Ойнап жүріп, ой түзейді

Бүгінде сауда сөрелері бала түгілі үлкенге үрей сыйлайтын ойыншықтарға лық толы. Арасында қорқынышты құбыжықтар да аз емес. Лабубу, Лапка, Хаги баги сынды ойыншықтар әлеуметтік желілер арқылы танылып, балаларды ғана емес, ересектерді де қызықтыра бастаған. Бүгінде оны сөмкеге тағатын сәндік аксессуар ретінде қолданатындар қатары артты. Бірақ бұл ойыншықтың түпсанаға әсері қандай? Қарапайым ғана қуыршақ па, әлде жасырын қатер ме?
Бала ойнап өседі. Бүкіл ой – арманын, қуанышы мен ренішін ойын арқылы сыртқа шығарып, ой қорытатыны белгілі. Сондықтан, ойын – жай ермек емес, бұл – баланың шынайы өмірді танып-білу тәсілі десек болады. Ойын барысында бала рөлге кіреді, бірде дәрігер, бірде ана, енді бірде батыр немесе мұғалім болады. Осылайша ол өзін түрлі жағдайда елестетіп, болашағын бағдарлауға, өзінше ой қорытуға, жауапкершілік алуға тырысады. Демек, ол қоғаммен қарым-қатынасқа, мәдениет пен ұлттық құндылықтарды бойға сіңіруге ықпал ететін маңызды дүние. Қазіргі таңда экрандағы зорлық-зомбылық көріністерінен кейін балалар сол кейіпкерлердің ойыншық нұсқасын сұрап жатады. Бұл – қауіпті үрдіс. Себебі бала ол кейіпкерге еліктеп, мінез-құлқын қайталауға тырысады. Ал егер ойыншық – мейірімді, қамқор, әділетті кейіпкер болса, бала да соған ұқсап бағады. Бұл – тұлға болып қалыптасудың алғашқы баспалдағы десек артық болмас.
Осы дүниелерді ескеріп қарағанда, бүгінде трендке айналған Хаги-баги, Лабубу, яғни тісі ақсиған, ұзынқұлақ эльф кейіпіндегі ойыншықтардың бала дамуына кері әсер ететіні сөзсіз. Тіпті жаһан жұртының психолог мамандары да атаулы ойыншықтардың сыртқы пішіні – қатыгездік, қорқыныш, алаңдаушылық сияқты сезімдерді оятатынын, бала бойындағы мейірімділік, бауырмалдылық сынды қасиеттердің жоғалуына ықпал ететінін айтып-ақ жатыр. Ал ғалымдар бұл ойыншықтың бала бойында агрессия мен үрей тудыруы ықтимал екенін де жоққа шығармайды.
Ойыншық – таңдау ғана емес, тәрбие құралы
Көп ата-ана ойыншық таңдарда баланың көңіліне қарағанымен, оның материалына, жасалу технологиясына, химиялық құрамына аса мән бермейді. Бұл – үлкен қателік. Өйткені ойыншық тек ойын құралы ғана емес, ол – тәрбие құралы, даму көзі. Бірақ дәл қазір отандық нарықты арзан, сапасыз, химиялық қоспасы көп, улы заттармен өңделген қытай ойыншықтары жаулап алған. Бұл өнімдер көз тартарлық көрінгенімен жас баланың денсаулығына айтарлықтай зиян келтіруі мүмкін.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау мамандарының айтуынша, ойыншық бояуының қолға жұғуы, өткір иіс шығаруы, қаптамада тиісті ақпараттың болмауы – өнімнің сапасыз екенін білдіреді. Ондай ойыншықтардың құрамында фенол, формальдегид сияқты улы химиялық заттар кездеседі. Бұл заттар тыныс алу жолдарын, көру мүшелерін, жүйке жүйесін зақымдауы мүмкін. Аса қауіптісі – бала бұл ойыншықтарды тістеп, тілімен жалап, шайнап көреді. Яғни у ағзаға тікелей өтеді. Ал мұндай заттар аллергия, тыныс тарылуы, тері бөртпесі, тіпті улану секілді ауруларға апаруы мүмкін.
Бұл жөнінде аудандық санитариялық эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Шынар Айдаровамен тілдескен едік.
– Балалар үшін ойыншықтардың маңызы зор. Бізде қарапайым халық ойыншықтың сапасына назар аудармайды. Ойыншықтардың барлығы дерлік Қытайда өндірілген. Тұтынушылар ойыншықты сатып аларда оның сапасына, бояуына, зат таңбасына кейбір ойыншықтарды қолға ұстағанда бояуы қолға жағылып кетеді. Бұл аса зиянды. Әсіресе жасыл, ақ, қызыл түстерінде табиғи ешнәрсе жоқ тек қана жасанды. Балалар ойыны мен ойыншықтарына олар¬дың сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін бірқатар талаптар қойылады, өйткені ойыншық баланың денсаулығы мен өміріне қауіп төндірмейтіндей болып жасалуы қажет. Ойыншықтардың тұтыну орамасында немесе жапсырмасында қандай жастағы балаларға арналғаны туралы көрсетілуі керек. Сондай-ақ тұтынушы сәйкестік сертификатын сұрағаны абзал. Ол сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжат. Өткір иіс болса, химиялық қосындысы барын бірден аңғаруға болады. Бетін салфеткамен сүртсе, түсі кетіп қалатын ойыншықтардан аулақ болу керек. Ондай ойыншықтардың сапасыз екені, баланың денсаулығына зиян екені анық. Бірақ, оның бала денсаулығына қалай әсер ететін ешкім болжап айта алмайды. Аллергия шығуы, улануы мүмкін, – дейді маман.
Демек ойыншықтардың бала психологиясына әсеріне ешкім бас ауыртып жатқан жоқ. Осы орайда, психолог маман Аида Айнақожаева былай дейді.
– Бала психикасына ойыншықтың үлкен әсері бар. Ата ана осыны зерттеуі керек. Бала бұл ойыншықты неге таңдады? Егер ойыншық баланың жас ерекшелігіне сай таңдалса баланың дамуына әсер етеді. Кейінгі ойыншықтардың көбі баланың даму процесін тежейді. Құбыжыққа ұқсас кейіпкерлер – біздің мәдениетімізге жат. Біз ертегілерде мыстан мен жалмауызды білсек те, олармен ойнап өскен жоқпыз. Ал лабубуға қызықса алып береміз. Бірақ оның қандай мазмұн, қандай эмоция беретінін түсініп жатпаймыз. Бұл – үлкен қателік. Меніңше, бала қорқыныш емес, мейірімді еске алатындай ойыншықтармен өсуі тиіс. Ойыншық – баланың дүниетанымын кеңейтуге көмектеседі. Баланың өмірді тануы, айналамен қарым-қатынасы, психологиялық ерекшеліктері ойын арқылы қалыптасып дамиды. Өйткені ойыншық арқылы бала қорша-ған ортаны зерттейді. Ойыншықтары арқылы өз сезімін білдіріп, іс-әрекеттерін үйлестіру қабілетін қалыптастырады, – дейді психолог маман.
Лабубу – жай ғана ойыншық па, әлде жасырын символ ма? Бір жағынан, бұл – заманауи өнер мен маркетинг жетістігі. Екінші жағынан – бала психикасына әсер ететін күшті құрал. Ата-ана ретінде біз осы екі шындықтың ортасында дұрыс таңдау жасауымыз керек. Демек, түсінгеніміз ойыншық – тек ермек емес. Ол – баланың ертеңі мен танымына әсер ететін құрал. Сондықтан да әрбір ата-ана сәннен бұрын, сананы ойлағаны жөн.
Мемлекеттік бақылау керек
Сарапшылар ойыншықтың жай ғана тауар емес, ұлттық қауіпсіздікпен байланысты құрал екенін баса айтады. Сондықтан да бұл салада қатаң бақылау мен жауапкершілік қажет. Қазіргі таңда Қазақстанда ойыншықтар «Ойыншықтардың қауіпсіздігі туралы» Кедендік одақ техникалық регламентімен реттеледі. Бұл құжатта ойыншықтардың сапасы, қауіпсіздігі, жасы мен санитарлық талаптары нақты көрсетілген. Дегенмен, бұл талаптардың бәрі сауда орындарында мүлтіксіз орындалып отыр деу қиын.
Сырттан келетін арзанқол өнімдерді қатаң сүзгіден өткізу керек. Әсіресе, базарлар мен интернет-дүкендердегі ойыншықтардың тексерілуі – басты міндет. Бұл жерде тек мамандар ғана емес, ата-аналардың да жауапкершілігі жоғары болуы тиіс. Себебі әрбір баланың денсаулығы – ең алдымен ата-ананың өз қолында. Атап айтсақ, «Жұмысбастымын», «Шаршап жүрмін» деп, баланы экранға табыстап қойып, тәрбиенің тізгінін YouTube-ке беру – қауіпті. Ертегі тыңдап, бесік жырымен ұйықтаған баланың әлемді қабылдауы мүлде бөлек. Ол тыныштықты, жылылықты бойына сіңіреді. Мейірімділік, қайырымдылық сынды құндылықтар ерте жастан қалыптасады.
Ойыншық – баланың досы, ұстазы ретінде оның саналы азамат болып қалыптасуына көмектесуі керек. Әрбір ата-ана баласына ойыншық сыйламас бұрын, оның тек сыртқы жылтырағына емес, ішкі мазмұнына, сапасына, қауіпсіздігіне көңіл бөлуі тиіс. Ұрпағымыз ұлтжанды, дені сау, ойы сергек болып өссін десек, ойыншық таңдауда бейқамдық танытпайық!
Әсел РЗАЕВА



