№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » АҚҮЙІК ӨЗЕНІ ЖАЙЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?

АҚҮЙІК ӨЗЕНІ ЖАЙЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?


Қаратаудың қойнауында жүзден аса бұлақ пен ондаған үлкенді-кішілі өзендер бар. Әрқайсының өзіндік тарихы бар. Жер тарихы – ел тарихы десек, қарт таудағы топонимдік атауларды, олардың тарихын білу маңызды шаруа. Сондықтан «Рухани жаңғыру» бағдарламасын негізге алып, жер-су аттарының тарихын зерттеп, зерделеуді қолға алдық. Сондай ізденісті Ақүйік өзенінен бастадық.
Ақүйік өзені қарт Қаратаудың қойнауынындағы мыңдаған бұлақтардан бастау алып, кішігірім Жыланды, Құланшы, Ботасоқты өзендерінің төменгі ағыстары бір арнаға тоғысып Ақүйік өзенін түзеді. Өзен қарт Қаратаудың күнгей бетінен басталып, Сырдария өзеніне 15 шақырым жетпей тартылып қалады. Ұзындығы – 70 шақырымнан астам. Су жиналатын алабы – 670 шаршы шақырым. Өзен суының аз-көп болуы қысқы қар мен көктемгі жауын-шашынға байланысты.
Өзеннің Ақүйік аталуы туралы түрлі аңыз бар. Бұл жайлы «Жаңарған Жаңақорған», «Жаңақорған» кіта­бында және «Жаңақорған тынысы» газетінде жазылды. Сондай-ақ, Ғайыс Егембердіұлы мен Әбділәзиз Сәйдінәсімұлының «Ауылымның ардақ­тылары» кітабында қамтылған.
«Өзен бойы қыста жылы, жазда салқын болғандықтан «Жер ұйығы» атанып, кейіннен «Ақұйық» атанған. Келе-келе «Ақүйік» атанған дейді аңыздың бірінде.
«Маңайы ағарып жатқан, ми батпақты ұйығы бар өзен мәніндегі атау» деседі бір жазбаларда. Көнекөз қариялардың сөзінше, өзен бойлай егілген бидайықтың бітік шығып, піскен кезде алыстан ағарып көрінетіндігіне орай, разы болған халқы «жер ұйығына» балап, оны «Ақұйық» деп атаған.
Ақүйік өзеніне Қарасүйір жақтан Арқарбұлақ суы қосылады. Өзен бойында аты жоқ жүзден астам бұлақ суы қосылады. Өзен бойында тарихи орындар өте көп. Соның бірі – Қатынқамал үңгірі. Бұл жерде былайғы халық айтқандай, екі үңгір бар. Оның бірінен кірген ешкі Бесарықтан шықса, екіншісіне кіргені Қосүйеңкінің тұсынан шыққан деседі.
Ақүйіктің суын егістіктерге толық жеткізу мақсатында Қайдауыл деген кісі су мұрап етіп тағайындалады. Қайдауыл суды ысырап етуге жол бермей, суды пайдалануды бір ізге салады. Өзен суын Бақтысайға (қазіргі Бірлік ауылы), одан төмен орналасқан Ордакентке (Бірліктен 4 шақырым төменде орналасқан) және Ақсеңгір мен Қызылкөңге дейін жеткізіп, егіс еккізген. Ол қырық жылға жуық су мұрабы болған.
Ерте көктемде алдағы жылдың егістігін қалай орналастыру керектігін зерделеп, өзендегі су мөлшері қанша екенін анықтауға жолға шығады. Қайтар жолда Қайдауыл қайтыс болады. Қасындағы жігіттер Қайдауылды тау төбесіне жерлеп Алмалыдағы (Төменарықтың етегі) ағайындарына хабар береді. Ағайыны Қайдауылдың жерленген жеріне жеткенше айдан астам уақыт өтеді. Сонда келгендердің бірі «Мәйітті қайда қойдыңдар, «Аманат» деп қойдыңдар ма?» деп сұрайды.
Мұраптың қасында болған жігіттің бірі: «Сіздерді үлгермейді ме деп Аманат етпестен жерледік», – деп жауап береді.
Сонда Нәлімбет Көпжасарұлы деген кісі:
– Бекер болған екен. Әттең-ай, егін-жайға нәр берген өзен «Ақұйық» емес, егісіңе су жеткіземін деп кетпен мұраптың «ақиығы» болады деген бабалардың сөзі дәл келді ғой, – деп өкінсе керек-ті.
Нәлімбеттің айтқанындай, диқан­дардың жарадан жазылған иықтары ағарып тұратын болған. Міне сонан кейін бұрын «Ақұйық» атанған өзен «Ақиық», арада бірнеше жыл өткенде «Ақүйік» атаныпты.
Кейінірек Ақүйік суын Өскенәлі Бейбітұлы деген кісі тау іші беткейлері арқылы қырға шығарып, колхоз егіс екті. Бұл су қыстай жолдағы Көлтоғанға жиналып, көктемде Бөріойнақ разъезіне дейінгі жазықтағы егісті суаруға пайдаланылды, – дейді Нәлімбеттің немересі Рүстем Қасқырбайұлы.
Осы орайда, Ақүйіктің суын тиімді пайдалануда Жәрімбеттің Палуаны еңбек сіңірді. Ол ауыл азаматтарын ұйыстырып, «Көлтоған» тоғанын салуды қолға алады. Бұл 1926 жыл еді. Бірақ олар салған тоғанға сыймаған су тоғанды әр жерден бұзып кетеді. Палуан келесі жылы көмек сұрап уезд орталығы Шымкентке барады. Онда Сейдахмет, Мұсабай деген көзі ашық жігіттерге кездесіп, солардың ақылымен тоғанға шлюз орнаттыруға рұқсат алып, арнайы мамандарды ерте келеді.
Палуан сол кездегі билер Тоқсанбай мен Ақымды көндіріп, ауылдан адам алдырып, Ақсүмбеден Ақүйікке дейін тоғанды көтереді. Тоғанның толқын ұратын ұрымтал жерлері ірі-ірі тастармен бекітілді. 1927 жылдың аяғы мен 1928 жылдың көктеміне тоған жұмысы толық бітіп, мамандар топса-шлюзді орнатып, тоған «Ақүйіктен» келген суға толады. Міне, содан бері 90 жыл бойына Ақүйік өзенінен жиналған суға толған Көлтоған суын бірліктіктер пайдаланып келеді.
Ерубай ҚАЛДЫБЕК.
08 қыркүйек 2018 ж. 1 926 0