№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ҰСТАЗ ҚУАНЫШЫ...

ҰСТАЗ ҚУАНЫШЫ...


Ақпанның бел ортасынан асқан кез. Жерде қар болмағанымен, мұздай ауа өңменіңнен өтіп барады. Қарбалас жұмыстың шегі бар ма? Бірін бітірсең, екіншісі ентелеп келеді де тұрады. Осылайша күн артынан күн сырғып, ай артынан ай жылжып, уақыт керуен өте береді екен. Бесін ауа жолдасыммен ақылдасып, Шымкенттен Жаңақорғанға бет алдық. Мақсат – ұстазыма сәлем беріп, қал-жағ­дайын біліп қайту.
Жаңақорғандағы №163 мектепті бітіргенмін. Сонда қызықты балалық шақ өтті. Білім алып, болашаққа асқақ мұраттар құрып, өмірді таныдық. Әйтсе де, мені бір ой мазалады. Қаншама жылдан кейін апайым «мені тани ма?» деген сұрақ тұмшалады. Жолда келе жатып, кластасым Құралайға хабарласып, Мереке апайдың үйіне алып баруын өтіндім. Уәделескендей Құралай күтіп алып, апайдың үйіне қарай жол бастады.
Жаңақорған кенті адам танымастай өзгеріп кетіпті. Жаңарған. Жаңғырған. Өскен. Өркендеген. Оны сәулеті жарасқан ғимараттардан аңғардық. Тіптен, кенттің территориясы кеңейіп, Шалқияға жақындай түсіпті. Ал, көше бойы сауда-саттық дүкендері, көлік жуу орындары және т.б. кәсіпкерлік нысандары көбейген. Яғни, аудан орталығының еңсесі көтеріліп, дәулеті артқаны көрініп-ақ тұр. Әрине, мұның бәрі ерен еңбектің арқасында келгені анық.
Шіркін, уақыт деген бір орында тұрушы ма еді? Сырғыған сағаттар сағымға айналса да, жүректе сайрап жатыр. Жаңақорғанның көшелерінде жүрген жолдарым, достарым, ұстаздарым көз алдыма келе бастады, келе бастады...Тәтті шақ. Қызығы көп, шаттығы мол кез. Бәрі-бәрі кезек-кезегімен ойға оралып, жастық кезеңді сағындыра түсті. Қалың ойдан «ал, келдік»деген Құралайдың дауысы бөлді.
Қақпаны ашқан апайдың немересі ауланың түкпіріндегі үйге бағыттады. Үй жаңадан салыныпты. Қаланың үйлерінен еш кем емес. Тап-тұйнақтай, жып-жинақы, айналасы мұнтаздай таза. Үйге еніп, апай отырған бөлмеге қарай адымдадық. Төрдегі мамық кереуетте Мереке апайым отыр. Қашаннан ақжарқын, мейірімді апайым құшағын жайып қарсы алды. Құшақтасып жатырмыз...
– Апай, қалыңыз қалай?
– Құдайға шүкір! Шымкенттен оқушым келе жатыр дегенде: – Бұл кім болды екен? – деп таңырқағаным рас. Сөйтсем, өзімнің Қалыймам екен ғой! Жағдайың қалай, қарағым?
– Жақсы. Елге қызмет жасау жолындамын. Қазір «Нұр Отан»партиясы Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалы төрағасының орынбасары қызметіндемін.
– Бәрекелді! Кезінде көзінде от, жүрегінде жалын бар осы оқушым «елге қызмет етеді» деуші едім. Айтқанымдай-ақ келіпті.
– Рақмет. Сізбен дидарласып, амандық-саулығыңызды біліп кету. Басқа жұмыс жоқ.
– Қалыйма-ай, айналайын, өсе бер, өрлей бер! – деп мейірімін төге түсті ұстазым.
Апайдың жүзінен шынайы қуанудың нышанын байқадым.Жасы сексеннің үшіне шыққан жанның сүйегі асыл ғой. Тек шаштары ағарып, бойы аздап шөккені болмаса, жанарынан от таймаған, жүзі бал-бұл жанып тұр. Әңгіме тиегін ағытып, шай іштік. Апайым басынан өткен-кендерді айтып, елдегі бастамаларға тоқталды. Ұстаз жүрек бәрінен хабардар екен.
– Осы уақытқа дейін мені арнайы іздеп ешкім келмепті. Мені қатты қуантып тастадың, – деп ойын жасырмады. Жүзіне қарасам, қарттың бетіндегі әжімнен бір тамшы жас сырғып барады екен. Әрине, қуаныштың, шаттанудың жасы болса керек-ті. Сондықтан, апайдың бір тамшы жасы менің тұла бойымды шымырлатып жіберді. Бойымды күш кернегендей болды... Келгеніме іштей қуандым...
Мектепті бітіргенімізге қырық үш жыл өтіпті. Білім ордасында жақсы оқыдық. Апай математикадан сабақ беретін. Әрі біздің сынып жетекшіміз болатын.
Ол кездегі оқушылар үшін барлық пән бірдей.Мұғалімге деген құрмет ерекше еді ғой! Ұстаз мәртебесі биік-тұғын.Жасыратыны жоқ, сол кездегі мұғалімдердің кәсіби біліктілігі жоғары ма еді? Ұстаздарымыз кітап оқуға қызықтыратын.
Біздің үйде «Қызықты математика», «Қызықты физика» деген кітаптар болатын.Соларды оқып, сабақ сайын мұғалімге сұрақ дайындап баратынмын. Тапсырманы тез орындап болып, жан-жағымдағыларға бұрылып, жәрдемдесуге кіресітінбіз. «Сабақта тыныш отырмайсың» деп мұғалімдерден ұрыс та естуші едік. Апайым осындай мазмұны терең оқушылық кезеңді еске салды.
Ұзақ әңгімелестік. Бізді жібергісі жоқ. «Қонып, қасыма жатып кетсейші!» дегені жүрегіме жылы тиді. Әжем есіме түсіп, көңілім босады. «Өс, өн айналайын, бала-шағаңның қызығын көр» деп батасын беріп, ақ орамал басыма жауып, шығарып салды.
Ыстық қолдарымен мені қаусыра құшақтағанда ерекше күйге ендім. Ең жақыным сияқты. Артыма тағы да бұрылып қарадым. Апай оң иығымен босағаға сүйеніп әлі қарап тұр екен. Қоштасқысы келмейтін сияқты. Денесі аздап иіліңкіреп қалғанын енді ғана көзіме түсті. Уақыттың ізін-ай!..
Бір үлкен шаруа бітіріп тастағандай апай берген ақ орамалға оранып, ақ батаның рухани күшімен Шымкентке қарай тарттық. Маған таныс емес ерекше бір сезім жан-дүниемді баурап барады. Ол – ұстаздың аялы алақанының жылылығы секілді. Әлде, ұстазымның жылы-жылы сөздері бойымды жылытты ма? Не де болса, апаймен кездескен нұрлы күн жүрегімде ұзақ сақталатыны айқын...

Қалыйма ЖАНТӨРЕЕВА,
Шымкент қаласы.
31 наурыз 2018 ж. 1 244 0