Соңғы жаңалықтар

№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

№89 (8800) 9

09 қараша 2024 ж.

№88 (8799) 5

05 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » » Атбегілік – асыл өнер

Атбегілік – асыл өнер

  Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласында «Атқа міну мәдениетіне» бөлек тоқталады. Өйткені, қазақ пен жылқы егіз ұғымдай. Бірі-бірінің мәнін ашып, толықтыра түседі. Сондықтан ұлтымыздың атқа міну мәдениеті, оның ішінде ат баптау тәсілі мен жерсіндіру әдістеріне тоқталсақ.



  Бәсіреге аталған тайды үйрету кө­бінесе, борпылдақ топырақты немесе жыртылған егістік жерде жүргізіледі. Бірнеше баланың көмегімен тайға мығым отырған жасөспірім, ауыздықпен алысып, тайды әбден шаршатуы тиіс. Суытылған соң, қуаты қалпына келу үшін тайға қант немесе бор беру арқылы өзіне жақындата түседі. Бор тайдың тез жетілуіне көмек­теседі.
Қызылорда облысы Ұлттық ат спорты түрлері бойынша аға жаттықтырушы Ислам­хан Боранбаев: «Ешкім де өз жадынан шығарып алып ат баптап жүрген жоқ. Бұл аталарымыздың ұзақ жылдардан келе жатқан уақыт сынынан өткен тәжірибесі. Тай кезінде оның тегіне көбірек назар аудару керек. «Тайында таптап мін. Құнанында қақтап мін. Дөненінде сақтап мін», дейді қазақ. Тайында аттың аяқ алысын байқаймыз. Құнанында ысыл­дырамыз. Дөненінде белді ат бол­ғандықтан оны сақтап, барынша тиімді пайдалануға күш саламыз. Қысқы шілдесін, жазғы шілдесін жегізіп, қайтадан суытып таң асырамыз. Жылқымен жұмыс жасау адамды жалықтырмайды. Қайта одан сайын ынтызандыра түседі», – деді.
Ат баптау – атадан қалған асыл өнер. Қазақ халқы «жүйрікте де жүйрік бар, бабына қарай жүгірер», «ат шаппайды, бап шабады», «бақ шаппайды, бап ша­бады», деп жүйрік атты баптаудың қаншалықты маңызды екендігін айтқан. Нағыз бабына келген сәйгүліктер қазіргі кезде 40 шақырымға жіберіледі. Бұған көкірегі кең далалық жерде еркін өскен Сарырқаның сары даласының сәйгүліктері мен таулы Алатаудың  бөктеріндегі саф ауамен тыныстайтын арабы жылқылар мен ағылшын тектес тұлпарлары аламанда бәйге бермей жүр.
  «Араб жылқылары кең жүректі. Сирағы жіңішке. Сондықтан ұзақ қашықтықтағы бәйгелерге қосуға, дайындауға қолайлы. Ағылшындардың ұшқыр жылқысын әзір­леушілер қатары өсіп келеді. Ал, біздің қарабайыр қазақы жылқымыз «Алтын тұлпар», «Алтын тұяқ» атты 52-62 ша­қырымдық ұзақ бәйгелерде топ жарып жүр. Себебі, бұл сәйгүліктер барынша төзімді, шыдамды. Осы ағылшын, арабы жылқыларды қазақтың қарабайыр жыл­қысымен будандастырғандар көкпар­ға да, ұзақ қашықтықтағы аламан бәй­гелерге салатын нағыз тұлпарларды әзірлеп жатқандар да кездеседі. Яғни арабы жылқының жылдамдығы, қазақы жылқының төзімділігі тегінен жұғады», – дейді И.Боранбаев.
Қазақстанда Қостанай асыл тұқымды жылқы зауытында аттарды сұрыптау оң жолға қойылған. Шетелден алтынға айырбастап, алып келген сәйгүліктері топ жармақ түгілі, жергілікті жағдайға бейімделе алмай, жұмсаған қаржысын желге шашқандар да жеткілікті. Осы орайда Исламханның пікірі көкейге қонады.
Соңғы жылдары Маңғыстаудың Гиннестің рекордтар кітабына енген 100 шақырымға ентікпей шабатын қазақтың қарабайыр жылқысы көнбістігі мен теңіздің тұзды суына қақталып қалғандықтан ба, көп терлемейтін қасиетімен атағы шықты. Қазіргі кезде атбегілердің қалаған жылқысын қай қиырдан болса да сатып алатын мүмкіншілігі бар. Оны жерсіндіру әрі бас бүлдіру үшін тай кезінен әкелген жөн.
Исламхан Боранбаевтың пайым­дауын­ша, біздің өңірде Шиеліде тұрақты ат баптайтындар бар. Олар қазақтың нағыз қазанатын ширатуда. Бізге ең қолайлысы осы Маңғыстаудың қарабайыр қазақ жылқысын алып келіп, өзіміздің тұқымдармен будандастырса бәйгеге де, көкпарға да нағыз төзімді жылқылар шығаруға болады. Себебі, Маңғыстаудың ауа райы да Жаңақорғанмен бірдей. Жусаны да, ыстығы да біздің өңірмен тектес.
  Қазақ халқы ертеден ат жалында өсіп, жылқының бабы мен күтімін бес саусақтай білген. Атбегілер жүйрік болар жылқыны құлын кезінен таныған. Құнан шыққанда қолтығын жаздырып, ал бәйгеге қосар кезде, оны әр күні аяңдатып, желдіріп, тұла бойын ауырлатқан ащы терін шығарып, бабына келтірген.
  «Бабы келмеген жүйріктің бағы байланады» деген қазақ ат баптау ісін ерекше ықтиярлықпен қараған. Алайда, осы қасиетті жануарға қызығушылығы жоғары болғанымен ат баптауға шыдамы жетпейтіндер көп. Соның салдарынан аламан бәйгелерде сәйгүліктердің жаза­тайым құлап, мертігіп қалып, мәреге жетпей тоқтап қалатындары жиі кездеседі. Соған қарамастан, соңғы жылдары ат спортының өрістеуі, ұлттық өнеріміз тура­лы түрлі кітаптар мен кітапшалардың көптеп шығуы, Интернеттік ақпараттың молдығы – ат баптау ісіне ынталы жастар қатарының артуына сеп болып отыр.
  Оңтүстік облыстарда ауа райы жайлы бол­ғандықтан қысы-жазы түрлі той томалақтарда, әсіресе, сүндет той, ас беру рәсім­дерінде тай жарыстан аламанға дейін, салымнан мыңдаған адам қатысатын көкпарға дейінгі далалықтардың деле­бесін қоздыратын сайыстар өткізіледі. Сондықтан жастардың бозбала шағынан ат құлағында ойнап, бәйгеге қосатын арғымақтарды баптау мен қандай нәр­селерден сақ болуына тоқталайық.
  Ат баптау өнерін өмірінің өзегіне айналдырған «Билібай» ауылының тұр­­ғыны алыс жақын жердегі айтулы додаларда топ жарып, олжа салып жүрген «Бесқасқа», «Миллион қара», «Көк шәйнек» сәйгүліктерінің иесі Бақыт Жианбаев тұлпарды баптау кезінде мертіктіріп алмауға қатысты бірқатар жиған терген тәжірибелерімен бөлісті.
  – Тер буып бабы бұзылған жағдайда жүйріктің жүні жығылып түсі шаңбозаң тартып, тер ақпай қиналады. Бұны кейде «жел тиді» деп те айтады. Бұндай күйге түскен жүйрікті қинап терлетеді де, тері шыққан соң арнайы орнатылған шатырға кіргізіп терін қырғышпен сыпырады. Баптау кезінде ширығып бой жинамаған жылқыны кешкі іңірде, яғни, апақ-сапақта жабулап терін алып, одан кейін ақырын жетелеп жүргізіп көріп, кермеден алыстау жерге жалғыз өзін бос жібереді. Жем-шөпті шектен тыс қысып беруден жүйрік езеуреп, жүрегі қарайып әлсізденеді. Оны емдеудің жолы сиырдың жас тезегін сұйық майға араластырып жұтқызады, – дейді кәнігі ат баптаушы Б.Жианбаев.
Сәйгүліктің бәйгеде бірінші болып келуі, атқа ғана қатысты емес, үстіндегі шабандоз баланың да таным түсінігіне байланысты. Жеңіс тұғырына табан тіреу үшін шабандоз бен сәйгүліктің арасында өзара тығыз сенім орнауы керек. Ат үстіндегі бозбала аттың тілін түсінуі тиіс. Ақылды шабандоз ешқашан қызбалыққа салынып аттың өкпесін қыспайды. Тебінбейді. Қай кезде қамшылап, қай кезде аттың басын тартуды біледі.
   Ат баптауды қай кезде бастау қажеттігі көптеген жасөспірімдерді ойлантады. Негізінен, қазақтың қолы бос, жаны тыныш уақыт қаңтар айынан бастаған ат баптау жыл бойы жемісін береді екен. Қыстағы таза ауада еркін тыныстап, ащы тері алынған сәйгүлік жазғы жарыстарда бәйге бермейтін көрінеді. Сонымен бірге атбегілер сәйгүліктің шоқтығы биік, кеудесі кең болуы үшін ертоқым салмайды.
Сәйгүлікті далада жайған жөн. Себебі, далалық жерде дәрумендері көп болғандықтан аттың буындары тез қатаяды. Нағыз жүйріктер дөнен шыққанда ғана танылады. Кей жарау жылқылар ауылдың, өңірдің атын шығарып қана қоймайды, өз кезегінде «аталастың аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» деген де түсінік қалыптастырып, ауыл, елге деген патриоттық сезімінің күшеюіне әкеледі.
Биыл оңтүстік аймақта көк тез көтерілді. Өңірде шөп мол азық-түлік жеткілікті қоры болатын түрі бар. Алда әлі талай аламан жарыстар күтіп тұр. Атбегілік– асыл өнерді ұстанған атбегілер мен әрдайым сәйгүліктерінің бабы мен бағының қатар шабатын шабандоздарына жүйріктеріңіз мәреге дара жетіп, бәйге төрінен көрінсін дейміз!

Ескендір Ертай.
03 мамыр 2019 ж. 2 954 0