№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » БАЛА ТӘРБИЕСІНДЕ АТҚА МІНУ МӘДЕНИЕТІНІҢ ОРНЫ ЕРЕКШЕ

БАЛА ТӘРБИЕСІНДЕ АТҚА МІНУ МӘДЕНИЕТІНІҢ ОРНЫ ЕРЕКШЕ

Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын ұлтымызға төл құндылықтардың ұлағатын ұқтыру деп түсінуіміз керек. Ұлтшылдық – ұлтты сүюдің, Отанға қызмет етудің жарқын үлгісі болып келгені анық. Рухани жаңғырудың заңды жалғасы «Ұлы даланың жеті қырын» оқи отырып, әлемдік өркениетке әсер еткен бабалардың атакәсібі болған, дала мәдениетінің мәйегін тарих тереңінен алақандағыдай көре бастадық. «Ұлы даланың жеті қыры» бізге ат тұяғының дүбірін көз алдымызға елестетеді. Өйткені, ұлан-байтақ ұлы даланың төсінде ат тұяғы тимеген жер жоқ. Халқымыздың көшпелі өмірі аттың жалында, түйенің қомында өткені белгілі. Қазақтың ұлы даласындағы жер үшін қантөгіс шайқастар мен тәуелсіздік жолындағы қырғын соғыстар аттың арқасында өткен. Ел қорғаған батырларды астындағы жүйрік тұлпарынсыз елестету мүмкін емес. Ұлы Отан соғысында техника бара алмаған тау шатқалдарға оқ-дәрілерді тасымалдауда таптырмас көлік болғандығы белгілі.

Асқар Оразақынның «Жылқы жылы» поэмасында; Ұлан байтақ етек жеңі мол далам, Тектен-текке бізге енші болмаған. Бабаларым атпен ғана үлгеріп, Шартарабын шауып жүріп қорғаған; – деп жырлағандай қазақ атауы жылқы есімімен егіз.
Жылқы сүті мен ана сүті төл тарихтың басы. Рухани жаңғыру аясында атқа міну мәдениетін отбасынан, бала тәрбиесінен бастау керек. Ертеректе «Баланы атқа мінгізу» тойын өткізген. Ендігі әңгімем сол жайлы болмақ. Халқымыздың ғасырдан ғасырға жалғасып, ұрпақтан ұрпаққа ауысып отырған көшпенді өмірінде жарық дүниеге келген әрбір перзенттің аттың жалы, түйенің қомында өсіп ержеткені баршаға аян. Бесіктен белі шыққан баланы ең алдымен аттың алдына алып үйретсе, бірте-бірте артына мінгестірген. Алғашқысында тізгінге жармасса, кейінгісінде жүргізем деп тебінеді. Осының бәрі құс балапандарының ұшуға талпынғаны сияқты, нәрестенің өмірге құштарлық нышаны іспеттес. Сәби үш жасқа толғанда атқа мінгізу тойы өткізілген. Ол үшін балаға ашамай дайындаған. Ашамай – кішкентай ер ағаш. Оразақын Асқардың поэмасындағы; «Орын алған жылқы мүшел жылында, Жүген аттау жаман дейміз ырымға. Ашамайға ауыстырып бесіктен, Баламызды балап сүйдік құлынға!» –деген жолдары дәстүрдегі мұралық дүниелерді айқындай түседі. Ашамайдың да ер ағаш сияқты екі қасы (алдыңғы және артқы) екі қапталы, ақпаны болады. Онда үзеңгінің орнында тепкішек бар. Ол киізден тігілген шағын атқоржын. Ашамайдың тағы бір құрамды бөлігі – қолтырмаш. Ал, бұл – ашамайдың алдыңғы және артқы қасын қосып тұратын жіңішке сүйеніш ағаш. Қолтырмаштың бір ұштары қайыс таспамен ашамайдың артқы қасының екі шетіне бекітіліп қойылады. Ашамайға бала мінбеген кезде, қолтырмаштар аттың бүйіріне салақтап тұра береді. Ал, ммінгенде екінші ұшы ашамайдың алдыңғы қасына қайыс таспамен тартып бекітіледі.
Негізі «Қолтырмаш» деген сөздің түбірінен-ақ бұл әбзелдің атқа жаңадан мінген балғынның екі қолтығынан сүйемелдеп тұру үшін жасалғанын аңғару қиын емес. Ашамайда ер ағаш сияқты екі қас болғанымен, оның жасалуы ердің қасына қарағанда аса қарапайым. Ол екі жалпақ тақтайшаны қиғаштап айқастыру арқылы жасалады. Бетіне сырмен ою-өрнек салынады. Жас баланың атқа мінуі – аялы қамқорлықтың бірі. Бұл оқиға ес біле бастаған өспірім үшін естен кетпес қуаныш. Мүмкіндігі барлар «Жоғары елге жорға бие, төменгі елге төбелі бие» сойып, ұланғайыр той жасап, ат шаптырып, балуан түсіріп, көкпар тартқызған. Баланың мінетін атына да шарт қойылған. Ол жуас,әрі жүрісі жайлы, сыр-сымбаты жарасқан болуы керек. Сондай-ак оның жас шамасы баланың өзімен шамалас құнан не дөнен болуы да қадағаланған. Баланың атқа мінетін күні ауыл адамдары түгел жиналады. Аттың жал-құйрығын үкілеп, ашамайлайды. Атқа мінгізу көрінгеннің үлесіне тие бермейді. Оған сол ауылдағы тақымы желді, ат құлағында ойнайтын саңлақ жігіт таңдап алынады. Балдырғанды ашамайдың үстіне мінгізеді де, алдымен екі аяғын тепкішектің бастарына сұғады. Одан соң белін жұқа көрпешемен айналдырып орап, сыртынан қолтырмашағаштарды денесіне ауыртпайтындай етіп тартып таңады.
Ал, ауылдың ардақты ақсақалы бата беріп болған соң,баланың сол қолына аттың тізгінін,оң қолына қамшы ұстатады. Осыдан кейін шашу шашылып, ізгі тілек айтылады. Бүлдіршінді атқа мінгізген жігіт сәйгүлікке отырып, баланың шылбырынан жетелеп, үй алдынан өтеді. Қай үйдің тұсына келсе де шашу шашып, бала киіміне тапқаны үкі тағып, таппағаны теңге, моншақ қадайды. Бала шаршады-ау деген кезде үйге оралады. Бұл қыдырыс үш күнге созылады. Мұндағы мақсат – баланың атқа мінген қуанышына ауыл-аймақты ортақтастырып және оларды осы қуанышқа арналған тойға шақыру. Ертеңіне біреу қойын, енді бірі тайын, құнанын дегендей жетектей келеді.
«Алмақтың да салмағы бар» деген емес пе, бүгін біреудің қуанышына ортақтасса, ертең өзгелердің, өзінің жақсылығына ортақтасатынын жақсы біледі. Бұл – халықтың береке бірлігін нығайтып келген дәстүрлі салт. Шілдехана, бесік той мен сүндет той аралығында өтілетін ескерілмей келген ескі де, есті тойдың бірі.
Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласындағы атқа міну мәдениетін біз осы «Баланы атқа мінгізу» тойынан бастауға тиіспіз. Түркменстанда қалыптасқан салмақты, мәні жойылмаған нақыл сөз бар; «Таңертең атаңмен амандас, сосын атыңмен амандас» деген. Қандай керемет есті сөз! Адамзат баласы өз тарихында жылқыға қаншалықты қарыз екенін білеміз. Сондықтан, өскелең ұрпақ жылқы романтикасын біліп өсуі тиіс. Атты күту, баптау мініске жарата білу мәдениетін меңгеріп өссе нұр үстіне нұр.

Ұлғаным ӘРІПХАНҚЫЗЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.




26 ақпан 2019 ж. 1 912 0