БЕКЗАТ БОЛМЫС

  «Ат басына күн туса, ауыздықпен су ішер. Ер басына күн туса, етігімен су кешер» дегендей, кешегі қиындықтарға толы, Қазақстан Тәуелсіздігінің қалыптасу жылдарында Көкшетау, Торғай, Қызылорда облыстарын басқарып, ақ алмастай әділдігімен, шынайы шыншылдығымен, халыққа жаққан, өте қарапайымдылығымен, мемлекет ісіне келгенде өзін де, өзгені де аямайтын талапшылдығымен танылған Еркін Нұржанұлы Әуелбековтың туғанына келесі жылы 90 жыл болмақ. Арада жылдар өтсе де «Әуелбеков салдырған әуежай», «Әуелбеков көтерген Арал мәселесі», «Әуелбеков жолға қойған еңбек тәртібі», «Әуелбековтың халық арасына баруы» тағы да басқа мазмұны бай, аңызға бергісіз мәнді әңгіме ел аузынан әлі күнге дейін түспей келеді. Осы орайда, болашақ билік тұтқасын ұстағысы келетін жастарға үлгі ретінде Еркін Нұржанұлының өмірлік көзқарасы мен таң - тамаша қалдыратын тағылымды тағдыры туралы аңызға бергісіз адамның елағалары куә болған қызықты жайттарының бірқатарын өздеріңізге ұсыналық.


***
   Қызылорда әуежайында топырлаған құндыз бөрікті, қамқа тонды шен-шекпенділер облысқа бірінші хатшы болып келе жатқан Еркін Нұржанұлын арнайы тізілген Волгалар кортеджмен күтіп тұрады. Белгіленген уақытта АН-2 ұшағы әуежайға қонғанымен, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысына ұқсас кісі түспеген секілді. Елдің бәрі аң-таң. Батылдау біреуі жетіп барып, ұшқыштан «Сіздің салоныңызда Еркін Әуелбеков деген кісі болды ма?», – дегенде ұшқыш: «Жаңа ғана Сіздердің алдарыңыздан өтіп, «Жигулиді» тоқтатып, мініп кеткен күзгі пальтолы, түлкі тымақты қара кісі сол», – дегенде, ертеңінде базарда бүкіл шен-шекпенділер күзгі пальто мен түлкі тымақ іздеп сабылып кетіпті.

***
   Еркін Нұржанұлы Әуелбеков өте қарапайымдылығымен де аты шыққан. Өзі қараторы, сұсты кісі болғанымен реті келсе, галстук тақпауға тырысады екен. Ал, керісінше, көмекшісі ұзын бойлы, тартқан сымдай жинақы, галстукпен жүретін болғандықтан көбіне басшылар көмекшісімен амандасып, барлық хал-жағдайды баяндап болған соң ғана көмекшісі: Кешіріңіз, Еркін Нұржанұлы мына кісі, – дегенде өзіне қажетті мәліметті алып үлгерген, облыс басшысы шаруашылыққа қарай аяңдап кетіп бара жатады екен.
  Еркін Нұржанұлының қайда бет алғанынан кейде көмекшісі де көз жазып қалады екен. Бірде жұмыста жоғын байқаған көмекшісі гаражға кіріп, шаруашылыққа шығып кеткенін естиді. Амал жоқ, Сыр бойында кеудешенің түймесіндей қатар орналасқан бірнеше ауданға хабарласып үлгереді. Көктемгі кез. Жер балшық. Шиеліден асқаннан кейін, Қаратау бөктеріндегі қырдағы қарауытқан шопанның үйіне ат басын бұрады. Қарт қойшыға, өзінің жаңа облыс басшысы екендігін, қандай өзекті жайлар мазалайтындығын сұрағанда, көңілшек қария «Ауылдың парткомы түгілі, көзі тірі комсомол хатшысын өмірінде көрмегендігін» айтып жылап қоя береді. Қораның іші белшеден мал тезегі, сақманшының жоқ екендігін де жасырмай айтады. Сол бойда шешім қабылдаған Еркін Нұржанұлы дереу машинадағы резеңке етікті киіп, қолына күрек ұстап, шопанмен бірге қораның лай суларын ағызуға кіріседі. Көмекшіден «қырда семинар кеңес болады» деп естіп, жетіп келген шен-шекпенділер, ақ көйлек қара костюмдерімен амалсыз қораға кіріп, қол ұшын береді. Байқамағансып, бір-екеуінің қара костюміне дақ жұқтырған Еркін Нұржанұлы дастархан басында да көп сыр шаша қоймайды.
   Тағы бірде Жаңақорған ауданының шетіндегі бір дүкенге бас сұғады. Жас дүкеншіден: «Мынадай шұжық, сары май кеше жоқ еді ғой», – дегенде, оның ойында ештеңе жоқ: «Облыс әкімі келеді деген соң бәрін шығардық» дейді.
  «Тұрғын үй бөлудегі әділетсіздік, арыз-шағымдармен жұмыс істеудегі немқұрайлылық, нәтижесіз жиын­дар мен іс-сапарларды азайту, басшылардың даңғарадай кабинеттері мен даңғарадай үйлері, қызметтік көлікті өз мүдделеріне пайдалану, т.б. мәселелер назардан тыс қалмады. Сондай-ақ, халықты, монша, су, жылу, көлік қызметімен қамтамасыз ету мәселесін де алға қойды. Мәселені шешудің нақты жолдарын белгілеп, жауапты адамдар тағайындалып, қатаң жауапкершілік орнады.
  Сол жылдары еліміздің, оның ішін­де Сыр өңірінің әлеуметтік экономикалық және мәдени дамуына зор үлестерін қосқан азаматтарымызды ұлықтау, еске алу, олардың жасампаз еңбектерін жас ұрпаққа үлгі ету облысымыздағы игі дәстүрге айналды. Бұл барынша құптарлық жәйт. Өйткені аға ұрпаққа тағзым ету арқылы ғана мәңгілік еліміздің қамалын қалап жатқан біртұтас мызғымайтын Ұлт екенімізді дәлелдеп, және ұрпақтар сабақтастығын жалғастырамыз. Еркін Нұржанұлы Әуелбековтың қазақ халқы үшін, Сыр өңірі үшін атқарған қызметі ешуақытта ұмытылмайды. Ел үшін еңбек етіп, халықтың ықыласы мен алғысына бөленген Әуелбековтей абзал азаматтың, үлкен жүректі тұлғаның бейнесі халық жадынан ешқашан өшпейтін болады», – деп көсілді Еркін Нұржанұлы Әуелбековтың 85 жылдық тойына арналған басқосуда Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесінің сол кездегі төрағасы Сейілбек Шаухаманов.
  Ендеше, осындай асыл тұлғаның, айбынды ақсақалымыздың 90 жылдық торқалы тойын Республика бойынша атап өтуге Қызылорда облысы мұрындық болып қана қоймай, ол кісі туралы тың мәліметтерді жинақтап, кітап етіп шығару ісін қолға алып, болашақ басшыларға арналған «Әуелбеков мектебін» ашудың да артықтығы жоқ секілді.

Ескендір Ертай.
27 наурыз 2019 ж. 2 086 0