Сарбаз мүрдесін тапқан сандық тәсіл

Жаһандану дәуірі күннен-күнге жаңа мүмкіндіктерге жол ашуда. Қағазбастылықтан құтылып, мыңдаған шақырымға табан тоздырмай ақ, бір ғана тетікпен тірлік бітіру – цифрлық қоғамның ұтымды ұсынысына айналды. Осындай жаңашылдықты ұлт тарихына арнаған ұлы жоба – «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігі сайты.
Адамзат тарихындағы ең зұлматты – Екінші дүниежүзілік соғыста Қазақстаннан майданға аттанған 1 миллионнан астам сарбаздың 600 мыңдайы қайтып оралмады. Тағдыры беймәлім, хабар-ошарсыз кеткен боздақтар санында шек жоқ. Олардың артында жүрегі жұлынып аналары, жанары жәутеңдеп арулар, көкесін сағынып көкөрім қалды. Бүгінгі ұрпақ сол естеліктер мен сұрақтарға жауап іздеумен келеді. Ұрпақ пен ұлт алдындағы осы тарихи миссияны арқалаған жобалардың бірі – «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігі және осы ұйымның негізінде құрылған atamnyn-amanaty.kz арнайы веб-сайты. Бұл сайт – рухани ізденістің, ғылыми жауапкершіліктің және ең бастысы, технологиялық жетістіктің нәтижесінде жүзеге асқан қастерлі бастама.
«Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігі алғаш рет 2020 жылы ресми тіркеліп, нақты жұмысын бастады. Негізгі мақсат – Екінші дүниежүзілік соғыста із-түзсіз кеткен қазақстандық сарбаздарды іздеу, олардың қайда жерленгенін анықтау, шынайы деректерді жинап, ұрпағына аманаттау. Бүгінде мақсат орындалды, тарих пен технологияның үйлесім табуымен қолға кеп түскен 9000-нан астам өтініштің 4000-ы нәтиже беріп, хабарсыз кеткен сарбаздардың жерленген орындары табылды. 19 сарбаздың сүйегі туған топыраққа жеткізіліп, әскери құрметпен қайта жерленді.
Өткен мен бүгінді байланыстырған бірегей жобаны іске асырушы азаматтың бәрі бірдей кәсіби мамандар емес. Көбі жақын-жуығын іздеген, жүрегінде жара, санасында ғасырдан ғасырға жалғасқан сұрақ белгісі қалып қойған қарапайым адамдар. Бұл ұйым – соғысқа кеткен аға-бауырларының қайда қалғанын білмей өмір сүріп келе жатқан мыңдаған қазақстандықтың жалпыұлттық үні десек те артық емес. Осы қажеттіліктің орнын заманауи технологиялық мүмкіндіктермен толтыруға арналғана atamnyn-amanaty.kz сайты дүниеге келді. Бұл қарапайым портал емес – бұл ұлттық тарихты жаңғыртатын, жеке тұлғалар тағдырын тірілтетін, ақпараттық іздеуді жеңілдететін цифрлық алаң. Жобаның нақты нәтижесіне Жаңақорған өңірінен майданға аттанған Аблазимов Бектас есімді жауынгердің тағдыры айқын дәлел бола алады. Оның ұрпақтары аталарының соғысқа қатысқанын ғана білетін, алайда нақты қандай майданда болғаны, қай бағытта шайқасқаны немесе қандай марапаттар иеленгені туралы еш деректері болмаған. «Атамның аманаты» жобасының көмегімен олар Бектас атаның Мәскеу түбіндегі шайқастарға қатысқанын, «Мәскеуді қорғағаны үшін», «Ерлігі үшін» медальдарымен марапатталғанын, бірнеше майдан шебінде ерлікпен шайқасқанын анықтады. Бұл жаңалық бүгінде алды елуді еңсерген майдангердің ұрпақтары үшін күтпеген тарту болды. Ұрпақ пен өткеннің арасын жалғаған осындай рухани жаңалықтар отбасылық тарихты тереңірек тануға, жауынгердің ерлігін лайықты бағалауға үлкен мүмкіндік берді.
Аталмыш ақпарат алаңында кез-келген адам онлайн түрде өтініш толтыра алады. Анкетада іздеу салынған тұлғаның аты-жөні, туған жылы, соғысқа шақырылған жері және туыстық байланысы көрсетіледі. Бұдан бөлек, іздеушінің өзі жайлы да мәлімет беріледі. Сайт мамандары мен іздеу тобы Ресей, Украина, Беларусь және Балтық елдерінің ұлттық архивтерімен, сондай-ақ ОБД «Мемориал», «Память народа», «Подвиг народа» сияқты ірі цифрлық базалармен тығыз жұмыс істейді. Іздеу жүйесі тиісті деректерді өңдеп, ұқсас есімдер, туған жылдар, әскери бөлім нөмірлері, жерлеу орындары туралы автоматты түрде талдайды. Бұл процесте жасанды интеллект пен машиналық оқыту элементтері де қолданылады. Адам жүгін едәуір жеңілдеткен жаңа технологиның тағы бір артықшылығы - жерлеу орындарын Google Maps арқылы картада нақты көрсету мүмкіндігі де қарастырылған. Сарбаздың мәйіті табылғанда, оның орналасқан жері де сайтқа енгізіледі.
Цифрлық технологиялардың дамуы архивтік жұмыстарға тың серпін берді. Бұрын сарғайған қағаздар мен көмескі суреттерге қарап, шамалап ғана болжауға тура келетін. Енді жасанды интеллект пен мәліметтер базасы арқылы майдангердің бүкіл жорық жолдарын цифр арқылы санаулы сағат ішінде қалпына келтіруге болады. Мәселен, соғыста қаза тапқан, бірақ есімі белгісіз сарбаздың медаль нөмірі немесе әскери бөлімшесінің атауы арқылы ол туралы нақты деректер табылып, туыстарына хабар беруге мүмкіндік туды. Бұл – технологияның жетістігі ғана емес, адам баласының рухани жауапкершілігі мен ұлттық тарихқа деген құрметтің көрінісі.
Қуантары сол, бүтін халықтың тарихын бүгінмен беттестірген веб-сайттың жұмысы нәтижелі. Табылған сарбаздар саны күннен-күнге артып келеді. Айтары сол, жобаның маңызы – адам тағдырын анықтаумен қатар, ұлттық рухты да асқақтата түсуде. Біз технология арқылы тек архивтік деректерді жаңғыртып жатқан жоқпыз, өз болмысымызға қайта оралып, ұлт болып түгенделіп жатырмыз. Бірегей жоба – соғыстың қасіретін жаңа буынның санасына жеткізуде, шындықты жасыру емес, жария ету арқылы қоғамды рухани сауықтыруда. Демек, цифрлық дәуір – ұмыт қалдырмайтын дәуір.
Түйін. «Атамның аманаты» – жауапкершілік жүгі әлдеқайда биік жоба. Бұл – тарих пен болашақтың тоғысқан тұсы. Жаһандану заманы қанша алға жылжыса да, әр халық өз тарихымен ғана ұлт болып қала бермек. Ал сол тарихтың әр парағы адам тағдырымен өлшенеді.Технология рухани миссияны атқара алмаса – ол жай ғана құрал. Ал оны жүрекпен ұштастырсақ – ол тарихты сөйлетеді, тағдырды түгендейді, ұлтты ұлықтайды. Міне, «Атамның аманаты» жобасының шынайы мағынасы – осында.


