Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Жақсының көзі


Тоқсаныншы жылдарға дейін ауданымызда атағы дүркіреп тұрған еңбек ерлері қатарында қайсар қаракөздеріміз-Қамар Үсенбаева, Айша Наубаева, Айымкүл Рүстемова, Рәйлаш Сәруарова, Зүбайра Оспанова, Айжамал Әжібаевалардың түлеген тың даланың тарихында тарам-тарам қолтаңбалары қалғаны рас. Қара жерден қарабайыр тәсілмен талғажау таба жүріп, тәжірибе түйіп, техниканың тілін түсініп, талаптанудың арқасында агроинженерияға да бейімделіп, белуардан берекеге қауышқан осынау дала ерлерінің әрбірінің өмір жолы бір-бір эпопея. Бүгінде жастары сексенді алқымдаған, жоғарыда айтып өткен аңыз-аналарымыздың хал-күйін білуді мақсат етіп, Түгіскен массиві алқабындағы ауылдарға бет түзедік.
Жолбасшымыз аудандық мәслихат депутаты, аудан әкімінің әйелдер істері және отбасы демографиялық саясат жөніндегі кеңесшісі Әзия Қыстаубаева. Кезінде сол аналардың тәлімін көрген, ізін басып, соңынан ерген тұрымтайдай қыз бүгінде есімі де, еңбегі де елеусіз қалып, көңілдерден көмескілене бастаған көзкөргендердің жағдайын білмекке бел буыпты. Жақсы ниетті біз де қолдай кеттік. Сауабына келгенде қабыл болған қажылықтан да ауыр келер дос көңілдің қауышуына куә болудың өзі қандай керемет.
Сонымен сенбі күні Қыркеңсе ауылында тұрып жатқан байырғы даңғайыр диқан, озат күрішші Оспанова Зүбайра апамыздың үйіне алдымен ат басын тіредік. Есік алдында апамыздың өзін кездестірдік. Ол кісі ә дегенде Әзия апаны танымай қалды. Біз айтқан соң барып, «Ау, Әзиямысың?» деп жадырай күліп, кең құшағын жая түсті. Қауғалақтап ішке бастады. Апаны көрген сәтте мені екі нәрсе таң қалдырды. Біріншісі, жасы сексенге келсе де тұлғасы тіп-тік, қайратты, әжімі аз шырайлы ажарындағы табиғи тартымдылығы, екіншісі тағдыр тамырластығын былай қойғанда, бүгінде аймақ әйелдер қауымының көшбасшысы саналатын тұлғаны жыға танымағаны. Зейнетке шыққалы ширек ғасырдан астам уақыт өтіпті, қара ошақтың қасынан қарға адым ұзап шықпаған қарапайымдылықтары ғой, әйтпесе арттырғаны жоқ емес, жарқыратып орден-медальдарын тағып алып, ақ үйді жағалап, есіктерді аралап, бар екенін еске салып тұрса әлі де орны төрде, дегені өрде, элитаның алақанында жүретін-ақ жандар.
Бірақ дәреже таластыру, екі жеп биге шығу сынды психология бұл толқынға мүлде жат сынды. Маңдай терлерінің тамшысы сары маржанға айналып, туған жер төсін толқыған теңізге айналдырған алтын қолды аруларымыз енді бүгін елдің қариясы атанып, бір-бір қара орынды күзетіп, өз отының басында жым-жырт ғұмыр кешіп жатыр.
Бізді төрге оздырып, қолымызға мұқабасы жылтыр кітапты ұстатқан апамыздың алғашқы жаңалығы әкесі-Райхан ақынның мұрасы турасында өрбіді. Райхан ақын туралы аз-кем хабарымыз бар сияқты. Аудандық төл басылымымыз- «Жаңақорған тынысы» газетінің 2009 жылғы 16 желтоқсандағы санында Төменарық ауылындағы №53 мектептің сол кездегі директоры Алтынбай Мұстапаевтың «Райхан Шопанов Шиелі ауданы, Авангард (ол кезде Сорқұдық аталған) ауылында туылған. 1928-30 жылдары Тәжікстан асқан. Соғыстан кейін Өзбекстанның Шыназ ауданында тұрған. 1969 жылы Төменарыққа көшіп келеді» дей келіп ақынның өзі туралы:
Арғы атам Томпақ, Шопан қонып әруақ,
Жайлаған орта шенін Шиелінің.
Жібектей екі жағым кем жерім жоқ,
Белгілі Будабайдың жиенімін,-деген өлеңін келтіргені еске түсті.
Аудан тарихы туралы «Келешегі кемел аудан» кітабында Райхан ақын туралы «жете зерттеліп бітпеген ақын» деп жазылған еді. Міне, бүгін сол ақынның қызы Зүбайра апамыз бізге әкесі туралы сыр тиегін ақтара түсті:
-Әкем менің шайырлығы өз алдына, әңгімешіл, діндар кісі болатын. Менің балалық шағым Ташкент облысы, «Янгиюл» ауданына қарасты Тентексай каналы бойында өтті. 5-6 отбасы колхоздың мақтасын егетін. Колхозға жаңа үйлер салынып, «Ильич шамы» келіп, мәре-сәре болып жатқанда әкем «еліме көшемін деп отыратын. Тоғыз пернелі домбырасын қолынан тастамайтын. Халық әндерін ыңылдап, келген қонақты жібермей таңға дейін аңыз-дастандарды жатқа айтатын қасиеті бар еді. Сауатты, бірнеше тілді білетін. Орыспен орысша, тәжікпен тәжікше, татармен татарша еркін сөйлескенде таң қалатынбыз. Сол кезде қазақ зиялыларының басына түскен нәубет әкемді де айналып өтпепті. Әйтпесе сонша білімімен жат жерді сағалап, елеусіз ғұмыр кешпес еді ғой. Бірақ «алтын кездік қын түбінде жатпайды» екен. Соңына бір томға жуық қолжазбаларын тастап кетті. Өзі атамекенге көшіп келгеннен кейін бір жылдан соң өмірден озды. Хатқа түскен жазбаларын анамыз Қанымкүл арабшадан аудартып көрген екен «тұнып тұрған қазына ғой» деп баға беріпті. Содан Төменарықта ұстаздық еткен Абылбекұлы Мұрат ағамыз көп жылын сарп етіп кириллицаға аударды. Бірақ кітаптың жарыққа шыққанын көре алмады. Бұл жинақты осы таяуда немерем, ұлым Ергешбайдың қызы Әсел жинақ етіп қолымызға ұстатты,-деді ағынан жарыла.
Кітапты парақтап отырмыз. Әр сөзінен зиялылықтың, иман мен ар тазалығының лебі еседі. Райхан шайырдың кейінгі ұрпаққа қалдырған рухани мұрасында оның азаттықты, теңдікті, әділдікті аңсағаны, елінің болашағына үлкен үміт артатыны аңғарылады.
Біз одан әрі Зүбайра ападан кешегі ерен еңбекке толы күндердің естелігімен бөлісуді өтіндік.
– Біз отбасымызбен елге 1968 жылдары келдік. Ол кезде менің Жұмаділла Оспанов деген азаматқа тұрмысқа шыққан кезім. Ерім мұғалім болатын. Келе бала оқытуға кірісті. Мен Өзбекстанда мақта еккен тәжірибем бар, екі жыл енді құрылып жатқан шаруашылықта сушы болдым. Содан бір күні совхоз директоры Әбдіғаппар Нұртазаевқа кіріп; «маған жер беріңіз, күріш егемін» дедім. «Мұғалімге сеніп жер бере алмаймыз» деді. Мен өзіме, еңбегіме сенетінімді, мақтада екпінді болғанымды айтып, әзер дегенде 20 сотық жерге рұхсат алдым. Содан қия жерден жабайы жер бұйырды. Арықты қолмен қаздым. Су ұрады да кетеді, жыңғылмен, топырақпен бекітіп, тосқауыл қойып күні-түні әлекпін. Қасымдағы қатарлас серіктеріме қараймын. Жерлерін бульдозермен жыртқызып, қоршалатып алған. Мен де жатка айдайтын қайныма жалынып қоралап беруді айтып ем, қалың топырақпен үйіп қоршап тастады. Шыққан өнімім де селкеу, жабайы жерде желкесі құрысып, жұрттыкіндей жайқалмайды. Тек егін піскенде түкпірдегі еңісте бір айналым егінге тұнып қалған танапқа тіс салған комбайн он бес-жиырма метр сайын аузы-мұрны толып, дәнді құйып жатыр, құйып жатыр. «Диқаншылық бір иінінен береді» деген рас екен. Қатарымдағылар әр гектардан 24-28 центнерден өнім алса, менікі гектарына 44 центнерден келді. Сөйтіп жыл айналмай сенімді ақтап еңбегімді дәлелдедім,-дейді апа.
Осылайша диқаншылыққа дендеп кіріскен Зүбайра Райханқызы одан кейінгі жылдары да көрсеткішті бір де төмендетпей, гектарына 50-60 центнерден өнім келтірген екен. Ол кездері күріштіктің басында күнде оқу, күнде семинар. 1982 жылы ауданның бірінші хатшысы Ахметжан Жанпейісовтың мұның егістігі басында атыздықты етікпен кешіп жүріп, мамандармен агротехникалық шараларды талқылағаны да күні кеше сияқты. Бұл жерде басшыны да, қосшыны да қоғамның адал жауынгері етіп, ортақ уставқа бағындырған партиялық жауапкершілік сынды. Бұл кісілер осы антынан қиыс қадам аттамай, алғы күнге жарқын сеніммен аттады. Бір жылдары егіннің әр гектарынан 86 центнерден өнім келтірген де кез болыпты. Диқан сол бір молшылық жылы болған мына оқиғаны айтып берді: «Неден екені беймәлім, егіс танабының ортасында әңкиіп тұрған комбайнымыз кенеттен өртке оранды. Егіс басында ауданымыздың бірінші хатшысы Сәмит Далдабаев та бар болатын. Лап қойып сөндіруге ұмтылған жігіттерге: «Әуре болмай-ақ қойыңдар. Нақ мына егінге осы бір комбайнымыз садақа» деп еді». Ия, ел ырзығын еселеуде нешеме түрлі оқиғаларға кезікті. Қуанған да, қамыққан да, тасыған да, тарыққан да кездер болды. Бірақ қайраткер ана алған бетінен қайтпады. Сексен алтының күзінде жары Жұмаділла өмірден озды. Ендігі ретте екеуінен өрген 7 ұл-қызды өзі өсіріп, тәрбиелеп, жетілдіру міндеті Батыр ананың мойнына артылды. Ол жалғыз емес еді, үлкен қызы Гүлсінай да анасы сынды талабымен тас жарып, еңбекте озат атанды. Кейін қазақтың ауыл шаруашылық институтында оқып, жоғары білім алды. Зүбайра апа перзенттерінің барлығын да оқытуға күш салыпты. Екінші қызы Салтанат Циалковский атындағы авиация техникумында оқып, қазірде стюардесса. Қамидасы Орта Азия мемлекеттік университетін бітіріп, Байқоңырда қызмет істейді. Нағимасы Киев қаласында байланыс институтын, Бағила Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде информатика факультетін тәмамдаса, Гүлданасы өнер академиясын бітірген. Ұлдары Ергешбай мен Руслан да бүгінде белгілі кәсіпкерлер.
-Жиырма екі жыл күріш егумен айналысып, осы балаларымды ешкімнен кем, ешнәрседен кенде етпесем деп тырбанып еңбек еттім,-дейді Зүбайра апа. Кісінің жігерін жанитын ең алдымен намысшылдық екен. Көштен кейіндеп қалмауды мақсат тұттым. Еңбегім еленбей қалған жоқ. «Еңбек даңқы» орденімен, «Бесжылдықтың екпіндісі» төсбелгісімен, «Еңбек ардагері» медалімен марапатталдым. Отыз жасымда партия қатарына өтіп, аудандық партия комитетінің пленум мүшесі, облыстық, аудандық кеңеске депутат болып сайландым. Ізімді басқан қызым Гүлсінай да құрметті марапаттарға қол жеткізді. Облыстық кеңестің депутаты болып, халықтың аманатын орындауға күш салды. Осының барлығы, айналып келгенде, еңбектің арқасы. Еңбек адамды көркейтеді деген рас. Өмір жолыма өкпем жоқ. Тағдырыма разымын, – дейді ардагер ана.
Зүбайра апа бізбен қоштасарда қимастықпен көзіне жас алды. «Әзия, айналайын. Сені Елбасымен кездесуіңде телебезерден көріп қуандым. Содан кейін көріп тұрғаным осы. Отбасыма Елбасының өзі келгендей төбем көкке жетіп отыр. Шынында да солай ғой. Ол кісіге бізден сәлем айт. Елдің жағдайы өте жақсы. Кешегі қиын шақтың өзін биік төзім, жасымас жігермен еңсердік қой. Қазір қайда-а, жұмыс жеңілдеді ғой. Тек жастарымыз жалқаулыққа салынуға болмайды. Келгендеріңе рахмет. Баян қызым, жазғандарыңды оқып тұрам. Анаңа сәлем айт. Мына суретші балам да немереме қатты ұқсайды екен. Бақтарың ашылсын, қарақтарым»,-деп ақ батасын берген тәбәрік тұлға қашан біз көлікке отырып, қарамыз үзілгенше соңымыздан тапжылмай қарап тұрды.

Баян ҮСЕЙІНОВА.
30 қаңтар 2018 ж. 1 051 0