Газдан келетін қауіп те аз емес

2025 жылдың осы уақытына дейін аудан көлемінде 24 өрт оқиғасы орын алған, оның 14-і тұрғын үйде болған. Қалғаны автокөліктерде, нысандар мен орман алқаптарында орын алып отыр. Өрт оқиғасы салдарынан 3 тұрғын үй толығымен өртеніп кеткен.
Аудан көлемінде өрттердің басым бөлігі тұрғын үйлерде орын алуы өкінішті. Тұрғындардың өрт қауіпсіздік ережелеріне селқос, немқұрайлы қарауы үлкен шығынға әкелуде. Көбіне тұрмыстық газ плитасында ас әзірлеу кезінде жағдайды бақылаусыз қалдырудан көп зиян шегудеміз. Жанып жатқан пешті, қосулы тұрған электр жылытқыштарын ұмыт қалдыру, электр желілерінің қысқаша тұйықталуы, балалардың отпен ойнауы, тұрмыстық пештің ақауы, ашық отты пайдаланудағы аңғалдық өрттің шығуына бірден-бір себеп болуда.
Қазіргі таңда Жаңақорған және Шалқия кенттері, Жайылма, Төменарық, Қыраш, Бірлік, Құттықожа, Кейден ауылдары толықтай табиғи газға қосылған. Табиғи газды пайдалану ұқыптылық пен жауапкершілікті талап етеді. Газды пайдалану қайғылы жағдайға соқтырмас үшін күнделікті өмірде газды қауіпсіз тұтыну ережелерін қатаң сақтауымыз қажет. Ағымдағы жылы аудан аумағында 2 тұрғын үйде газ жарылуы орын алып, салдарынан 2 тұрғын үй қирап, 1 азаматша ауруханада қайтыс болған.
Үйде газ исі пайда болған кезде газ аспабын пайдалануды дереу тоқтату керек, газ аспабына жалғанған кранды жауып, терезелер мен желдеткіштерді ашып, 104 телефон бойынша жауапты мамандарды шақыру керек. Газдың исін байқасаңыз оттық жақпау керек, темекі тартуға болмайды, электр жарығы мен электр құралдарын қосуға, қосылған болса өшіруге болмайды. Табиғи газға қосылмаған елді мекендерде газ баллондар пайдаланылады. Қазір қолданыстағы газ баллондардың көбі кеңес заманынан қалған заттар. Ол үлкен қауіп тудыруда.
Газ плитаны жағып қараусыз қалдыруға болмайды. Газ плитасын үнемі таза ұстау қажет. Газ плитасын пайдаланып болған соң газ плитадағы кранды және газ баллондағы вентилді жауып, газ исінің жоқтығына, оттың толық өшкеніне көз жеткізу қажет. Егер төтенше жағдай немесе өрт оқиғалары болған жағдайда тез арада «101», «112» немесе «23-1-01» телефонына хабарласу керек.
Аудандық төтенше
жағдайлар бөлімі




