№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » СЕРІҚҰЛ АЛДАБЕРГЕНОВ: АЛАШ ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ ҚАЙРАТКЕРІ

СЕРІҚҰЛ АЛДАБЕРГЕНОВ: АЛАШ ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ ҚАЙРАТКЕРІ


Алаш қозғалысының 100 жылдығы аталып өтіп жатқан тұста алаштық қайраткер Серіқұл Алдабергеновтың есімі мүлдем аталмай қалды. Туған жері Жаңақорған ауданында оның есімі ұлықталып, мектепке, көшеге берілуі керек еді. Ештен кеш жақсы дегендей, осы бағытта игілікті істі қолға алған Хасен ағамыз Байкенже ауылына алып баратын күре жолдың бойына «Алаш қайраткері Серіқұл Алдабергеновтың ата-жұрты» деген атпен ескерткіш белгі орнатты. Рухани жаңғыруды іске асыру барысында ел үшін қызмет еткен, соңына елжандылықтың, ұлтқа қызмет етудің өнегесін қалдырған тұлғаларымыз ұлықталуы керек десек, Хасен ағамыздың бұл игілікті әрекеті мұсылманшылық жолмен сауапты іс. Ал зайырлы қоғамның саясатында тарихи танымды тірілтуге, рухани мұраны жаңғыртуға қызмет ету. Хасен ағамыз рухани жаңғыру идеясына әрбір азаматтың қалай қызмет етуінің өнегесін көрсетіп отыр.
Қазақ елі мен жерінің тарихын тұтас бірлікте тануымыз үшін ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі Түркістан өлкесінде кең өріс алған ұлт-азаттық қозғалысты Алаш қозғалысымен тарихи сабақтастықта салыстыра қарастырудың маңызы зор. Өйткені, бұл екі қозғалыс бірін-бірі толықтырған ұқсас, сонымен бірге бір-бірінен ерекшеліктері де көп дара құбылыстар болғандықтан да оларды өзара ықпалдастықта қарастырған орынды болады. Алаш қозғалысының 100 жылдығы аясында осы құбылыстың тарихын зерттеудің маңызы үлкен. Менің кандидаттық, докторлық диссертацияларым осы мәселелерге арналғандықтан түркістандық қайраткерлерді тұлғаландыру басты мақсатым болған еді.
Тарихи оқиғаларды тұлғаландыру дегеніміз – тарихты тірілту, оны нақты адамдардың нақты іс-әрекеттері, мінез-құлықтары арқылы тану деген сөз. Тұлғаландыруды әр кәсіп иесі өз қағидаларымен, өлшемдерімен іске асырады. Ғылыми тұлғаландыру нақты дерекке жүгінеді, көркемдік тәсілдер оған жат. Ал Алаш қозғалысының тарихы дегеніміз оған қатысқан жеке тұлғалардың да тарихы екендігі белгілі. Тарихи әдебиеттерде Алаш партиясына мүше немесе оған тілектестікте болған 500-ден астам жеке тұлғалардың есімдері белгілі. Бұл сан алдағы уақытта одан да ұлғаюы әбден мүмкін. Осы аталған әрбір тұлғаның өмірбаяны қалпына келтірілсе Отан тарихының мазмұны бұрынғыдан да толыға түсер еді. Әзірге Алаш қайраткерлерінің басым бөлігінің тарихи өмірбаяны қалпына келтіріле қойған жоқ. Тарихшылардың назары ауа қоймаған сондай алашшыл тұлғалардың бірі – жерлесіміз Алдабергенов Серқұл. Түркістан уезінде туып өсіп, Түркістан өлкесіндегі Алаш қозғалысының көрігін қыздырған Серіқұлдың өмірі мен қызметінің өнегесін тірілту бүгінгі күнгі рухани жаңғыруға қызмет етеді.
ХХ ғасыр басында Түркістан өлкесі мен қазақ облыстарындағы ұлт қайраткерлерінің бағдарламалық құжаттарында дәстүрлі қоғамдағы кертартпалық пен отаршылдыққа қарсы күрестің дәлелдері айқындалып, билік институттарын конституциялық жолмен реформалау идеясы қалыптасты. Бұл іс-әрекетте өмірі мен қызметі өлкедегі қоғамдық-саяси оқиғалармен біте қайнасқан Алаш зиялыларының жұмылдырушылық қызметі аса зор еді.
Түркістан ұлт-азаттық қозғалысында 1917 жылдың қарсаңында өлкедегі барлық халықтардың күш-қуатын ортақ мүддеге топтастыру қажеттігі өткір сезілді. Содан да ұлттық бірлікке қол жеткізу аса маңызды болатын. Осы тұрғыда қарастырар болсақ түркілік және мұсылмандық қозғалыстардың арасында идеялық алшақтық жоқ, қайта оларды отаршылыққа қарсы күреске топтастыратын ортақ мүдде, ортақ күрес тәсілдері жеткілікті еді. Ташкенттегі іргелі оқу орындарының бірі - ер балаларға арналған гимназияны бітірген, ескіше, жаңаша сауатты С.Алдабергенов бұндай ұлт-азаттық идеялармен жақсы таныс болды.
Алдабергенов Серіқұл 1883 жылы қазіргі Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы Байкенже ауылдық округінің аумағында туған. Әкесі Алдаберген қажылық сапарында дүние салған екен. Серіқұл сегіз жасында Жөлектегі орыс-бұратана мектебінде білім алады. 1893 жылы Ташкенттегі ер балаларға арналған сегіз жылдық гимназияға оқуға түскен. Оқу орнын он сегіз жасында «Суды пайдалану және жерді игеру» мамандығы бойынша бітірді. Туған жері Төменарыққа келіп, елдің ісіне араласып, арық қаздырып, халыққа егін ектіреді.
С.Алдабергенов 1904-1912 жж. Перовск уезі бастығының орынбасары қызметін атқарды. Ол уездегі отарлық биліктің құрамына тартылған жергілікті ұлттың өкілі ретінде Сыр бойындағы тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық дамуына өз мүмкіндігінше үлес қосты. 1912 ж. Төменарық (ол кезде Приречный деп аталған) болысының басқарушысы болып сайланды. Ташкентте Мұстафа Шоқай арқылы «Кеңес» үйірмесінің жұмысына қатысып, саяси жұмыстарға тартылады. Сол кезде С.Өтегенов, Қ.Қожықов, С.Ақаев, А.Оразаев, С.Қожанов және т.б. ұлт зиялыларымен араласады.
С.Өтегенов пен С.Алдабергеновтер 1917 ж. Орынборда өткен Бірінші Жалпықазақ съезіне М.Шоқаймен бірге қатысып, съезд аяқталған соң Түркістанға бірге қайтқан, ежелден дос-сырлас адамдар еді.
Қазақ ұлтының тәуелсіздік мәселесін қараған 5-13 желтоқсан 1917 ж. Орынбор қаласында өткен Жалпы қазақ-қырғыз съезінің қаулысында Сырдария облысынан қатысқан делегаттарының қатарында С.Алдабергенов те болады. Осы съездің делегаттары Алаш автономиясын жариялау туралы мәселеге дауыс беруде екі жікке бөлінеді. С.Алдабергенов «Алаш автономиясы күні бүгін ресми иғылан етілсін деп тас салғандар» арасында болды.
Бірінші Жалпықазақ съезінде көтерілген қазақ даласындағы ұлттық бірлік, ұлттық мемлекеттілік түріндегі алаштық идеяны Түркістанда іске асыруда бірқатар ерекшеліктер болды. Атап айтқанда, оның ең бастысы - өлкедегі Сырдария және Жетісу облыстарын қазақ еліне қосуға бағытталды. Ұлт мүддесін ұлықтап, тәуелсіздік идеясын Түркістан өлкесінде тынбай насихаттаған қайраткерлердің бел ортасында Алдабергенов Серқұл да болған еді.
1917 жылы большевиктердің Ташкентте билікті күшпен тартып алуы Қоқан қаласында құрылған Түркістан автономиясы үкіметінің тынысын тарылта түсті. Ұлт-азаттық қозғалыстың дәстүршіл күштерінің, өкілі ақмешіттік Сералы Лапин большевиктермен ымыраласу жолдарын қарастырды. Өйткені, большевиктік билік ұлттық мемлекеттік құрылыммен санаспады және оның талаптарына құлақ аспады. Осыған байланысты мәлімдеме жасаған Сералы Лапин 6 қаңтарда Түркістан қаласында өтуі тиіс Сырдария облысы қазақтарының съезіне қатысудан бас тартса, Мұстафа Шоқай Қоқан автономиясындағы үкіметтік дағдарысқа байланысты съезге қатыса алмады. Большевиктердің Ташкентте билікті күшпен тартып алып, кеңестік билік орнатуы өлкедегі ұлтжанды қайраткерлерді ұлттық бірлік, мемлекеттік тұтастық идеялары бойынша шұғыл әрекетке көшуге итермеледі. Осыған байланысты Қоқан автономиясы үкіметінің басшысы М. Шоқайдың және Алашорда үкіметінің басшысы Ә.Бөкейханның бастамасымен 1918 жылы 5-9 қаңтары аралығында Түркістан қаласында Сырдария облысы қазақтарының съезі өтті. Бұл съезд өзінің мәртебесі бойынша Алаш қозғалысының съезі болды. Түркістан өлкесі қазақтарының Алаш автономиясына қосылу мәселесін күн тәртібіне қойған съезге негізін Сырдария облысының делегаттары құраған 82 өкіл қатысты. Алашорда үкіметі атынан Б. Құлманов, М. Дулатов, Т. Құнанбаевтар қатысқан съездің қабылдаған шешімдері біртұтас қазақ мемлекеттілігін қалыптастырудағы ұлттық элита қызметін айшықтай түсті.
Қазақ хандығының астанасы болған Түркістан қаласы жаңа жағдайда ұлттың рухани орталығы болып танылған тарихи миссиясын осы жолы да атқарды. Алаш зиялылары съезде ұлттық мемлекеттіліктің аса маңызды белгісі – территориялық тұтастыққа қол жеткізу идеясын алғаш рет көтерді. Осы съезді шақыруға байланысты Ә.Бөкейханов пен М.Шоқайдың «Қазақ» газетінде жарияланған «Сырдария облыстық съезін шақыру туралы» жеделхатында «съезге болыс басы бір кісінің үстіне мына кісілер арналып шақырылды» деген тізімде С.Алдабергеновтің есімі аталады. Съездің ұйымдастыру жұмысында Түркістан төңірегінде туып өскен Садық Өтегенов, Сұлтанбек Қожанов, Қоңырқожа Қожықов және Серіқұл Алдабергеновтер белсене қызмет жасаған.
Архив қорларынан қолға іліккен тапшы деректердің өзі Серіқұлдың Алаш қозғалысының белсенді өкілі болғандығын айғақтайды. Оның қоғамдық-саяси қызметін ғылыми тұрғыда қалпына келтіруге септігі тиетін тарихи құжаттар Өзбекстан Республикасының архивтерінде және қауіпсіздік комитетінің архивтерінде сақтаулы. Олар әзірге ғалымдар үшін қолжетімді болмай тұр. Демек, Серіқұлды, онымен қатар қаншама алаштық тұлғаларымызды толығымен тануымыз үшін әлі де біршама уақыт керек сияқты.
С.Алдабергенов Ташкенттегі ерлер гимназиясын өзінен кейін бітірген Жорабек Есенов (Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті Шахмардан Есеновтың әкесі) және інісі Бабабек Есеновтермен тығыз араласқан. 1918 жылдары Серіқұл мен Жорабек Перовск уездік атқару комитетінде бірге қызмет істеген. Серіқұл жер бөлімінің бастығы болса, Ж.Есенов уездік милицияның бастығы болған. Жергілікті халыққа өте жайсыз тиген уезд бастығы шовинист И.Гержод (жергілікті халық оны «көржұт» деп атаған) билікке араласқан ұлт зиялыларын террорлық жолмен қуғын-сүргінге ұшыратқан. А.Бибасарұлының деректерінде Ж.Есеновтың көмегімен атылудан аман қалған С.Алдабергенов өзінің ағайын-туыстарымен Қызылқұмға, одан әрі Өзбекстанға көшіп кетеді.
И.Сталиннің Қырғыз өлкелік партия комитеті бюросының мүшелеріне 1925 жылдың мамырында жазған «Ақ жол» газетін қайта құру туралы» хатында эмиграцияда жүрген М.Шоқайдың Қазақстандағы интеллигенциямен байланысы сөз болып, оларды партиялық және баспасөз қызметінен аластау мәселелері көтеріледі. Осы қаһарлы хаттың ықпалымен Қазақстанда М.Шоқаймен араласқан зиялылардың бәрі де қара тізімге алынып, құқық қорғау органдары тарапынан қуғынға түсті. Осы хаттың ызғарымен С.Алдабергенов Алаш қозғалысына қатысқандығы және М.Шоқаймен байланысы үшін қуғындалды.
1934 жылы 28 маусымда С.Алдабергенов Самарқанд қаласы төңірегіндегі Қаражантақ деген жерде ұсталып, қамауға алынады. Оған контрреволюциялық ұйымның басшысы болды, жергілікті халықты ауа көшіруге әрекет жасады деген айып тағылып, 1935 жылы 25 наурызда Шымкент қаласында НКВД Айрықша кеңесінің шешімімен Красноярск өлкесіне 5 жылға жер аударылған. Оның кейінгі тағдыры белгісіз. Бұл қылмыстық іс бойынша Алдабергенов Серіқұлмен бірге, Созақ ауданының тұрғыны, бұрынғы болыс Исаев Жанәділ де жауапқа тартылған.
Жаңақорған топырағында туып-өскен Серіқұл Алдабергеновтың Алаш қозғалысына белсене араласуы біріншіден, осы өңірдің де аталған оқиғалардан сырт қалмағандығын танытса, екіншіден, ел тәуелсіздігі жолындағы қозғалысқа осы өңірдің өкілдері де лайықты үлес қосқандығын танытады. Демек, Серіқұлдың қоғамдық-саяси қызметі елдің мақтанышы болуымен бірге кейінгі ұрпақтың елжандылығына өнеге болмақ.

Хазретәлі ТҰРСҰН,
тарих ғылымдарының докторы, профессор.
02 қазан 2018 ж. 1 778 0