Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » НАУРЫЗҚОЖАНЫҢ «НАЙЗАСЫ»: ЖЕКПЕ-ЖЕКТІҢ САҢЛАҒЫ

НАУРЫЗҚОЖАНЫҢ «НАЙЗАСЫ»: ЖЕКПЕ-ЖЕКТІҢ САҢЛАҒЫ


Қазақтың ұлттық ойын түрлері мазмұндық жағынан адамды жауынгерлік рухқа тәрбиелейтін маңызды дүние. Әсіресе, көкпар – қазақтың қанына сіңген өнер. Қалың нөпірді қақ жарып, дода ортасынан серкені суырып шыққан шабандозын көргенде жүрегі жарылмайтын қазақ бар ма? Негізі көкпарды жігіттің жігіті тартады. Ұлы Дала елінің ұлықты мерекесі Ұлыстың ұлы күні қарсаңында осынау ұлттық өнерді дәріптеп жүрген, аққорғандық көкпаршы Наурызқожа Әмзеевпен тілдестік. Ол – Облыстық көкпар командасының белді мүшесі, Көкпардан ересектер арасындағы ел чемпионатының күміс жүлдегері, Сыр өңірінің «Үздік шабандоз» номинациясының иегері. Тақымы тастай, білегі құрыш, жігері қылыш, жас шабандоз болашағынан көп үміт күттіреді.
Әз-Наурыз қарсаңында Наурызқожаны таңдаудағы басты 2 себепті айта кетсек. Біріншіден, жас шабандоз 1993 жылы 23 наурызда дүние есігін ашқан. Содан болса керек, есімін Ұлыстың ұлы күнімен байланыстырып, Наурызқожа атаған. Екіншіден, Қазақстанға ғана емес, Орта Азияның үздігі атанған «Әулиеата» көкпар командасының қазанаты «Лазер» атты сәйгүлікті естімеген ел жоқ шығар. Кешегі күнге дейін, осы «Лазерге» Орта Азияда тең келетін тұлпар болмаған. Жекпе-жекте қарсылас команданың небір мықты қазанаттарына дес бермейтін тұлпар жамбылдықтардың басты көзірі еді. Міне, дәл осындай жекпе-жек сайысында Сыр өңірінің намысын қорғап жүрген Наурызқожаның «Найзасы» республикада үздік үштіктің қатарында. Бұл туралы біз облыстық көкпар құрамасының бас жаттықтырушысы Исламхан Боранбаевтан білдік.
Ес білгелі атқа қонған түгіскендік жас көкпаршының бабасы Әмзе заманында алыпты алып жығар адуынды көкпаршы болған. Ауыл-аймаққа аты шыққан балуан бабасын көнекөз қариялардың барлығы жақсы таниды. Ал, әкесі Мұзарап ауданға танымал шабандоз. Әлі күнге көкпар десе, делебесі қозатын Мұзарап ұлы Наурызқожаның бойындағы балуандық өнер бабадан дарығанын тілге тиек етті. Біз де жас шабандозды сөзге тартып, облыстық құрамаға қалай ілінгенін білдік.
– Жастайымнан жылқы жануарына жақын өстік. Ес білгелі, атқа мініп, мал қайыру – біздер үшін үлкен жетістік болатын. Мектеп бітіргеннен кейін, облыстық көкпардан жастар құрамасына қабылдандым. Көкпардан ел чемпионатына қатысып, шабандоз ағалардың көзіне түстім. Ең әуелі – құрама бас бапкері Исламхан аға Боранбаевқа алғысым зор. Қашанда жігерлі жастарды қолдап, демеп жүреді. Уақыт өте 2014 жылы көкпардан ересектер арасындағы ел чемпионатына қатысып, командалық есепте күміс жүлдеге ие болдық. Осы чемпионатта жекпе-жек сайысына «Найза» атты сәйгүлікпен шыққан болатынмын. Кейіннен әкем «Найзаның» жекпе-жекке бейім екенін айтып, маған жақсылап баптауды тапсырды. Міне, содан бері жекпе-жек сайысына баптап, Сыр өңірінің намысын қолдан бермей келеміз, – деді Наурызқожа Әмзеев.
Иә, қазақ халқының танымында жылқы түлігін «Ер қанаты – ат» деп әспеттеген. Өйткені, баһадүр бабамыз осы тұлпардың арқасында дархан даласын жаудан қорғады. Жауынгерлік рухқа жігер берген жылқы жануарына жанындай қарап, атбегілікті қатар алып жүрген Наурызқожадан көкпарға шабатын тұлпардың біз білмейтін тұстарын сұрадық.
– Негізі көкпарда жігіттің бағын ашатын – астындағы пырағы. Шабандоз ойын алаңына шыққанда, біріншіден, аттың күші, екіншіден, өзінің ептілігімен серкені тақымына басады. Осы тұста, айта кету керек, серкені ілуге аттың ықпалы көп. Яғни, тоқсан пайызы тұлпардың тектілігіне байланысты. Жекпе-жекке шыққанда адам тәріздес қарсылас атты итеріп, қасарыса тіресіп, үстіндегі шабандоздың еңкейіп серкені алуына барынша жағдай жасайды. Жалпы көкпарға мінетін аттың ерекшелігі мынада: еті мығым, кеуделі, омыраулау екпіні қатты, жүйрік, көкпарды жерден іліп алуға икемделгіш, текті жылқы болуы тиіс. Төрт аяғын таймайтын бүршікті жеңіл тағамен тағалайды. Семіз не арық ат көкпарға жарамайды. Оған қоса, көкпарға қосатын атты қырық күн мінбей, баптайды. Бабы қанған аттың күші көп болады. Ал, егер бабы келіспесе, бағы байланды дей беріңіз, – дейді Наурызқожа Мұзарапұлы.
Қолы қалт етсе болды қорасындағы «Найзасын» ерттеп, қазанатқа қарай шабатын аққорғандық шабандоздың еңбекқорлығына тәнті болдық. Иә, бұл да болса, бекзаттық өнердің ауыл баласы бойына әбден дарып, қалыптасқандығының белгісі. Бүгінде текті тұлпарын баптап, алдағы уақытта өтетін көкпардан ел чемпионатына дайындықты бастаған түгіскендік көкпаршының алар асуы әлі алда деп білеміз.

Әбдісамат ӘБДІШ.
21 наурыз 2018 ж. 1 669 0