№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » » Бабын тапса баланың бәрі дарынды

Бабын тапса баланың бәрі дарынды


Әлемдегі адамның орны қандай? Мәңгі гүлдеп тұратын табиғаттың қайнар көзі қайда? Осының барлығы әрбір сана иесін түсіну мен түйсінуге жетелейді. Бүкіл ғылым атаулының негізі жаратылыстың тылсым сырларын тануға, жорамалдарды, идеяларды логикалық бір ізге келтіруге, түпкілікті принциптерді табуға негізделген.
Осы ғылымдардың ішінде математиканы алабөтен айшықтап, «ғылымдардың атасы» дейміз. Өйткені сандар – бүкіл тіршіліктің бастамасы, жаратылыс туралы түсініктің кілті.
Математика – нақты ғылым. Ол әлемге белгілі бір тәртіп орнатқан теоремасынан танбайтын тұрақтылығымен ғажап. Пифагор бізге ең жоғарғы жетістігі – «гипотенузаның квадраты катеттердің квадратының қосындысына тең» деп аталатын атақты теоремасымен қымбат. Архимед пен Ньютонның есімдері бүкіл әлемге аян. Ірі ойшыл, ғалым, Афиныда өмірге келген атақты Евклид Птолемей патшаның: «Геометрияны бейнетсіз оп-оңай білдіретіндей жол бар ма?» деген сұрағына: «Геометрияда патшалар үшін айрықша жол жоқ» деп жауап қайтарыпты. Ол математика, физика, астрономия, музыка ғылымдары бойынша бірнеше еңбектер жазған оқымысты.
Математика ғылымының кіндігі – Шығыс, Үнді, Мысыр болса, Грекияның аса дарынды ойшылдары математиканы өзінің нәтижелері мен түпкі қағидаларынан логикалық қорытынды арқылы негіздеп шығаратын ғылымға айналдырды. Грек математикасында білімді теория түрінде дәлелдеу талап етілді. Әлі күнге дейін есепті шығарғанда: Берілгені дейміз, сосын есепті шығарып, шешуін жазамыз. Атомдық ілімнің негізін салушы ежелгі грек философы, материалист Демокрит былай деген: «Мен үшін барлық ғылыми дәлелдемелерді табу бүкіл Парсы патшалығын меңгеруден гөрі маңызды».
Ендеше осынау ғажайып ғылымды меңгеру талабын бүгінгідей жаһандық білім бәсекесіне ұмтылған жеткіншектеріміз қандай деңгейде игере алмақ? Білім мазмұнының биік не төмен болуы кімдерге байланысты? Дарынды баланың жан-дүниесін танып, кемеліне келтіруде қандай алғышарттар қажет? Осы бағытта өз пайымдауларымызды ортаға салып көрелік.

Өмір – өлшеулі, математика – мәңгілік
Қоғамдық құрылыстың қай саласын алып қарамаңыз есепке барып тірелмейтін құбылыс жоқ. Ең арғысы үй ішіндегі күйбең тірлігіңізді де есеп-қисаптан, ал өмірлік жобаларыңыз ұту мен ұтылудан тұрмай ма? Салалар қызметінде есептеу қағидаларына қажеттілік туындағанда мықты мамандарға жүгінері рас. Біздің есімізде, кешегі күндері жол апаты орын алғанда, құрылыста апаттық жағдайда кінәліні анықтауда аудандағы мықты математик Айжан апайды (Жакипова) зыр жүгіріп іздеп кететін жағдайлар болатын. Ол кісі жол ережесін бұзған жүргізушінің қателігін физикалық дәлдік тұрғысынан нақтылап беріп, жол инспекторлары қызметкерлеріне жәрдемін тигізсе, өндірісте, мәселен жүк көтергіштің темір бұғауы үзіліп кеткен тұстарында техниканың түрлі салмақты көтеру деңгейіне сараптама жасап, қорытындысында тиістілерге шара көрілетін. Айжан апай туралы өз замандастарының айтар естеліктері бір кітапқа жүк болар еді. Ол кісінің шәкірттері қазірде арамызда, халық қызметінің түрлі салаларында абыройлы еңбек етіп жүр.
Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – математика пәнінің мұғалімі Ханзада Жакипова осы Айжан апайымыздың қызы ғана емес, ізінен ерген шәкірті. Аудандағы ең айтулы, алдыңғы қатарлы, білікті маман.
Ұстаз – ананың талабымен Ханзада мектепте жүргенде тек «бестікке» оқыды. Аудан орталығындағы №169 орта мектебін «Алтын медальға» тәмамдаған соң, сол кездегі Целиноград қаласындағы пединститутқа түсіп, жоғары оқу орнын Қызыл дипломға бітірді.
Еңбек жолын 1984 жылы өзі оқыған аудан орталығындағы №169 орта мектебінде ұстаз болып бастады.
Алғаш сыныпқа енгенде өзіне жәудірей қарап отырған шәкірттерге жағалай көз салып, сол күннен иығына артылған үлкен жауапкершілікті жан-жүрегімен сезінді. Сол күннен бастап әр баланы жеке тұлға ретінде танып, талабын, танымын, бейімін, болмысын, зейінін зерделеуге көшті. Ол неге қызығады, неге ынтызар, көңілінде не жатыр, тіпті үй-іші, әлеуметтік жай-күйі қалай, жаны жұмсақ, жүрегі мейірбан мұғалима жас қыздың бұл да назарынан тыс қалмады. Сол кездегі, бұдан отыз жыл бұрынғы оқушысы Айгүл Тоқымованың «Кызылординские вести» редакциясына жолдаған хатында былай деп жазыпты: «Біздің жаңа сынып жетекшіміз Ханзада Нұрмаханқызы бізге бір көргеннен ұнады. Шырайлы жүзі, желкесіне ұқыпты түйілген шашы, тап-тұйнақтай бой-басына таңдана қараймыз. Ұқыптылық оның бүкіл болмысынан төгіліп тұр еді. Оның әрбіріміз үшін қалай жаны ауырып, жайымызды ойлайтыны есімнен кеткен емес. Сонымен қатар қатал да талапшыл еді. Өзінің пәні математикадан сыныпты мектепте үздікке шығарды»

үздік шәкірттердің ұстазы
Соңғы он-он бес жылда біздің ұғымымызда «репетитор» тұлғалар пайда болды. Кез-келген ата-ана өзі қалаған ұстазға, ол қай мектептің оқытушысы болсын, өтініш жасап, баласын жеке оқытуға мүдделілік туды. Ел үшін мұның үлкен жақсылығы бар. Осының арқасында Жаңақорғанның жас жеткіншектері математикадан жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді.
Солардың әрбірі Жақыпованы «Менің апайым» деп меншіктейді.
Енді өзіміз тілдесе алған Ханзаданың төл шәкірттеріне кезек берейік.
Анастасия Балясникова, №169 мектептің түлегі:
– Мен қазірде Мәскеудегі Ұлттық техникалық зерттеу институтының (МИС иС) метрология және стандарттау саласы инженері мамандығында оқып жатырмын. Мектепте жүргенде Ханзада апайымның сабақтан тыс 5 тен 11 сыныпқа дейін қосымша оқытып, миямызға құйып берген формулалары санамызда сайрап тұр. Ханзада Нұрмаханқызына рахметім шексіз:
Перизат Бердиева, №169 мектептің түлегі:
– Мен АГУ-дың физика-математика факультетін бітіріп, магистратураны Литвада оқыдым. Қазірде Норвегия мемлекетінің Осло қаласында докторантурада оқып жатырмын. Сонымен қатар энерго-технологиялар институтында ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысудамын. Алғашқы қадамымда балымды төмендеткен профессордың қатесін тауып, өзімдікін дәлелдеп шыққан жеңісімді Ханзада апайдың берген білімінің нәтижесі деп білемін. Біз қаншалықты биікке шырқап, қанатымызды кең жазып ұша алсақ соның түбінде талапшыл-ұстазымыздың тынбай еткен еңбегі, маңдай тері, бәрінен бұрын үлкен жүрегінің мейірімі жатыр.
Дәл осындай жүрекжарды лебіздерін жеткізген №163 мектептің түлегі, «Алтын белгі» иегері, бүгінде Санжар Асфендияров атындағы медицина университетінің студенті Жанболат Икрам, ҰҚҚ арнайы оқу орнын Украина қаласында Қызыл дипломмен тәмамдаған Жеңіс Байзақов, қазірде Түркияда дәрігерлік қызмет атқарып жүрген Әнуар Изатов, алғашқы бітіруші түлектерінің қатарында Ахан Сарқұлов, Бибіжамал Романқұлова сынды шәкірттерінің барлығының тілегі бір арнада тоғысып жатыр.
Ханзада Жакипованың шәкірт­терінің көбі қазірде жолын жалғап ұстаздық етіп жүр. Олар Жанар Сыздықова, Айгүл Батырбекова, Айгүл Абдуллаева, Ләззат Балабекова, осылайша тізбелей беруге болады. Олардың әрқайсысының аяулы ұстаздары туралы берер бағасы біреу. Ол – өз кәсібіне деген айнымас адалдығы дер едік.

Дарынды баламен жұмыс
Ханзада Нұрмаханқызы осы тақырыпта Асқар Жұмаділлаевтың лекциясына қатысып, көп бағыт-бағдар алды. Түйген білімін өз іс-тәжірибесіне кеңінен ендірді. №169 мектепте жүргенде басшылық эксперимент сынып ашып берген болатын. Әрбір оқу жылы қорытындысында ол оң нәтижесін беріп отырды.
2012-2013 оқу жылдары Ханзаданы аудандық білім бөлімі аттай қалап, қызметке шақырғандағы мақсат, аудан мектептерінде ҰБТ-дан математикадан «екілік» көбейіп, күрмеулі мәселенің кілтін табуға табанды мамандар тіреу болды. Аудан мектептері ұстаздарымен қояма-қолтық жұмыс жасауға көшкен Жакипова Ханзада, Аширова Нұргүл сынды тәлімгерлер тест алып, мастер-класс өткізіп, сапаны көтерді. Аудан орталығындағы №163 мектептің республикаға әйгілі оқу ордасына айналуында да Ханзада Нұрмаханқызының қолтаңбасы айрықша. Қазірде ол аудан орталығындағы №110 орта мектеп-лицейін білім көрсеткіші бойынша алдыңғы қатарға шығаруға шығармашылықпен жұмыс жасап келеді.
– Білмеймін, бүгінге дейін өзімнің тәрбиеме алған дәріскерлердің дең­гейін арттырып, үздік сынып етіп шығара алғаным, сондай қабілетті балалар маңдайыма тап келетін тағдырдан ба, жоқ, бүкіл ықыласыңмен беріліп, қуатыңды сарқып жұмыс істесең алмайтын асу, бала бойында ашылмайтын қасиет жоқ па, әйтеуір оқытқан шәкірттерім маңдайалды болып келеді. Енді эксперимент ретінде ме, қалай, бірыңғай үлгірімі орташа, енжарлау сынып еншіме тиді. Меніңше, ұстаз үшін ең бастысы – бала тағдыры. Оларды жақсы, жаман деп бөлуге болмайды. Ал ұстаз ұстаз болып қалу керек. Мұғалімдікті тұрақты жалақысы бар деп кәсіп қылып, күн өткізіп жүретіндерді түсінбеймін. Ұстаздық атты құрметті мамандыққа бұлай қиянат жасауға болмайды, – дейді үлгілі ұстаз Ханзада Жакипова бізбен әңгімесінде.
Айтпақшы, үлгілі педагогтың көп марапаттары болмай ма? Бір өкініштісі, Ханзада бұл жағын қаперге алмай қағажу қала берген сияқты. Бірақ халықтың алдында беделі биік, елдің баласының обыр-сауабына келгенде еңбегі ерен.

Түйін. Бір шәкірт Евклидтен «Г­еометрияны оқу не пайда береді» деп сұраған көрінеді. Сонда Евклид қызметшіні шақырып алып: «Оқудан пайда тапқысы келіп тұр екен, мына балақанға үш теңге беріңдерші» депті Күйгеннен айтқан ғой. Ақиқатында білімнен тапқан пайда дүниенің қазынасынан ауыр келері рас. Сол жолда ұстаз еңбегіне бүкіл адамзат басын иіп, тағзым етсе де жарасар!

Баян ҮСЕЙІНОВА.
15 қыркүйек 2018 ж. 1 049 0