№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Батырлықтың өрелі өлшемі

Батырлықтың өрелі өлшемі


Жеңістің 73 жылдық мерекесі кент, ауылдық округтердің барлығында жоғары деңгейде аталып өтілді. Ал, аудан орталығындағы мерекелік ауқымды шара «Тағзым» алаңында «Боздақтар» монументіне гүл шоқтарын қоюмен басталды. Салтанатты сапты Ұлы Отан Соғысы ардагерлері мен ауған соғысы ардагерлері бастап, отан қорғаушыларға деген құрметтің ерен үлгісін көрсетті. Үрмелі аспаптан шыққан әуезді ән кеудемізге отансүйгіштік қасиет дарытты. Мектеп оқушыларынан жасақталған «Жас ұлан» жасағы қолдарына ту желбіретіп, ұлттық рухымызды асқақтатты.
Монумент алдында М.Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары ұсынған театрландырылған сахналық көрінісі көпшіліктің назарын өзіне бұрды. Қан майданнан сыр шертіп, бабалар батылдығын, аналар қайсарлығын, жастардың жалынын сөз еткен көріністен алар ғибрат мол болды. Осыдай тәлімді-тәрбиелі көріністен соң, соғыс жылдарында опат болған боздақтарға бір минут үнсіздік жарияланып, «Мәңгілік алау» алдына гүл шоқтары қойылып, ауданның бас имамы Сайдулла Омаров соғыс құрбандары рухына Құран бағыштады.
Ұлы Жеңістің 73 жылдық мерекесінде аудан әкімі Ғалым Әміреев сахна төріне көтеріліп, құттықтау сөзін жеткізді.
– Осынау бейбіт өмір бізге оңай келе қойған жоқ. Тәуелсіздік жолында қаншама қандастардан айрылып, қаншама нәубетті бастан кештік. Рухымыздың биік, намысымыздың өр болғандығынан жаудың қаһарына төтеп беріп, сын сағаттта берілмедік. Қанды шайқаста қас дұшпанға айбатымызды көрсетіп, батырлық қасиетімізді байқаттық. Біз осындай текті халықтың ұрпағымыз – деген аудан басшысы өңірдің әлеуметтік, экономикалық өркендеуіне үлес қосқан Есен Оңалбаев пен Әшірбеков Құлтасқа «Жаңақорған ауданының құрметті азаматы» атағын салтанатты түрде табыстады.
Мерейлі марапаттан соң, аудан көркем-өнерпаздарының әзірлеген концерттік бағдарламасымен жалғасты. Шарада майдан даласындағы жалынды әндер көптеп шырқалды. «Офицеры» әнін Абылай Сұлтанхан, «Қазақ жігіттері» әнін Құралай Әлиева шырқады. «В лесу при фронтом», «Нам нужна одна победа» тағы да басқа әндерін әуелеткен үрмелі аспаптар оркестрінің жетекшісі Үсен Есмұратов: «Осы бағдарламаға ұзақ дайындалып, соғыс тақырыбында іздендік. Көпшіліктің көңілінен шыққанымызға қуаныштымыз», – деп толқынысын жасырмады. Қазақ қызының қайсар мінезін көз алдымызға әкелген хореограф Гүлназия Тауекелеваның «Шабыт» би тобы «Әлия» және «Катюша» биін ұсынды. Осылайша, патриоттық бағыттағы концерттік бағдарлама түске дейін жалғасып, көпшіліктің мерекелік көңіл күйде жүруіне сүбелі үлесін қосты.
Мұнан кейін аудан әкімі кент орталығындағы «Аяна» мейрамханасында Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен ауған соғысы ардагерлеріне арналған мерекелік дастархан басында жүздесті. Жеңісті жақындатқан жауынгерлер құрметіне «Арман» кенттік мәдениет үйінің өнерпаздары патриоттық бағыттағы әндер шырқап, мереке көркін қыздыра түсті. Өз кезегінде аудан әкімі Ғалым Әміреев жиылған қауымды Жеңіс мерекесімен құттықтады.
– Ұлы Жеңістің 73 жылдығы жасампаз жастарды отансүйгіштікке, патриоттық пен парасаттылыққа бастайтыны анық. Елбасының сындарлы саясаты жас ұрпаққа елжандылық қасиетті сіңіруге, өткеннің өшпес өнегесін сабақтастырып, ұлттық рухты жандандыруға жігерлендіріп келеді. Бұл елдік пен ерлікке тән тәрбие үлгісі деп білемін. Сондықтанда қадірменді қариялар мен ауған соғысы ардагерлеріне айтар алғысымыз зор, – деді әкім.
Одан әрі ақүйіктік майдангер Найманбай Құрбанов пен бесарықтық Нұрман Асанов ақ батасын беріп, жас ұрпақты бейбіт өмірдің қадірін білуге үндеді. Ал, аудандық «Ауған соғысы ардагерлері және патриот жастар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қуаныш Әбілакимов бүгінде ауданда 50-ге жуық ауған соғысы ардагерлері бар екенін айта келе, жастарды отаншылдық тәрбиеге баулуда жүйелі жұмыс жүргізіп жатқанын жеткізді.
Айта кету керек, мерекелік шараны мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында «Арман асуы» қоғамдық қоры ұйымдастырды.

Мақпал ПАТЕНОВА.
11 мамыр 2018 ж. 1 269 0