"Қатын қамал" үңгірі неге бұлай аталды?
Қаратаудың етегін жайлаған еңселі елдің ертеңі бүгіннің болмыс-бітімінің заңды жалғасы екені даусыз. Әр ұрпақ – өз дәуірінің қожасы.Өз заманының шежірешісі. Таңбалы тастарда қашалған қадау-қадау тарихтан ата-бабамыздың асыл аманатынан сыр аңдасақ келер буын жиырма бірінші ғасырдың «заманауи» дейтін ажар кейпін біз қалдырған құндылықтардан танып білері хақ. Әрбір ұрпақтың алтын арқау, асыл арман, мәдени мұралары оның асқан асу, жүрген жол, бел-белес, қырат, төбе, жер мен су аттарында алғы заманға арна тарта берері ақиқат.
Қазір қасиетті мекенге айналған Жаңақорғанның құм басып, төбе болған бағзы заманғы көне орындары талай шежірелі сырларды бауырына бүгіп жатыр. Сонда-дағы сол орындардың ел аузында сақталған тарихи атауларына қарап, қадір-қасиетіне қанық боласың. Мәселен, Қаратаудағы «Қатынқамал» үңгірін алайық. Жоңғарлармен шапқыншылықта Ақүйік өзені бойында Қаратаудың ұшар басында осы үңгірге қырық қыз-келіншек паналап жаудан аман қалған. «Қатынқамал» атауы содан қалған. Азат елдің аясында ажарын күн сүйген жаңақорғандықтар жарқын шежіресін жазуға кірісті. Қаратаудың етегінде қала құрылысы қанат жайып, жаңа көшелер қатар түзеді.