастаған топ әншілері саябақтың сәнін келтіріп, өлеңмен өрнектеп, күймен сыр шертіп, жырдан шашу шашты.
Аға буынның үмітін жалғар бүгінгі ұрпақ иелері жас бүлдіршіндер шығып, көк туды биікке желбірете, көк аспанға құстарды қалықтата ұшырды.

Ханзада ДОШАН.
09 мамыр 2019 ж. 1 269 0