№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Дәметкен апа не дейді?

Дәметкен апа не дейді?



    Біздің Дәметкен апамен кездескендегі қойған сұрағымыз мынау болды. Қайрат бала күнінде қандай еді? - Міне, нақ мына бала құсаған қарадомалақ болатын, - деп жанында үлкен кісіге сәлемдескелі бізбен бірге барып отырған, Дәметкен апаның осы сапарында дәнекер болған, бүгінде №169 орта мектептің 6 сыныбында оқитын (суретте Дәметкен апамен бірге) кішкентай Қайраттың маңдайынан сүйді. Айналайын, Құдай саған менің Қайратымның ғұмырын емес, қайсарлығын, үлкен жүректі азаматтығын берсін. Қатарыңның алды бол, - деп батасын берді. Дәметкен апа одан әрі әңгімесін былайша сабақтады.

     - Жанұямызда ерім Ноғайбай екеуміз 3 қыз, 5 ұл тәрбиелеп өсірдік. Қайратым 1966 жылы 13 наурызда дүниеге келді. Отағасым - зоотехник, өзім орталықтан жүз шақырым шалғайда тауарлы сүт фермасында сауыншы болдым. Екеуміз де шаруа жайымен үйде болмаймыз. Балаларымыз үкіметтің интернатында жатып оқыды. Қайрат орта мектептен соң 1983-1985 жылдары Архангельскіде әскери борышын өтеді. Оқуда озат, мектепте жүргенде комсорг боп, қоғамдық жұмысқа белсенді араласқан Қайраттың атына әскердегі командирлерінен алғыс хат алып тұрдық. Әскерден оралған соң Алматыға барып өз күшімен құрылыс-сәулет институтына оқуға түсіп кетті. Інісі Талғат екеуі бірге аттанып, екеуі де жоғары оқу орны студенттері атанып, алғашқы айда ауыл шаруашылығы жұмысына кетті. Біз де өз тіршілігімізді айналдырып жүріп жаттық. Алматыдағы желтоқсан оқиғасын еміс-еміс естісек те біздің отбасымызға дәл осындай қайғы әкелер қасіретке айналары ойымызға да кіріп шықпапты. Жаңа жыл күні Қайраттың жатқан жерінен милициялар келіп, сурет бойынша танып, ұстап әкеткенін естіп, жылап-еңіреп Алматыға жеттім. Темір тордың аржағында отырған боп-боз шүберектей боп кеткен балама сыр бермегенсимін.
     - Есіміңді Қайрат қойып ек, Қайратты бол, балам-деймін өзімше күйреп кетпесін деп бекемденіп. - Апа, менің ешқандай жазығым жоқ деді. Қайратым әлі ақ кінәсіздігім дәлелденіп, ақталамын, жыламаңыз апа! тергеушілер менен де жауап алып үш-төрт жігіттің ортасында қолына әлдене ұстап тұрған Қайраттың суретін көзіме нұқып: Аңшы аңға шыққанда қолына қару алып қандай мақсатпен шығады? - деп сұрақ қойды. Міне, сенің балаңда да сондай мақсат болған, - деп нығыртып ескерту жасады. Жазған басымыз екі жылдай Алматы мен екі араны жол қылдық. Бір өкініш, бір үміт. Қайратқа кісі өлтірді деп айып тағып отыр. Бар дәлелдері суреттегі төртеудің белсеніп алдыңға сапта келе жатқаны. Соттың өзі екі айға созылды. Ақыры соңғы нүктесі де қойылды.
    Сот Қайратты ату жазасына кесті. Мен отырған жерімде есімнен танып құлап қалыппын. Бар дәрменімді жиып Қайратыммен кездесуге рұқсат алдым. Екі жыл бойы қылмысын мойнына алу үшін әбден қинап, тесілмеген жері қалмаған құлынымды қапастан құтқарар қандай амал табарымды білмей шарқ ұрып, біз кезде "Горбачевтың алдына барам" деген жандалбаса жоспарыма үмітсіз жауап қатқан ұлым: Менің жанымдабір қазақ жігіті жатыр. Сол желтоқсан оқиғасы күндері автобуста кілең орыстың ішінде жалғыз қалып қойып, бәрі бұған жабылады. Қорғанамын деп жүріп, қолындағы бәкімен бір орысты өлтіріп қойған. Осы жігіттің қария жасындағы ата-анасы Мәскеуге барған екен, Кремльдің маңдайына да жолатпай, босқа қайтты. Әуре болмай-ақ қойыңыз, - деді. Не керек, ату жазасы 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды. Әйтеуір жер басып тірі жүретінін дәтке қуат қып ауылға мен қайттым. Қайратты Семейдегі түрмеге алып кеткен еді. Екі-үш күн өтпей совхоз директорының машинасы кеп, мені орталыққа шақырып жатыр деді. Келгенше жыл өткендей болды. Есік алды қара-құра адам. Біреуі Қайратымның қаза болғанын естіртті. "Қайрат өз-өзіне қол жұмсапты". Бұл сөз менің құлағыма кірер емес, мүмкін емес. Көңілім сенбейді. Көзіңмен көріп, көңілің сенетіндей мәйітіне де қолымыз жетпеді. Кейіннен білдік, біздің атымыздан телеграмма жолданып: "Бара алмаймыз, сонда жерлей беріңіздер" деген хабар жөнелтіліпті. Қайраттың денесіне өз қолымызбен топырақ та сала алмадық. Тіпті совхоз директорының пәрменімен мені үйге бір-екі күн де аялдатпай жұмысыма апарып тастады. Кейін ойласам, әркім бірнәрсе деп, жол көрсетіп заң қуалап жүрсе, шикіліктің ұштығы ашылып қалар деп қауіп қылған екен-ау. Фермаға барғаныммен он күн бойы қолым іске бармай қаптаған ойдан шыға алмай омалып отыра берем.  Қайратты үстіндегі ескі мәйкісіне буынып өліп қалды дегенге сенбеймін. Күйеуім Қайраттың жанына жатқызылған, бұрын адам өлтіріп қылмысты болған Власенко дегенге жолығудың ретін тауыпты. Шындықты айтсаң мен сені шығарып алуға көмектесем депті. Ол шынын айтып беріпті. Түрме бастықтарынан Власенкоға Қайраттың ұйықтап жатқан кезінде өлтіруге тапсырма беріліпті. Қайраттың қапыда айрылған азабым аздай, бес жыл бойы айналадан көрген қорлығымыз одан сайын жанымызды қарыды. Бәрі бізді көрсе теріс айналып, үйімізге бас сұғудан қалды. Желтоқсаншылар ақталып, елге жария етілген соң ғана басымызды көтеріп, жұртқа тура қарай алатын болдық. 1991 жылы мені Семейге, Қайраттың басына ескерткіш-бюст қойылуына орай жиынға шақырды. Қалада бүкіл транспорт қозғалысы тоқтатылып, Қайратты еске алу рәсімі орындалды. Қала мектептері оқушылары лек-легімен жиналып, ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Тараз қаласының әкімшілігінен телефон шалып, қала орталығынан екі бөлмелі пәтер берілетінін айтып, ордерін табыстады. Осы күні Тараз қаласының әкімі телефон соғып, "мен сізге өз қалтамнан көлік мінгізейін деп едім, сізге қандай көлік керек? - деп сұрады. Мен не айтарымды да білмедім. "Ауыл арасына жүріп тұруға жарайтын болса жетеді де" деппін. Сонымен ол "Жигули" автокөлігін сыйлады. 1996 жылы 16 желтоқсанда Алматыға шақырылдым. Елбасының Жарлығымен Қайратқа "Халық қаһарманы" атағы берілетін болыпты. Екі адам дайындалып тұрмыз. Бірі халық әртісі Роза Бағланова. Біріншісі сол кісінің есімі аталды. Әнші апамыз барып атағын алып, ақ патшаның атына әдемі-әдемі сөздерін арнады. Екінші кезекте мен шықтым. Елбасы сөз сөйлеп Қайраттың  ерлігі ұмытылмайтыны, оның бүгінгі жарқын тәуелсіздігімізді орнатуға қосқан өзіндік қолтаңбасы жөнінде айтып, менің атыма да жылы лебізін жолдады. Бір ауыз сөз қатуға шамам келмей, тамағыма лықсып келген өксік буып, бүкіл көрген азабымды Елбасы алдында ақтарып салуға өз-өзімді әрең ұстап, басымды жерден көтермедім, - дейді қайран ана.
Құлынының бір түн тыныштығының бұзылмауын атаққа да, алтынға да айырбастығы келмейтін шіркін ана жүрегі-ай, перзентінің екі жыл бойы шеккен азабы еске түскенде шыбын жаның шырқырап кететін сенің жүрегіңнің дертін кім емдеп жаза алар?
Ешкім де... ешкім де...
Құдырет өзі есіркеп, қуат берсін дегеннен басқа не дейік?...
14 желтоқсан 2018 ж. 1 088 0