Жер – халықтың қазынасы

Осыдан бірер жыл бұрын Жаңақорғанда мемлекет меншігіндегі жерлерге қатысты заңсыз әрекеттер әшкере болып, үлкен дау туындаған болатын. Осыған байланысты құзырлы органдар тарапынан тексеріс жүргізіліп, көптеген құқық бұзушылықтар анықталды. Яғни, 2020 жылдан бері бірнеше жер заңнамаларының сақталуына жүргізілген тексеріс нәтижесінде аудан бойынша 989 заң бұзушылық анықталған. Анықталған кемшіліктер бойынша заң талаптарына сай жұмыстар атқарылып, сотқа талап арыздар жолданған. Бұл аудандағы жауапты мекемелердің нақты мәліметі. Апта басында аудан әкімдігінде осы түйіткілдерге қатысты құқықтық оқу өткізіліп, түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Аудан әкімінің орынбасары Бақтияр Ахметовтың төрағалығымен өткен жиынға облыстық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Рысбек Шайхиев, басқарманың жер учаскелерін беру және алып қою ұсыныстарын дайындау бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Ақылбеков, ауыл әкімдері және жауапты сала мамандары қатысты. Күн тәртібінде үш мәселе қаралып, талқыланды. Бірінші, анықталған заң бұзушылық бойынша уәкілетті орган тарапынан жалпы атқарылған жұмыстардың есебі тыңдалды. Екінші, заң нормаларына байланысты түсіндірме жұмыстарын жүргізу, үшінші, жер учаскесін табыстайтын кезде туындайтын мәселелер талқыланып, тиісті кеңестер берілді.
– Заң нормаларын бұзу фактілері әлі де орын алуда, сондықтан құқық бұзушылықтың алдын-алу мақсатында түсіндірме жұмыстарын жүргізуді жөн деп санаймыз. Алдағы уақытта осы тектес заң бұзушылықтар орын алмас үшін арнайы құқықтық түсіндірме жұмыстары жүргізілетін болады. Бүгінгі жиын соның бастамасы. Облыс орталығындағы жауапты тұлғалардың қатысуымен туындаған сауалдардың нақты себебін білуді көздедік, – деді әкім орынбасары.
Алдымен анықталған заң талаптарын бұзушылық деректері бойынша уәкілетті орган тарапынан атқарылған жұмыстардың есебі тыңдалды. Аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі басшысының орынбасары Серік Сейдуалиев баяндама жасады.
– 2024 жылдың қорытындысы бойынша жер саласында орын алған заң бұзушылықтар тіркелген және оларды қалпына келтіру бойынша жұмыстар атқарылды. Яғни, жер қатынастары саласындағы қабылданған құжаттардың заңдылығына тиісті уәкілетті органдар тарапынан тексеру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде бірқатар бұзушылықтар анықталып, ұсынымдар мен нұсқамалар берілді, – деді баяндамашы.
Нақтылап айтқанда, аудандық прокуратураның аудан әкімдігіне берген ұсынымында аудан әкімдігімен қабылданған 99 қаулы бойынша заң бұзушылықтар анықталған. Оның ішінде, 52 қаулы бойынша «Е-лицензиялау» ақпараттық жүйесінде жер учаскесінің пайдалану мерзімін көрсететін ұяшық қарастырылмағандығы дәлелденген. 36 қаулыға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілген. Сондай-ақ, аудандық прокуратура тарапынан кент әкімдігіне берілген ұсынымында кент әкімдігімен қабылданған жалпы саны 203 шешім бойынша заң бұзушылықтар анықталған. Оның ішінде 190 шешім бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, 5 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылған. 8 жер учаскесі бойынша сотқа талап арыз беріліп, бүгінгі таңда аталған жер учаскелері сот шешімдерімен мемлекетке қайтарылыпты.
Қызылорда облысының жер ресурстарын басқару департаментінің Жаңақорған ауданы әкімдігіне берілген нұсқамасы бойынша жалпы 18 мәселе қаралып, барлығы 187 қаулы бойынша заң бұзушылық анықталған. Оның ішінде, 86 қаулы бойынша өзгерістер енгізіліп, 23 қаулы бойынша қаулы көшірмелері пошта арқылы жер пайдаланушыларға жолданған. 46 қаулының күші жойылып, келіспеген 32 заң бұзушылықты жою үшін аудан әкімдігі тарапынан сотқа тиісті талап арыздар берілген. Сот тарапынан талап қоюшыны тиісті емес талап қоюшы деп танып шешім шығарылғандықтан, қазіргі таңда сотқа талап арыздар облыстық жер ресурстарын басқару департаменті арқылы берілуде.
– Қызылорда облысының жер ресурстарын басқару департаментінің аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөліміне берілген нұсқамасы бойынша 755 заң бұзушылық анықталған. Оның 531-і жер учаскесін жалға алу шарттары және 224 жер учаскесін қалыптастыру жөніндегі жерге орналастыру жобаларын бекіту бұйрығы. Аталған барлық заң бұзушылықтар мерзімінде жойылып, 389 шартқа тиісті өзгерістер енгізілген. 327 шарт пен бұйрық жойылса, 39 шарт бойынша алдағы уақытта мерзімді сақтау мақсатында бөлім мамандарымен құқықтық оқу өткізу ұйымдастырылып, хаттамасы департаментке ұсынылған, – деді тиісті сала өкілі хабарламасында.
Келтірілген дәйектерге қарап, осынша жер көлемінің заңсыз саудаға түсіп, «бармақ басты, көз қыстының» құрбанына айналып кеткені айдан анық болды. Заңсыздықтар анықталып, жер мемлекет меншігіне өтіп, «арды емес, пайда ойлаған» тоғышар пиғылдының құрған торының көбесі сөгілгеніне толық көз жетіп отыр.
Тағы бір жайт, облыстық жер ресурстарын басқару департаменті аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөліміне ішкі бақылау жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде бөліммен жер пайдаланушылар арасында жасалған 34 шартқа тиісті өзгертулер енгізіліпті.
Бұдан бөлек, облыс көлемінде арнайы жұмыс тобының инженерлiк тұрғыда әзiрленген суармалы жерлердің пайдаланылуына жүргізген мониторингі нәтижесінде бірқатар агроқұрылымдардың тиісті жер заңнамасын бұза отырып, жерді тиімсіз пайдаланғаны анықталған. Заң бұзуға жол берген шаруашылық құрылымдарына ескерту берілгенін білдік. Мәселен, Қаратөбе, Келінтөбе, Аққорған, Өзгент және М.Нәлібаев ауылдық округінің 17 қожалығы жоңышқаның орнына күріш егіп, заңды бұзған. Осының салдарынан кейбір шағын шаруалардың күрішіне су жетпей, соңы шығынға алып келуде.
Қарап отырсаңыз, жерді мақсатсыз пайдалану, заңсыз жер сатып алу және құжатты дұрыс рәсімдемеу сынды түйткілдер аз емес. Ал, аудан бойынша 10 мыңнан аса адам жер кезегін күтіп тұр. Олардың жағдайын жасап, халыққа қалтқысыз қызмет көрсетеді деп сенген өкілдеріміз жеке мүддесінен аса алмай жүрсе амал бар ма?
Келесі кезекте облыстық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары басқарма басшысының орынбасары Рысбек Шайхиев заң нормаларына түсіндірме бере кетті. Одан соң жер учаскелерін беру және алып қою ұсыныстарын дайындау бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Ақылбеков сөз тізгінін алып, жер берілудің тәртібін қарапайым тілмен баяндап берді.
– Жер – мемлекетіміздің ең басты байлығы, экономикалық және әлеуметтік дамудың негізгі ресурсы. Жерді ұтымды пайдалану оны қорғау, жер заңнамасының талаптарын сақтау әрбір азамат пен жер пайдаланушылардың заңды міндеті.Сондықтан барлық кент және ауылдық округі әкімдері және ауданның ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің басшысына жер учаскелерін табыстау барысында жер саласындағы заң нормаларының қатаң сақталуын қамтамасыз етуді тапсырамын, – деп аудан әкімінің орынбасары жиынның нүктесін қойды.
Қысқаша айтқанда, біз бүгін заң бұзушылықтарды жанамалап келтіріп, нақты деректерге сүйендік. Атқарылған жұмыстарды сараладық, дегенмен, халықтың ең маңызды байлығына бұлай атүсті қарап, талан-таражға салуға болмайтынын естен шығармасақ дейміз. «Судың да сұрауы бар» дегенді ұмытпасақ игі...
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ




