№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Айрауықтың ащысы


Жаңақорғанның Төменарық аймағындағы «Бектібай сазы» деген елді мекенде дүниеге келген Оңтүстікке аты белгілі керемет күйші Әлшекей Бектібайұлы өзінің 85 жыл ғұмырында (1847-1932) жүзге тарта күй шығарған. Оның алпысы бүгінде өнер сүйер, күй қадірін түсінер иісі қазаққа белгілі.
Біздің бұл әңгімеміздің желісіне Ықылас сынды күйшімен бір болып, хас талантымен талайдың таңдайын қақтырған жерлесіміз Әлшекейдің «Айрауықтың ащысы» күйінің өмірге қалай келуі өзек болады.
Әлгіндегі шаршы топ ортасындағы қощеметпен қолпаштау кәрі еңсесін көтеріп, өзін бір жасатып кетті. Байқамайды екен, тұла бойы тұнып тұрған талант, қос ішекті жиде домбыраның тіл бітірушісі екен-ау. Он саусақ перне үстінде құрдай жорғалап, саумал сазды төпетіп төгіп тұр. Шанақтан төгілген сиқырлы саз бойды шымырлатып, ерік пен ақылды алып, идіріп, итіндіріп барады.
Айналасы ат шаптырым келетін базар ішіндегі қалың топ әп сәтте-ақ күй естілген жаққа ойысқан. Елеңдесіп құлақ түріскен көпшілік әдепкіде күй сиқырына бой алдырып, еріксіз елітіп басын төмен иіп, тұқыртып жансыз домбыраны сарнатып отырған палуан денелі күйшіні қаумалаған. Жарысынан қалғандай тоғытылған. «О, тоба, тегі бұл кісінің ақ сайтаны бар шығар, базаршы біткеннің басын шыр көбелек айналдырған, не құдірет!» «Пайда жолын аңдып, бозала таңнан табаны тозған сарт екешің де сабылды-ау» – деп ойлаған, бір бүйірден ентелей келіп, қалың тобырғы сіңіскен екі үш қалпақты қарт. Осы кезде нөпір топты жарып жанына таянған қаба сақалды қарттың «Шырағым шебердің қолы ортақ, шешеннің тілі ортақ» деген ғой. Мына қауымның көбі күйіңді естімей енді біреулері өзіңді тұспалдап, көре алмай әуре-сарсаңда, ентелей сеңдей соғысып кетті. Айып болмаса күйіңді аттың үстінде отырып тартшы. Ақыңды жемеспіз» – дегеннен кейін барып ес жиған.
– Ол не дегеніңіз қария-ау, күн көріс үшін кәсіп еткен жан емес едім. Ақысыз-ақ айтқаныңыз болсын. Сөзіңіз жерде қалмасын. Аттың үстінде отырып-ақ тартайын, – деп шибарқыт сырма шекпенін шешіп күрең бестінің үстіне жайғасқан.
Үйрек бас ердің, керсеніне молдас құрып жіберіп, төңірегіне кәрі көзін қадаған. Сілтідей тұнған көпшіліктің аш көзі мұның әрбір қимылын торғай аңдыған мысықша бажайлаған. «Енді қашан» дегендей өзеурей тағатын таусып, лық етіп бір серпілген. Серпілген халық селк еткен.
Бұл кезде күйші ойнақы көзін тобырдың ең шетіне қарап, әр мақамға салған, домбыра шанағы күңіреніп, қос ішектен не қилы саз төгілген.
Оның ойына сондағы қан базардағы қолпаштау, қошемет, қайта оралған. «Тыңдаушысын тапқан күй құдіреті деген осы екен ау» – деген өзінше. Ат желісі қажытқан Әлшекей марғау күйде өз ойларымен келе жатқан қасындағы төртеуге үнсіз ғана көз салды.
Жоқ іздеп жолға шыққалы үшінші күн. Өздері де болдырып келеді. Аттың жайсыз желісімен қабат ащы аңызақта мазаны кетіріп, рахат сәт табысты қажет етіп тұрған. Бай ауылының үстінен түскені бұларды балаша қуантқан «Айрауықтың ащысындағы» Бекен байдан береке табармыз деп үміттеріне от үрлеп өздерін ауыл қарасы көрінгеннен марапаттаған. Сол тәжікелес үстінде байдың сегіз қанат ақ үйінің алдына ат басып тіреген.
Сабаудай бес кісінің көргенде, алғашқыда бай екеннің ыпыны қашып, түсі жауар бұлттай түнерген. Қалың қабағының астынан қызыл көзімен ата қарап, жақтырмаған сыңай білдірді.
Онысын сездірмеген болып, сәлемдесіп ат үстінен түскелі тұрғандарға қарап:
– Қарақтарым, маңайда мал тебіңдер көк қалмады. Шаруа жайымен қоныс аударып көшкелі жатырмыз. Енді бір құм ассаңдар алқа қотан ел бар. Соған барып құдайы қонақ боларсыңдар, – деп түстік беттегі шағыл құмға қарай қолын сілтеді. Аттан түсірерге ықырары болмағаны білініп-ақ тұр. Түксиген қабағына сайқал күлк жүгірткен.
Күйші әдепкіде іштей: «Пейіліңді итке бергір» – қонақ келсе қуанатын ата қазақ салтын бұзғаны несі, – деп, оның әлгі сөзінен тіксініп қалған. «Байдың қолы қалтырауық, жоқ жомарт» – деген осындайдан шыққан ұлағат екен-ау, тәуірі – деген үзілген ойын сабақтап. Бекен байдың соңғы сөзінен соң.
Ат жалын ұстап үзеңгіден аяқ шығарып қопан етіп көтеріле орақ ауызды. Мұстафасы төбеден қойып қалғандай ерге сылқ етіп қайта отыра кеткен. Күйшіден кірбіңін көңілде ұстап тра алмады. Тоғытылып басты күңіренткен ащы шындықты бүгіп қала алмай, қарғын судай лақылдатсын келіп. Шабыты шалқып шымшылап болмаған «Айқара есік ашып күтіп алу орынан айдап сал әңгімемен шығарып тұрған ызғарлы байға ырғақ таба алмай кете бермексіңдер ме?» – деп сыбырлады екінші бір ойы.
Қайрап, қайысқа жанып, өткірлеп тұрғандай көңілін әлем-жәлем етіп шынбайын түрткілеп болмады. Ақыры:
«Айрауықтың ащысы-ай»,
Тұщы судың тапшысын-ай
Бес жігітке қурылған,
Бекен байдың апшысы-ай!
Кеш құрым қайда жүрейік,
Жол сырын қайдан білейік.
Кеңшілік етсе байекең.
Үй сыртында түнейік, – деп кетіруге асыққан Бекен байдан жанарын жазбай, ойын мазалап ойнақшып тұрған от шумақты төгіп-төгіп жіберген.
Мұны естіген бай шырт ұйқыдан тұрғандай селк етті. Сөз аяғын күтпей-ақ «тегін жүрген жортуылшы» болмады деп түйді. «Соңына өлмейтін сөз тастап, көпке сайқымазақ ететіндерден болды ғой, бұлар». Ойын тез үзді. Кешірім сұрағандай болып, ересектеу деген болар. Күйші Әлшекейдің тізгініне оралды. Манағыдай емес, жүзіне болар-болмас жылылық жүгірген.
– Қара көлеңкеде байқамаппын, өзіміздің Әлшекей мен Мұстапа екен ғой. Біріңнің күйіңді, біріңнің жырыңды сағынғалы қанша күн. Шаужайға оралған Бекен бай көлгірсіген күйі лыпып осылай деді. Беті бүлк етер емес. Жақтырмаса да бергі жағымен асты-үстіне түсіп, бәйек болған сыңай танытады.
Сол түнді байдың ақ отауында өткізді. Түннің бір уағына дейін сексеуілдің жігерін үй ортасына маздатып қойып, ұзақ-сонар әңгіме тиегін ағытқан. Байекең сөз сүңгісінен тайсақтиап, қонақ күтерінің бәрін жасаған.
Суық сорып, ат қажытып, жол соққан әлгі бесеу жал жеп жадырап, қазы жеп қатайып, қымыз ішіп қызынып арсыздықтары арқасында маңдайын терлетіп, денесін бусантып, көктемгі күндей дел-сал қалыпқа түскен.
Осы кеште Әлшекей күйші Бекен байдың қолқасынан соң жиде домбырасын қолға ұстаған. Түйіліп біраз үнсіз отырды. Домбыра құлағын келтірді. Бір-екі рет қағып-қағып жіберді. Қып-қызыл шоққа қыздырынып нарттай болып серіктестерінің етегін алып отырған үй иесі Бекен байға көз тікті. Ол да беріле тыңдаған кісіше құлағын түріп еліре қалыпты. Саумал тыныштықты бұзып: – Бұл күйді «Айрауықтың ащысы» – деп дауысын кенеп қойды да домбыраны безілдете жөнелді.
Әуені әу дегеннен үй ішін шарлап кезіп кетті. Домбырада дамыл жоқ. Шанақтан ащы шындық шашырады. Перне үстіндегі бес саусақ кәрі жорғадай бүлкілдеді. Сиқырлы күйде сиқыр бар секілді. Толық денесін тарылтып жылан сыққандай сығымдап бара ма қалай?
Не пәлекет бқл. Өзегін өртердей. Шыңылына құлақ шаншиды. Оның төпетіп уғындырып жатқаны сал ақын Мұстапаның кешегі айтқаны: «айрауықтың ащысы-ай, тұщы судың тапшысы-ай. Бес жігітке қурылған, Бекен байдың апшысы-ай».
Күйшінің сұңғыла сезімі осы. Бекен байдың кескен томардай денесін ашуға алдырып, тышқақ лақтай тырысып, іштен тынып терісіне сыймай тыңдап, одан ұғып отырғаны да сол.
Құлақтан кірген зар жоқ күйшінің сұңғыла шертісі жүрегін шаншытып өзегінде аш қасқырдай жортуылдап, бүлкілдеді де отырды. Астарында ащы шындық жатқан әлгі күй бірте-бірте екпіндеп, нөсер дауылындай соғып өтіп теңселтіп кетті. Жанын жеп бордай мүжіді. Еңселі кеудені езіп жаныштап жатқандай. Күйші болса төпеп ұрып отыр. Күй иесін іздеп шарқ ұрып, үйді қарпыды.
Күй құдіретін, күйші қасиетін енді сезінгендей. Жылымық сәуле жүгіріп өтіп, арындаған алқымына қол салып екпінді адымына тұсау салғандай кібіртіктете берді. Байлық маңсаптың күй құдіретіндей қауқары жоқ екенін, оның алдында пыс болып бұқпа торғайдай бұғып, жер болып қалатынына енді-енді көз жеткеніндей. Бір тиындық құны жоқ байлықтың басына ұрғысы келді. Бірақ дүние алдында қызыл көрген түлкідей тайғанақтап шыға берді.
Бұл кезде арындап адамдық пен арамдықтың арасын ұғындырып жатқан күй жалғыз жортқан құнандай бірден қанат қағып кеткен. Алып денесі бір уыс болған күйші, кемел шағына келіп тілсіз домбыраның тілін шығарған. Көңіл ойын дәл жеткізген мына кейпіне іштей тәубе десіп отыр. Өңінде марапаттанған сыңай бар. Тыңдаушыларын шырмап, еліктіріп, елтіріп көзсіз құдіретке мас қылған. Ойы әлем-жәлем. Күй арыны бәрінен бұрын өө иесін итше талап жатыр. Саусақтарына тікен кіргендей жанын жеп безілдетіп, ашындырып кетті.
Ілкі топ отырғаннан күй екпіні асау теңіздей аспанға атып, кемерін түйгіштегендей шекені солқ-солқ еткізіп барып шорт үзілгенде селк етіп ес жиды.
Соның бірі манапас бай Бекен-тін.
Ертесіне бұлар жүргелі жатқанда көз алдын дүние торлаған бейшара бай бесеуінен де кешірім өтініп: – Ат тон айыбын тартқан, үстеріне бір қойлық шапан жапқан екен.
Көп ұзамай Бекен байдың пейілін білдіретін тілсіз құдірет «Айрауықтың ащысы» деген күй ауылдан ауылға тарап, қос ішекті үкілі домбырадан қайта жаңғырып, бүгінгі біздің ұрпағымызға келіп тізгінін ұстатқан екен.

Файзулла САХИЕВ,
Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі.
26 мамыр 2018 ж. 923 0