№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » АУДАРЫСПАҚТАН АУДАН ҮЗДІКТЕРІ АНЫҚТАЛДЫ

АУДАРЫСПАҚТАН АУДАН ҮЗДІКТЕРІ АНЫҚТАЛДЫ


Тұңғыш рет Өзгент ауылдық округінде өткен аударыспақта құрыш білекті, тақымы мықты спортшылар аудан чемпионын анықтады. Спорт бәсекесіне 22 ауылдық округ 100-ден аса мықтысын үкілеп қосты.
Астана қаласының 20 жылдығына орайластырып өткізілген спорттық шараның ашылуында аудан әкімі Ғалым Әміреев:
– Мемлекет басшысының Рухани жаңғыру бағдарламасы – ұлттық дамудың ұлағатты үлгісіне айналды. Ұмыт қалған дәстүрлерді қайта жаңғырттып, бабалар мұратымен үндестік таба бастадық. Соның айғағы, ұлттық ат спорт түрлері даму жолын тапты. Бүгінде Азия және Әлем чемпионатарының мән-мазмұны артып келеді. Осындай аламандарда жаңақорғандықтар табысты өнер көрсетіп жүр. Бір ғана мысал, облыстың көкпар құрамасы аудан шабандоздарынан құрылған. Жігіттеріміз аударыспақ, жамбы ату спортынан жүлдесіз қайтқан емес. Осы үрдісті одан ары дамытып, жастардың ат спортына қызығушылығын арттыру мақсатында аудан чемпионатын өткізуді ұйғардық. Бүгін аударыспақтан өтсе, алдағы айларда теңге алу, жамбы ату, көкпардан мықтыларды анықтайтын боламыз, – деді.
Ауылдың ардагерлер кеңесінің төрағасы Қалкөз Әбдікәрімов балуандар бәсекесін Өзгентте өткізуді ұйғарған аудан басшыларына алғысын жеткізіп, спортшыларға сәттілік тіледі.
Аударыспаққа қайрат-күші мол, батыл да төзімді, шапшаң қимылдап, ат құлағында ойнай білетін жігіттер қатысады. Ежелгі заманнан келе жатқан бұл ойын жаугершілік кезінде найза ұстап, қылыш шабатын жауынгерге қажетті қасиеттерді қалыптастырса, бүгінде жігіттің ерік-жігерін шыңдауда таптырмайтын спорт түрі.
Балуандар бес салмақ дәрежесінде бақ сынады. Жарыс қорытындысы бойынша қарсыластарын қоғадай жапырған Диасқожа Музарап 50 келіде дара шықты. Екінші, үшінші орынды Мұқағали Дүйсенбаев пен Мұхтархан Ермаханбет өзара бөлісті. 60 келіде Бегмұрат Оразбековтен айласын асырған Данияр Садуақас бірінші орынды алды. Үшінші орын Абдунасриддин Файзуллаевке бұйырды. Ал, 70 келіде Бердібек Жорабектің мерейі үстем болды. Пазылхан Өміртаев екінші, Дәулет Берістемер үшінші орынға жайғасты. 80 келі салмақ дәрежесінде Алтай Қоңқаев мықтылығын дәлелдесе, Ақжан Тасжан мен Ұзақбай Жүсіпов екінші, үшінші орынмен шектелді.
Нағыз қызық 80 келіден жоғары салмақта орын алды. Қазақстан Республикасының бес дүркін чемпионы Серік Әмірсейітовке тең келетін ешкім болмады. Екінші орынды облыстық көкпар құрамасының капитаны Ертай Налтай қанағат тұтты. Белгілі көкпаршы Нұрлан Жүсіпов үшінші сатыдан көрінді.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлерін аудан әкімі Ғалым Әміреев тағайындаған қаржылай сыйлықтар мен Жаңақорған ауданының денешынықтыру және спорт бөлімінің грамоталары табыс етілді.
Шара соңында талай ат додасында төрешілік етіп жүрген Бақытжан Төлегенов аттың ерекше қасиетімен бөлісіп: – Қазақ пен жылқы егіз ұғым. Мұны «жылқы дегеніміз – қазақтың өзі!» деген сөзден ұғуға болады. Әсілі, өзін жылқы мінезді деп, өзінің мінез-құлқын, бітім-болмысын, жан дүниесінің айқындаушысына айналдырған қазақтан басқа халық жоқ шығар, сірә! Бір сөзбен айтқанда, қазақпен жылқы тарихы ортақ, – деді.
Ал, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Махмұт Рақымжанов, облыстық ат спорты түрлерінің командасының аға жаттықтырушысы Ислам Боранбаев тақымы тастай, қара күшке мығым балуандардың бәсекесі жоғары деңгейде өткенін, әрі мұндай аламандар жас шабантоздардың қалыптасуына мүмкіндік жасайтынын атады.
Жақында Қазақстанның намысын Моңғолияда өтетін Азия чемпиотанында қорғайтын Серік Әмірсейітовтің сөзінше, жылқының тілі жоқ демесең, ол бәрін жүрегімен түсініп, үстіндегі иесінің тақым қағысына қарай икемделеді екен. Яғни, атпен үндестік тапқан жағдайда ғана жеңіске жетуге болады.
Жастардың ұлттық спорт түрлеріне қызығушылығын аттырып, уақытын тиімді өткізуді басшылыққа алған спорттық шара алдағы уақытта жалғасын тауып, облыстық ауқымда өтетін болады.

Ерлан АБДРАСИЛОВ.
05 маусым 2018 ж. 1 040 0