№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

АДАЛДЫҚ


Есік айқара ашылып, класқа екі кісі кірді. Бірі сабақ беретін апайы Роза да, екіншісі мұздай киінген милиционер сопақша келген, қара торы кісі. Су ағарында болар - болмас мұрты бар. Жас шамасы егделеу. Бейтаныс.
Алғашқы көргенде отырғандар үрпиісіп қалды. Тосын кездесуге таңырқасып отырғаны да рас. Ақырын күткендей әп-сәтте класс ішінде меңіреу тыныштық орнады. Құлаққа қаңғалақтап жүрген шыбын ызыңы ғана естіледі. Көп көзі тақта алдындағы әлгі екеуде.
–  Құрметті оқушылар, сендермен Асқар ағаларыңның азырақ әңгімесі бар көрінеді. Тыныштықты апайлар бұзды. Жәудір жанарын қасындағы милиционерге бұрып "айта беріңіз" дегендей ишарат етті.
– Жоқ іздеп жүрміз, балалар, – деп қалың қабағының астымен отырғандарды шолды. Сендердің көмектерің керек еді. Кеше бір машина картоп ұрланды.
Мұны естіген оқушылар елең етісіп қалды. Отырғандар «ұрланғаны несі» дегендей қозғалшықтап кетті.
– Картоп болғанда ертең бір күн егілетін тұқымдық картоп, – деп абыр-сабырдың соңын күтіп, үзілген сөзін сабақтады. Сол жайлы білетіндерің болса, не көрсеңдер, бізге, мына ағайларыңа хабарлап, құлақ қағыс етерсіңдер, – деді сөз соңын бітіріп иегімен мұғалима жақты нұсқап.
Мұны естіген оқушылар одан сайын үрейленді. Орта буындағы Арман көңлі неге екенін қайдам, өрікпіп кетті. «Картоп ұрланды» деген екі ауыз сөз құлағында шыңылдап кетер емес. Бота көзін жыпылықтатып айналасына үрке қарайды.
«Ұрланды, ұрланды». Қалқан құлағы шыңылдап одан өзгені естірткен жоқ. Бала көңіліне күдік келтірген түндегі бір жай оралды.
... Көзі ұйқыға енді барғанда, сыртқы есік тарс-тұрс ұрылып, тыстан «Аш, әй Алмагүл» (анасының аты) деген әкесінің өктем үн естілді. Асыққаны сонша екі-үш рет қиюы кеткен есікті жұлқылап тартқан. Әдепкіде бойын үрей билеп, көрпе астынан басын қылтитып тың тыңдады. Сәлден кейін сөйлеп кірген әкесінің даусын танып көңілі орнына түскен.
– Жайшылық па, көкесі-ау (әкесін осылай атайтын) зәре-құтымызды алдың ғой, сонша түйгіштеп. Үстіне жамылған желбегейінің белбеуін байлап жүріп осылай деп жүр.
– Тыс, балаларды оятасың. Одан да күртешеңді жамылып тысқа шық. Тездетіп картоптарды жасырайық.
– Жасырғаның не, ұрлағаннан саумысың, – көзі атыздай болып анасы осылай деп жатыр.
– Сөзді қайтесің. Тез шық. Даусын көтеріп жекіп тастады. Сыртқы есікті сықыр еткізіп, шешінбестен шығып кетті. Ізін өкшелеп, анасы да аяғына ілінгенін сүйретіп асыға жөнелді.
Ұйқысы қашқан Арман әлгі әңгіменің бәрін естіді. Сытылып, ізінше бұлда сыртқа шықты. Жақын келуге қорқып шөп қораның екінші бұрышын айналды. Әдепкі көргені көрші ауылда тұратын Әбілдің " көкқасқасы" болды. Кузовын аспанға көтеріп, әлде бірдеңені сау еткізді. Үшеулеп жиылған шөппен жасырып жатыр.
Одан әргісін күткен ол жоқ. Зып беріп, жылы төсегіне дым білмегендей қойып кетті. Содан көзге ұйқы келмеген. Әкесі мен Әбіл гуілдесіп отырып бір бөтелкенің басына су қойды. Осы аптадан қалдырмай қаладағы таныс  сәудегерге әлгіні сатқызбақ болып келісті.
Милиционер сөзінен соң ойына осылар оралған. «Ұрланған сол шығар». Көңіліне күдік кірді. Қорыққаны сонша көзі айналып, алақ-жұлақ етіп, шығып барады. Жалтақтап отырып, болар-болмас қолын шошайтып.
– Не болды, Сандыбаев. Бірдеңе демекпісің, – деп ұяң шыққан ұстаз сөзі оны селт еткізді.
– Апай айтайын... Орнынан сүлесоқ көтерілді. Басын сипалап, сөзінің соңын бітірмей жұтып жіберді.
– Қысылма, айта бер!
– Жо...жо...жоқ. Ө...өзіңізге... Тілі күрмеліп қалды, сасқалақтағаны сонша күйгелектеніп тұр.
Сыртқа сытылып шыққан үшеуді кластағылар үркек көзбен шығарып салды. Жанарын аударып, төңкеріп қасындағы екеуге алма-кезек қарайды.
– Айта ғой, Арманжан?
– Қысылма. Жүзін жылытып асықтырған олар жоқ. Үркектеп тұрып көргенінің бәрін жіпке тізгендей айтып шықты. Даусы дірілдеп:
– Апай, балаларға айтпаңызшы. Олар естісе «ұрының баласы» деп мазақтайды, –деді көзін жасқа шылаулап. Бала көңлі босап, ызадан от болып тұр.
– Мақұл, жаным, мақұл. Сабағыңа кіре ғой. Сен қайта ағаңа көмектестің. Оқушының басынан сипап, арқасынан қағып класқа кіргізіп жіберді.
Арман сол күні көңлі пәс түсіп қайтты. Еш нәрсеге зауқы болған жоқ.
Үй жанына келгенде екі-үш кісінің картопты қаптап машинаға тиеп жатқанының үстінен түсті. Жүні жатып, сыртап тұрған әкесін аяп кетті. «ұрлағанша сұрап алмайсың ба?» дегісі келетін сияқты. Бірақ бата алмады.
Ойына адалдақтан аттамау керек деген ұстаз сөзі оралды.
Файзулла САХИЕВ,
Халықаралық Жазушылар
одағының мүшесі.
28 шілде 2018 ж. 677 0