Арда туған асыл азамат
«Өмір деген қып-қысқа көрген түстей, қадірін білген дұрыс көрге түспей». Жүсіп Баласағұнның батыл сөзі қамшының сабындай қысқа ғұмырда өз орныңды қалыптастырып үлгер дегені ғой. Тіпті дүниенің жалған дидарын дос-жаран, жақын-жуығыңнан айырылғанда анық аңғарып, «е, бүгін бармыз, ертең жоқпыз» деуге ыңғай таныта бастайсың. Дегенмен аз ғұмырдың да талай белесті бағындыруға базары бар екенін ескере бермейміз.
Адайды еске алғанда осындай ойтамызық орала кетті. Ол сөздің емес, істің адамы еді ғой, нар тұлға, алтын ғұмырының соңғы сәтіне дейін еңбектеніп өтті.
Өмірде әрбір азаматтың өз орны бар. Ол тірісінде ғана тұлғалы емес, арамыздан алыс кетсе де айшықты тұғырынан айнымайды. Көзден кеткенмен көңілден өшу деген адамшылыққа жатпайды,есімі ұмытылмақ емес.
Туасы, тағдырдың пешенеге жазуы бәріне бірдей емес, біреуге ерте, біреуге кеш деген, әйтеуір бір ажал хақ екені анық. Бұл – өмір заңдылығы.
Мен Адай Салыбеков бауырымызбен осыдан бес-алты жыл бұрын қызметтес болдым. Ол кезде аудандық қаржы бөлімінің басшысы еді. Өз ісінің маманы, есеп-қисапқа, қаржы мәселесіне жүйрік, адалдығы мен қарапайымдылығы, болмысы бөлек жан тұғын.
Адай Елеусізұлы есепші-экономист ретінде туған жері – Келінтөбе ауылдық округінде тексеру комиссиясының төрағасы, экономист, есепші, мектеп пен ауруханада бас есепші қызмет сатысынан өтіп, ауданға келді. Алдымен аудандық қаржы бөлімінде бас маман, сектор меңгерушісі, бөлім басшысы лауазымын атқарып, кәсіби деңгейін көпке танытты. 2018 жылы Жаңақорған ауданы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалды. Жалындаған жастық шағында елге қызмет етуді мақсат тұтқан азаматтың мезгілсіз қазасы аудан үшін ауыр оқиға болды. Міне, асыл азаматтың арамыздан біржола кеткеніне де бір жылға таяды.
Қазақ әруақты әз тұтады, біз сол сенімге сабақтас ұрпақпыз. Ол келешек үшін күресте қажымайтын қара нар, барға қанағат, жоққа сабыр сақтаған марайма мінез иесі еді, төбе болып төрге озар шағында тұңғиыққа кеткенін тағдыр деуден асырып ештеңе айта алмадық.Амалсыз көндік. Ақыл-парасатымен төрт көзі түгел топқа төрелік етіп, бауыры бүтін елді, ынтымағы ыдырамаған ауданды кемелдік кемеріне жеткізуге талпынған толағай тірлігіне тәубе дедік. Басқа қолдан не келеді?
Кезінде Сыр еліне белгілі Мұңайтпас болыстың әкесі Лапы өмірден ұрпақсыз өтем бе деп жас тоқалын жетектеп, әулиелерге зиярат етіп, басына түнепті. Жаратушыға жалбарынып, шаңырақты ұстайтын бір бала сұрапты. Тәңір тілегін қабыл етіп, ана құрсағына жан біткен екен. Сонда Лапы: “Байлық – бір баланың іңгәлаған даусына тұрмайды” деп жанарына жас алыпты.
Данышпандар пенденің өмірін ұзартқың келсе ұрпағы көп болсын дейді екен. Сол айтпақшы, алтын алқалы қосағы Самал Оразбекқызына қуат берсін, отының басына жаратқан ием амандықты жарылқасын!
Тәйірі, дөңгеленген дүниенің түбін кім көрді дейсің, бүгін бар, ертең жоқ өмір ғой. Әйтеуір дұғамыз дарып, тілегіміз жетіп, жатқан жері жұмақ болсын!
Руслан РҮСТЕМОВ