№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Өмір баспалдағының өрнегі

Өмір баспалдағының өрнегі




Қазақтың даналығына таң қаласыз. Астраномиялық, медициналық дәлдіктерін айтпағанның өзінде ғұмыр кезеңдерін адамның болмыс-бітіміне сай жүйелеген ғой. Бірақ, ғасырлар бойы қолданыста болған ғұмыр кезеңдерін біле бермейміз-ау, осы! Неге дейсіз ғой? Бүгінде «Ел ағасы», «Ақсақал» сөзін орынсыз қолдана беретін болдық. Тіпті, «бала» деген тіркестен басқасын білмейміз.
Жалпы, пенденің өмірі жатырда басталады десек, дана халқымыз ондағы өмір кезеңдеріне де атау бере білген. Мәселен, жатырда қырық күнге дейінгі қалыптасып, дамуын «Қаған» десе, мүсіндену кезеңін «Ұлпан» деген.
Дүниеге шыр етіп келген сәтінде «Қызылшақа», «Шақалақ» деп атаған. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде: «Қызылшақа» – әлі өсіп жетілмеген, жаңа туған, – деген анықтама берілген. Міне, осы сөзді тиісінше қолдана алмай жүргеніміз рас. Әсіресе, ақпарат беттерінен «Бүгін пәленше «бала» туылды» дегенді жиі оқитын болдық.
Баланың екі жастан алты жасқа дейінгі ғұмырлық жылдарын «Сәби» (жас нәресте) десе, үш жастағыны «Балдырған», бес жасында «Балғын» деп атаған. Ал, он төрт жастағы ұл баланы «Жасөспірім», қыз баланы «Қарақ, Бүрлен» деген. Он жеті жастағы ұлды «Бозбала», қызды – «Бойжеткен, Қырмызы» (құда түскен болса «Сырғалы» қыз делінеді) депті.
Екінші мүшел жасқа толған жігітті – «Берен, Көлтөстік, Жалан», қыз – «Ақмалжын, Қарша, Келіншек (үйленген)» деп аталады.
Отыз жастағы жігітті – «Дүр берен» деп атаған. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде: «Берен» – нағыз шын болат. «Дүр» – маржан, інжу, атақты, данқты мағынасын береді екен. Осы сөздердің мәніне қарап, отызды «орда бұзар жас» деп бекер айтпағанын ұғасыз. Отыз­да орда бұзатыны жайлы ғылыми тұрғыда да дәлелденді. Мәселен, зерттеушілер 500-ден астам Нобель лауреаттары мен 300-ден астам XX ғасырдың әйгілі өнер тапқыштары туралы деректерді саралайды. Нәтижесінде олардың 96 пайызы өз жаңалықтарын 30 жасында ашқанын анықтайды.
Камал алар қырық жастағы ерді – «Бұзбілек, Ертүлегі» депті түсіндірме сөздікте: «Бұз» – біркелкі күйді (жайды) дағдылы қалпынан өзгерту деп тәпсірленген. «Білек» – қара күш, мықты делінген. Яғни, ақыл толысқан, мінез-құлық қалыптасқан, ой-парасаты кемелденген жас. Сонымен бірге, әр істің мән-жайын жан-жақты пайымдай білетін кезең. Сондықтан, қамал алатын қырық жасты «Бұзбілек» деген сынайлы.
Елу жастағыны «Ел ағасы», «Ауыл ағасы» деп құрметтеген. Яғни, ағайын-туыс пен ауылдың арасынан шыққан дау-жанжалды бітістіріп, төрелік айтып отыратын тұлға. Ертеректе ел ағасы әлеуметтік қатынастарды реттеудің қауқарлы институционалдық тетіктерінің бірі болды. Демек, елу жаста елдің алдында төрелік айтып, елдік мәселелерге араласқан, кемелденген жас деуге болады.
Пайғамбар жасы, алпыс асқарындағыны «Марқасқа» дегенін аңғаруға болады. Түсіндірме сөздікте: «Марқасқа» – нағыз, мықты, зор, деп түсіндірілген.
Жетпістің желкесіне шыққан ерлерді «Ақсақал, Мұзау» дейді. Ал кемпір аты: «Ақбұрым, Шынал, Кемпір».
Сексеннің сеңгіріне шыққан ерді «Батагөй» десе, кемпірді «Ақүрпек ана» деген. Ортақ аты – «қария».
Тоқсанның тозғанақ өңді жасы, тоқсан судың ақылдасуы деген сипаттама атаулар басталатын тоқсан жастағы қартты «Бабаш, Бабырақ». Кемпір аты: «Мемен, Аба».
Дәуір иесі, жүздің шыңына шыққан қартты «Баба, Тырау». Кемпір аты: «Кейуана, Дұба, Манар». Бұл жасқа келіп бірақ бала көрмеген кемпір – «Қызмамалы» делінеді.
P.S.: Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында тарихи сананы жаңғыртып, озық дәстүрлерді жандандыруды ұсынды. Ендеше, дәстүріміздің бір бөлшегі болған ғұмыр кезеңдерін неге жаңғыртпасқа?..
22 ақпан 2024 ж. 346 0