Жеңісті күндерде бірге болайық
2001 жылы Тәуелсіздігіміздің 10 жылдығы қарсаңында, дәлірек айтсам, желтоқсан айының 16-күні, Жаңақорған кентінде жас отбасында Ділманов Нұрханның келіншегі Қожабекқызы Мәдина торсықтай ұлды дүниеге әкелді. Жас нәрестенің есімін Халық Қаһарманы Рысқұлбеков Қайрат Ноғайбайұлының (марқұм) құрметіне «Қайрат» деп мен қойдым. Қайраттың ата-анасының мекен-жайын тауып, анасы Дәметкен Асанбайқызына арнайы хат жазып жібердім. Анасы жауапты көп күттірген жоқ, екеуміз құрдас болып шықтық, маған жауап хат жазды. Ері Ноғайбай баласының ақталғанын көре алмай, іштей құса болып, дүниеден өтіп кеткен екен.
2002 жылы қыркүйек айының 25-27 күндері аралығында Тараз қаласының 2000 жылдығы тойланып жатқан кезде, осы құрдасымның арнайы шақыруымен Тараз қаласына барып, Қайраттың анасы және бауырларымен жүзбе-жүз таныстым. Арада он жыл өткенде, 2012 жылы біздің елге Дәметкен ананың жолы түсті.
Маған дейін ол кісімен ешкім хабарласып, ұлының немесе немересінің атын Қайрат қоямын деп айтпаған екен.
2013 жылы ақпан айының 26-күні таңертең 8 шамасында ұялы телефонымды көтерсем «Дәметкеннің қызы Гүлнәр боламын, кеше мамам дүниеден өтіп кетті» деді. Таңдайым бірден кеуіп кетті, әрі қарай сөйлесуге шамам келмей, трубканы келіншегіме бердім, ұзақ сөйлесті. Менің ұққаным: 25-ақпан күні жүрегі қысылып, таңғы сағат 4-шамасында бала-шағасын оятып, жедел жәрдем шақыруын сұрапты. Дәметкеннің тұрақты мекен жайы: Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы, Бірлік ауылы, Көктерек бөлімшесі. Аудан орталығынан 30 шақырым қашықтықта, жедел жәрдем келем дегенше, үзіліп кетіпті. Көп кешіктірмей жанұясына көңіл айтып жеделхат жолдадым. Бірақ көңілім сейілмеді, ішкі шерім тарқамады, бір нәрсе жетпей тұрғандай болып көрінеді. Ұзақ ойланып Адырбек Сопыбеков ағамызға мынадай өтініш айттым:¨амандық болса құрдасымның қырық күндік асына барып қайтуға ниет етіп жүрмін, сондықтан соған арнап «Арнау» жазып беріңіз деп қолқа салдым. Көп сөзге келмей келісімін берді.
Келісілген күні қайным Нұрхан екеуміз жолға шығып, 2013 жылы наурыз айының 28-күні түстен кейін аман-есен Көктерекке жеттік. Жақындарына көңіл айтып, ас-су ішіп әлденіп алған соң, Қайраттың ағасы Есентай, әпкесі Гүлнәр, мен және Нұрхан төртеуміз ауылмен танысуға шықтық. Бірінші кезекте алдымен сол ауылдағы орта мектепке барып Қайратқа арналған музейдегі экспонаттармен таныстық және қолтаңбамызды қалдырдық (сол мектептің түлегі болғандықтан мектепке Қайраттың есімі берілген). Одан кейін Мәдениет үйінің алдына биік тұғырға қондырған Қайраттың бюстін көрдік (Қайраттың бюсті және Жаңақорған кентіндегі һиссамиддин яс-Сығанақи (Сунақ ата) ескерткішінің авторы – мүсінші Досжанов Болат). Қайраттың бюстін көргенде ұлтжанды ақын Мұхтар Шахановтың мына сөздері есіме түсті: «Студент болып аттанып едің Алматыға оқуға, қайтейін, еліңе оралдың тас мүсін болып өренім». Соңынан бейітке соғып, құрдасымның рухына арнап дұға жасап қайттық.
Кешке қонақасыда бала-шағасын, көрші жақындарын Арнаудың мазмұнымен таныстырып және әдейілеп алып шыққан сый-сияпаттарымды тапсырдым. Алған әсерімді сөзбен жеткізу қиын, бала-шағалары, бауырларының еңселері көтеріліп, маған зор ризашылықтарын жеткізді, көңілдері де босады. Ертеңіне, яғни 29-күні арнайы дайындалған дастарханда мені көпшілікке Қайраттың әпкесі Гүлнәр таныстырды. Ауылдың әкімі көпшілік атынан маған алғыс айтты.
Қайтар кезде Гүлнәр екеуміз кездесіп, былай уағдаластық: «Сіздің алып келген заттарыңыз біз үшін өте құнды, сондықтан Сіздің атыңыздан мен оларды Қайраттың музейіне өткіземін» деді. Естелік ретінде маған музейден Қайрат туралы 2 кітап сыйлады, мен ол кітаптарды аудандық тарихи-өлкетану музейіне өткіздім.
Қайраттың есімін еншілеген Ділманов Қайрат Нұрханұлы биыл кенттегі Н.Илялетдинов атындағы №169-шы орта мектепте оқуын бітіріп, Шымкент қаласындағы денешынықтыру колледжінде білімін жалғастыруда, үлгерімі жақсы. «Келешекте Халық Қаһарманы Қайрат аттасымның атына кір келтірмей, Олимпиада чемпионы болып, қазақтың туын көкте желбіретемін» дейді. Талабына нұр жаусын! Ғасырлар бойы халқымыздың аңсап жеткен Тәуелсіздіктің тұғыры берік болғай, Мәңгілік елдің Ұлы дала қырандары аман болғай! Мен 2002 жылы желтоқсан айының соңғы күндері жоғарыдағы мәселемен Алматыдағы «Хабар» телеарнасының бас офисінде болғанымда, кездейсоқ спорт шолушы Амангелді Сейітхановқа жолығып қалдым. Ол да менің бұл ниетімді қостады. «Жеңісті күндерде жолыққанша, сау-саламат болайық, ардақты Ағайын!»
Сабырқан Тоқымов,
Қазақстанның Құрметті құрылысшысы.
Қазақстанның Құрметті құрылысшысы.