№52 (8866) 15

15 шілде 2025 ж.

№51 (8865) 12

12 шілде 2025 ж.

№50 (8864) 9

09 шілде 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031 
» » » Бала еңбегі қаналмасын

Бала еңбегі қаналмасын

Жақын күндері білімгерлердің жазғы каникулы да басталады. Үш ай жаздың бала өмірінде үлкен маңызы бар. Бұл уақытта жасөспірім жайына ата-ана тікелей жауапты. Баланы еңбекке тәрбиелеген дұрыс. Еңбек – өрендерді болашақ өмірге бейімдеудің басты құралы. Десе де, еңбекке тәрбиелеу мен жұмысқа жегудің екі бөлек дүние екенін білген дұрыс.
Қазiр кез келген тойханаға, кафеге, дүкендерге бас сұға қалсаңыз алдыңыздан мектеп оқушылары шыға келеді. Әсіресе, дәмханаларда оқушылар кешқұрым жұмыс жасап жатады. Тойға барсаң да, мектеп оқушылары даяшы болып, қызмет көрсетіп жатады. Арзымайтын еңбекақыға жұмыс істеп, уақытын зая етіп, түнгі ұйқысы шала күйі, таңертең мектепке бара жатады. Мұғалімдер де кейбір оқушылардың сабақ үстінде ұйықтап отыратынын алға тартады. Бұл ойланарлық жайт.
Әр оқушы өзінің құқығын білуі маңызды. Әлі бұғанасы қатпаған балаға ауыр еңбек етіп, күнкөрісіңді өзің қамтамасыз етесің деген дұрыс емес. Керісінше балалық шағында мектепте берілетін біліммен еркін сусындағаны жөн. Оқушыларға сауаттылық пен мінез-құлық ережелерін түсіндіретін сынып сағаттары, баланың құқықтары туралы әртүрлі түсіндіру жұмыстарын жүргізудің маңызы зор. Өйткені, кәмелет жасына толмаған балалардың еркінен тыс жұмысқа жегілуі әлем бойынша ең өзекті мәселеге айналып отыр. Тіпті бұл біздің елде де белең алып, жиі көрініс табуда. Жалпы баланы шектен тыс еңбекке тарту оның әлеуметтік жағынан дамуына, тұлға болып қалыптасуына кері ықпалын тигізеді.
Еліміздің әлеуметтік зерттеу орталықтарының мәліметтеріне сенсек, бүгінде ашық базарларда жұмыс істейтін балалардың қарасы қалыңдап, саны артып келеді. Осы тұрғыда өзіміз көріп жүрген жағдайлардан түйген ойымызды сараптап талдап жазуды жөн көрдік. Орталық базардың көкөніс қатарын жағалап келеміз. Он-он екі жастағы балаға көзім түсіп, «Қияр, қызанақтың келісі қаншадан, балақай» дедім. «Сегіз жүз теңгеден ғой. Қанша келі аласыз? Өлшейін бе?» деген балақанның елгезек әрекетіне еріксіз тұсалып біраз саудасын жүргіздім. Ата-анасына жәрдемші болып жүрген өрен өзгеге үлгі етуге тұрарлық-ақ. Бірақ «Жас өркеннің балалығын ұрлап жатқан жоқпыз ба?» деген сауал көсекөлденеңдеп көңілімнен кетпей қойды. Әсіресе, жазғы демалысқа шыққан жасөспірімдердің екі қолға бір күрек табылса еңбек етуден қашпайтын мақсаты құптарлық. Алайда, заң бойынша кәмелетке толмаған жеткіншек кез келген жерде жұмыс істей алмайды. Еңбек етуіне арналған уақыт та шектеулі. Бірақ күнделікті өмірде заң талаптары сақталып жүрген жоқ. Кәмелеттік жасқа толмағандармен еңбек келісімшарты жасалып, ата-анасының жазбаша рұқсаты рәсімделуі керек.
Жұмыс беруші тараптың өкілдері бұғанасы бекімеген жасөспірімді жұмысқа алмас бұрын облыстық еңбек және әлеуметтік қорғау департаменті мен денсаулық сақтау басқармасының келісімін алуы керек. Жазғы демалысты өспірімдердің қалай өткізетініне атаананың ықпалы өте зор. Ауылдық жерлерде баланың егін мен мал шаруашылығына жегілуі бір жағынан оларды болашақ өмірге бейімдеудің таптырмас тәсілі де болуы мүмкін, бір жағынан балаға үлкен салмақ та болып табылады. Айтайын дегенім, бала еңбегін заңсыз пайдаланып, кейбір отбасылар қабырғасы қатпаған ұл-қызға шамадан тыс жүк арқалатып жүргені ащы да болса шындық. Мұның ақыры баланың денсаулығына нұқсан келтіріп, болашақта білім алу құштарлығын жояды. Бала еңбегіне қатысты еңбек заңына сүйенсек, 18 жасқа толмаған балаға жұмыс істеуге тыйым салынған. Олардың жас ерекшеліктеріне қарай күніне 2 жарым сағаттан 4 сағатқа дейін ғана еңбек етуге рұқсат етілген.
Ал біздің елде жеткіншекті 12 сағаттан аса жұмысқа жегу деректері кездеседі. Бұл дегеніміз бала еңбегінің уақыт мөлшері сақтала бермейтінін көрсетеді. Балаларды көбінесе садақа сұрауға, мақта теруге, құрылыс жұмыстарына, сауда-саттыққа жұмсау көріністері аз емес. Бұл өз кезегінде баланың құқығын шектеп, денсаулығына зиянын тигізеді. Ерте бастан еңбекке араласу, олардың психикасы пен физиологиясына кері әсерін тигізетіні дәлелденген. Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегіне сүйенсек, әлемде 5-17 жас аралығындағы 152 миллионнан астам бала жұмыс істеуге мәжбүр. Осы балалардың жартысына жуығы денсаулығына қауіпті жерде еңбек етеді. Біздің елде бұл бағытта мемлекет тарапынан жұмыстар жүргізіліп келеді. Әсіресе, кәмелеттік жасқа толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін жедел қорғау мақсатында құрылған мобильдік топтар жеткіншектердің еңбегін заңсыз пайдаланудың алдын алу мақсатында түрлі шаралар атқарып келеді. Сайып келгенде, баланың дене бітімі, ақыл-ойы дұрыс қалыптасуы отбасы үшін де, еліміз үшін де маңызды екенін естен шығармағанымыз жөн.
Осы ретте ауданымыздағы тәуелсіз заңгер Дәулет Тұрабаевпен пікір бөлісуді жөн көрдік.
– Баланы жұмысқа жегу – баланың құқығын бұзумен тең. Жаз маусымында кәмелет жасына жетпеген көптеген ұлқыздар бос сенделмеу үшін асхана, кафе, мейрамханада даяшы, ыдыс жуушы ретінде жұмысқа орналасып, табыс тауып жүр. Кафе, мейрамханалалар балалар үшін қауіпті деуге болады. Өйткені, егде кісілер ішімдік ішіп немесе бейәдеп сөздер айтуы мүмкін. Бұл баланың психикасына кері әсер ететіні ақиқат. Негізі, заң бойынша 14-16 жастағы балалар аптасына – 24, ал 16-18 жастағы жасөспірімдер 36 сағаттан артық жұмыс істемеуі керек. Бұл еліміздің Еңбек кодексінің 69-бабында көрсетілген, – дейді ол.
Психолог Ақтолқын Төлеубекованың да пікірі көңілге қонды.
– Қылмыс жасауға бейім балалар мен жасөспірімдердің өмір сүру дағдысы, психологиясы мен мінез-құлқын саралар болсақ, менің тәжірибемде көбіне тұрмысы жұтаң, күйсіз немесе бала тәрбиесіне селқос, толық емес отбасында өскен балалар қия басып, қатеге ұрынып жатады. Қаржылай қысым не жоқшылық көрмесе де, жас жеткіншектер отбасындағы тәрбиенің кемшін түсуінен жаза басып жатыр. Атаана тәртіп пен тәрбие тізгінін тең ұстап, баланы үнемі назарда ұстауы керек. Ерте жастан ақшаға әуестену бала психологиясына кері әсерін тигізбей қоймайды. Өйткені жасөспірім адами құндылықтарды байлықпен алмастырып, соның салдарынан оның мінез-құлқында өзгерістер пайда болады. Әрине, бұл үшін балаларды кінәлауға болмайды. Себебі барлығымыз нарық заңына тәуелдіміз. Мұны бір деңіз. Екіншіден, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларда тәрбиеленген жасөспірімдер еңбекке ерте араласады. Бұл отбасындағы қаражат тапшылығына байланысты болуы мүмкін. Кәмелеттік жасқа толмаған балалар Еңбек кодексін дұрыс білмегендіктен, алдау мен арбауға жиі түсіп қалады. Соның салдарынан олардың қоғамға деген пікірі өзгеріп, ашушаң болып кетеді. Сондай-ақ бұғанасы бекімеген балалардың ерте бастан жұмыс істеуі олардың физиологиялық тұрғыда өсіп-жетілуіне де зиян келтіруі мүмкін, – дейді ол.
Ал көпбалалы ана Әлия Нұрғали бала еңбегін қанау сынды қоғамдық мәселеге бейжай қарауға болмайды деп есептейді. – Баланы ерте жастан жұмысқа итермелеу көбіне ата-ананың шарасыздығын не заңдық тұрғыда сауатсыз екендігін байқатады. Оның үстіне, ата-ана мен бала арасындағы қарымқатынастың дұрыс орнықпағаны, ата-ананың өз баласы алдындағы міндеттемелерін дұрыс орындамауы да осыған себеп. Айтылған дүниелердің кемшіндігінен бала еңбегі қаналып жатыр. Қоғамда жиі орын алып жатқан осындай келеңсіз оқиғаларды айналып өтпей, оның алдын алуға баршамыз атсалысуымыз керек, – дейді ол. Бала – адамның бауыр еті, өмірінің жалғасы, көрер қызығы, артына қалдырар ұрпағы, сондықтан қабырғасы қатпаған, буыны бекімеген жастың еңбек құқығын сақтауға қатысты заңнаманың мүлтіксіз орындалуы – заман талабы. Бұл жас ұрпақтың алдындағы асыл міндетіміз де. Бала еңбегін пайдалану көріністерімен күресті ұдайы жүргізуіміз қажет. Балалар еңбегіне қатысты дау бір демде шешілер мәселе емес. Оны болдырмас үшін әуелі әрбір ата-ана бала алдындағы міндеттерін айқындап, өзара қарымқатынасты бекемдеуге дағдылануы қажет. Сондайақ өз отбасын әлеуметтік тұрғыда қамтамасыз етуге маңыз беруі керек. Сонда ғана қоғамда тұрмыстың тауқыметінен тарыққан отбасы, еңбегі қаналған бала деген ұғым болмайды. 
19 маусым 2025 ж. 383 0