№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » КӨКПАРШЫЛАР ӘУЛЕТІНЕ – 100 ЖЫЛ

КӨКПАРШЫЛАР ӘУЛЕТІНЕ – 100 ЖЫЛ


Бала кезінен аттың құлағында ойнаған Ертай Нәлтаев бүгінде облыстың көкпар құрамасындағы белді ойыншы. Оған бұл қасиет ата тегімен келген. Қалай десеңіз, төрт атадан бері «талса да тақым, қалса да қолың құрысып» дейтін көкпаршылар әулетінен шыққан. Кезінде арғы атасы Әли, атасы Нәлтай шаршы топтың арасында қанжығасы майланған шабандоздар екен. Ал, әкесі Қыдырбай тақымы тастай, білек құрыш көкпаршының бірі болған. Сондықтан, Ертай қайда барсын?..
Бүгінде спортты дәріптеп жүрген осындай әулеттің барын естіп, қара шаңыраққа ат басын бұрдық.
Жалпы, ұлттық спорттың бекзадасы саналатын көкпардың тынысы ашылып, дамуына мән берілуде. Әсіресе, Оңтүстік және Батыс өңірлерде көкпар тартып, ұлттық спортты ұлықтап жүрген шабандоздар аз емес. Оның ішінде, Сыр елінің шабандоздары ел додасында жүлдесіз оралған кезі жоқ. Міне, сол құраманың сапында шыңдалған кейіпкеріміз:
– Көкпарға қызығушылық бала кезде есек көкпардан басталады. Одан кейін тай көкпарға шықтық. Әсіресе, жазғы демалыста тай көкпардың көркін қыздырдық. Сөйтіп жүріп үлкен көкпарға шықтым. Негізі мен атамның қолында өстім. Ес білгелі аттың үстіндемін, – деп әңгімесін бастады жас шабандоз.
Адамның қандай тұлға болып қалыптасуы ортасына байланысты болса, Ертайдың өніп-өскен ауылы, дос-жарандары ат спортына өте жақын жандар. Қыркеңселік аға буын бастаған жастар бүгінде ат спортының түрлерінен табысты өнер көрсетіп, аудан абыройын асырып жүр. Теңге ілу, аударыспақтан да ауыл азаматтары кенде емес. Тіпті, Ертайдың өзі аударыспақтан облыстық додада екі рет чемпион атанған.
– Додалы бәсекелерден құралақан қайтқан кездер болды ма?
– Бабымыз бен бағымызға қарай бұйырғаны болады. Шыны керек, Жамбыл, Шымкент және маңғыстаулық командалар мықтылық көрсетеді. Өзім жастар құрамасында екі рет Қазақстан чемпионатының күміс медалін алдым. Үнемі үздік үштікте болдық. Ересектер арасындағы табысымыз жаман емес.
– Ал, жылқыларды қалай бап­тайсыздар?
– Жарысқа бір ай қалғанда дайындықты үдетеміз. Оған дейін ауыл арасында жаттығу жасап, аттардың бабын жоғалтып алмау үшін жүгіртіп тұрамыз. Өзімнің «Дүлдүл» деген жүйрігім бар. Жалпы, көкпар атының тұяғы өте берік әрі қуатты болғаны абзал. Сондықтан да көкпар атын таңдағанда оның тұяғына көп мән беріледі. Топқа түскенде тіліңді алып, тебініп тұратын жылқылар ғана төзімді болады. Сонда ғана алымды алғанда тұлпарыңыз тобырды жарып өте алады, – деді ол.
Иә, көкпар атының негізгі тағы бір сипаты жүректі, жігерлі болуы шарт. Ондай жылқылар додаға қорықпай кіре алады және тау-тас, күдір жерлерден іркілмей шаба алады. Одан кейін жылдамдығына мән береміз.
– Нәлтаевтар әулетін көпшілік көкпаршылар династиясы ретінде жақсы таниды. Ертай болса бабын жоғалтпайтын, кәсіби спортшы. Әдіс-тәсілді жақсы меңгерген облыстық құраманың негізгі ойыншысы ретінде команданы өрге тартып жүрген саха көкпаршының бірі, – деді Исламхан Боранбаев.
Отбасында ұлдың жалғызы Ертай бүгінде отбасылы, бір қыздың әкесі. Алла нәсіп етіп ұлды болсам келешек ұрпағымды осы дәстүрден жаңылдырмай көкпаршы етемін дейді. «Әке көрген оқ жонар» демекші, болашақта тұлпардай тебініп тұратын марқасқа ұрпақ өсіп-өнсін деген ниетте қайттық.
Қорыта айтқанда, ғасырға жуық ұрпақ сабақтастығы ретінде жалғасып келе жатқан көкпар спортын дәріптеп жүрген Нәлтаевтар отбасы көпке өнеге.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ.
25 қыркүйек 2018 ж. 1 221 0