Соңғы жаңалықтар

№92 (8906) 2

02 желтоқсан 2025 ж.

№91 (8905) 29

29 қараша 2025 ж.

№90 (8904) 25

25 қараша 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031 
» » » Ұлтын сүйген ер еді

Ұлтын сүйген ер еді


Ауыл – қашаннан алтын бесік. Адамзаттың күнкөріс тіршілігінің тамыры, өмір өзегі. Ауылдың ақ топырағында өсіп-өніп, табиғи дәстүріміздің өнегесімен  жан-жақты қаруланып өскен жастың бойында қарағайға қарсы біткен бұтақтай дауылға сынбайтын өр мінез, жасын жігер, мөлдір тазалық қатар орнығады екен. Осы ұстаным, осы болмыс оны өз биігіне шығарады.
Тұлғаны дәуір тудырады. Бұл тұрғыдан келгенде бүгінде сексен мен тоқсан жасты бағындырған біздің ұрпақтың маңдайынан тағдырдың сипай қоймағаны анық. Балалығымыз елдің басына түскен ауыр күндермен тұспа-тұс келді. Тауқыметтің де дәмін аз татпадық. Алты жасымыздан аттың қосын жегіп, арба айдап, үлкен іске болыса білген талабымыз қабырғамызды ерте қатайтып, алыс көкжиекке қанат бітірді десем жаңылмаспын.
Тірі болғанында бүгінде тоқсан бестің төріне озар Нұржанұлы Еркін Әуелбеков туралы жазбамды замандастар тағдырынан бастауымның жөні жоқ емес. Өйткені әрбір ұрпақ – өз заманының жемісі.
Сыр өңірі – табиғаттың мол тартуынан кенде қалмаған киелі мекен. Бірақ оның қыртысын жазып, қатпарын танып, табысқа қол жеткізу үшін тереңтаным, табанды талап аз, жан-жақты ұйымдастырушылық та қабілет қажет. Міне, Еркін Әуелбеков осындай қасиеттің адамы еді.
ЕркінНұржанұлы 1985 жылдың қаңтарында Қызылорда облысы партия комитетінің 1 хатшысы болып келді.  Бұдан бұрын Көкшетау, Торғай облыстарын басқарған кезінде айрықша жұмысымен танылып, «Социалистік Еңбек Ері» атағын иеленген, аты кеңге жайылып, «аңыз адам» ретінде көкейге қонған тұлғаның біздің облысымызды басқаруға келгені, әрине, көпті қуантты. Өзінің ерекше талантымен, іскерлігімен ерте көзге түсіп, жалындаған отыз жасында ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары болып қызмет атқарған Еркін Нұржанұлы әр іске байыппен, мемлекеттік деңгейде қарайтын қарым-қабілетімен күрішпен ғана күнелтіп келген өңірдің өндірісін өркендетуге ерекше ден қойғанын айтып өткен жөн. Атап айтқанда, ол кісінің  тікелей одақтық министрліктердің тілін тауып, мәмілеге келуінің арқасында Қызылордада жаңадан күріш ақтау, вагон жөндеу зауыты ашылды. Тігін фабрикасы іске қосылды. Қиыршық тасты өндіру технологиясы қолға алынды. Облыс басшысының Жезқазған аймағына қарасты «Құмкөл – мұнай» кешенін  өз өңірімізге ұзақ уақытқа жалға алу туралы шешімге қол жеткізуі облысымыздың тұтас экономикалық-әлеуметтің ахуалының тұрақты дамуына негіз қалап берді. Сыр өңірі осы жылдары мұнай өндіретін алғашқы үштіктің қатарына енді. Төрт жылда облысымызды төрге оздырған Еркін Әуелбековтің іскерлік қыры – осы мүмкіндіктерді алдын ала саралап, нақты нәтижеге қол жеткізе алуында еді.
Ізденіс пен іскерлік қатар жүргенде жолың ашылып, бағытың айқындала түседі. Оған барар жолда тірегің де, сүйенішің де – еңбек адамы. Еркін Нұржанұлы ең алдымен осы ақиқатты ар таразысында салмақтап, табиғатына сына түсірмеген кісі еді. Қай жерде қызмет атқарса да қарапайым еңбек адамдарына көңіл бөлуді ұмытпады. Тіпті күнделікті өмірде отбасы қажетімен базарды өзі аралап, дүкендерді жаяу жағалайтын қасиеті ол кісіні халықты жағдайына етене жақын етті. Ешкімнен мәлімет сұрап жатпай-ақ ел өмірін түбірімен біліп, көз қанықтыруы басшының қызмет бабында алдыңғы кезектегі мәселелерді дұрыс талғап, нәтижелі шешім қабылдау­ына айқын жол ашты деуге болады. Осы айтқандарымды өз көрген-білгендеріммен нақты дәлелдейін.
Еркін Нұржанұлының Қызылорда облысының бірінші хатшысы қызметіне  тағайындалып, аудандарды аралап, шаруа­шы­­лықтың жағдайларын өз көзімен көруге кірісіп кеткен кезі. Алдымен «мал-жаның аман ба?» деп сұрайтын ауыл адамы емеспіз бе, облыс басшысы соға қалса қамсыз қалмайық деп басшысы бар, қосшысы бар, қора-жайды бүтіндеуге жұмылып кеткенбіз. Жайылма шаруашылығына келгенде  егін мен мал жағдайын баяндап қоя берген жауапты өкілдерге «Маған малдың емес, сол малды бағып отырған адамдардың хал-күйін, малшы балаларының жағдайын көрсет» деген талабы ол кісінің бүкіл жан-дүниесінен хабар беріп, елдің ықыласына ие етті.
Ол кісі халықтың әлеуметтік хал-ахуалын жетік біліп отыру үшін жиі тексеру жіберіп, кадр мәселесіне де қатаң талап қойды.  Ол кісінің кезінде уағында қаралмай қалған арыз-шағым деген болмайтын. Өйткені оның барлығының астарында елдің мұңы мен мұқтажы бар деп білді.
Қолы мен ары таза, жаны әділетті жақтайтын адам ретінде ол бұқараның бірлігін ойлады. Ол кісі басшылыққа келгенде еліміз қайта құру кезеңінің баспалдақтарынан өтіп жатқан қиын шақ еді. Бірақ осындай өзгерістердің өзінен ол оң жамбасқа келетін оңтайлы тәсілдерді жылдам әрі сапалы пайдаланып қалуға бар іс-тәжірибесін аямады.                                 
Елу-алпысыншы жылдардан бастап Арал теңізінің тартыла бастауынан тұзды дауылдардың тұруы ауа райының бұзылуына алып келді. Халықтың денсаулығына кінәрат туғызды. Байқоңыр ғарыш айлағының жағдайы да жергілікті халықтың құқына қол сұғылғанмен бірдей еді. Осы мәселені жоғарғы орындарға қойып, зияндылық коэффициентін ескеріп жалақыны жоғарылату, халықтың емделу мен демалу мәселелеріне жеңілдіктер ендіру бойынша нақты талаптарды  орындата білді.
  Бұл кезде мен ауданда жаңадан құрыл­ған «Алмалық» жеміс-жидек шаруашылығы­ның директоры болатынмын. Маманды­ғым – экономист. Оқу бітіріп келген 1969 жылы мені «Красная звезда» кеңшарына экономист етіп жіберді. Бір айдан соң-ақ бас экономист болып тағайындалдым. Кеңшар директоры Шәзінде Қарақожаев болатын. Одан әрі он жыл «Төменарық қой совхозында бас есепші болып қызмет атқардым. Бұған дейін ауданымыз мал мен егін шаруашылығын жолға қойғанымен бау-бақша мәселесіне көңіл бөлінбей келген. Дарияның маңайындағы құнарлы топырақ жеміс-жидекті орналастыруға да өте қолайлы әрі өнім молшылығын қалауда мұның өзектілігі бір де кем емес. Осыны қаперге алып, алғаш 1981 жылы «Алмалық» шаруашылығының не­гізі қаланды. Әрине, әрбір істің бастауы қиын. Бағбандықтың тілін білетін кә­нігі мамандарды Өзбекстанның Жызақ өңірінде тұрып жатқан ағайындарымыздың арасынан тапқанымыз да рас. Осындай он бір отбасын елге көшіріп алдық. Оларға арнап мемлекеттің есебінен он бір баспана салып бітірлдік. Өңгесінің бәрін табиғаттың өзінен алдық, айнала сыңсыған шеңгел мен жыңғылды қоршауға пайдаланып қора жасадық. Сөйтіп алғашқы жылы 25 гектар картоп, 16 гектар бау-бақша, 20 гектар қауын-қарбыз ектік.  
Еркін Әуелбеков біздің шаруашылыққа арнайы келіп, егістікті аралап көрді. Бұл кезде біз жылыжай мәселесін қолға алған едік. Сол үшін көрші Шиелі ауданынан тауып әкелген Гимлер Василий деген кәріс азаматы осы жұмысты қолға алып, 1,5 гектар аумақжылыжайымызда помидор мен қияр екті. Жайқалып өскен жемісті көріп риза болған обком хатшысының жұмысымызға жоғары баға беруі біздің де көңілімізді өсірді. Еңбекке одан әрі құлшындыр­ды. Шаруашылықтар маңайында асхана тұрғызуды тәртіпке ендірген болатынбыз. Ол кісі біздің ұсынысымызды құп алып, асханаға кіріп дәм татты. Тіпті дастарханға дәмді дайындаған кісіні арнайы алдына шақыртып, алғыс лебізін білдіруді де ұмытпады. Мұның өзі бұл кісінің қарапайым нәрсенің өзін көңілден тыс қалдырмай жүретін кішіпейілдігінің белгісі еді.
«Ұлық болсаң кішік бол» деген, ұстазымдай болған кісінің осындай өнегелерін әрдайым жылы еске алып отырамын.
 
 Мұзарап Махмұтұлы,
  қаржы саласының ардагері
  Жаңақорған ауданының
құрметті азаматы
29 қараша 2025 ж. 116 0