БАЛА ЕҢБЕГІ: ТАЛАП ПЕН ШЕКТЕУ ҚАЙ ДЕҢГЕЙДЕ?
Халықаралық еңбек ұйымының мәліметінше, әлемде 215 млн. жасөспірім еңбекпен шұғылданады. Әсіресе, Орта Азия елдерінде бала еңбегін қанау фактілері жыл сайын өсіп келеді. Қазақстанда маусым айының алғашқы он бес күні «Бала еңбегін қорғау» күні ретінде белгіленіп, жан-жақты іс-шаралар атқарылады.Біз өз ауданымыздағы бүгінгі ахуалға зер салып, мәселенің түйінін іздеп көрдік
Жаңақорған кентіндегі кез-келген сауда нүктесінде қара жұмысқа жегілген жеткіншектер аз емес. Асхана, кафе, мейрамханадағы даяшылардың көбі мектеп оқушылары екенін де ел жақсы біледі. Тұрмыстық заттар дүкенінде де зат тасып, зыр жүгіріп жүрген жеткіншектердің қам-қарекетіне көз үйренген. Кәсіпкерлерге ең арзан еңбек күші болып тұрған балалардың маңдай тері заңмен қорғалған ба? Ал, түнгі маусымдағы заңсыз еңбек күшін кім бақылайды? Баланың ерте еңбекке араласуына ата-ананың көзқарасы қандай? Осы сауалдар төңірегінде көпшілік не дейді?. Кенттегі көлік жуу бекеттерінде мұздыаяқ боп дірдектеген мектеп оқушыларын көргенде «Мына баланың денсаулығына кім жауапты?» деген сауал мазалайды. Солардың қатарында Жансерік Тілеуғалиды сөзге тартқан едік. Ол: «Отбасымда менен өзге 5 ініқарындасым бар. Бәріміз де мектеп оқушыларымыз. Әкемнің айлығы жүз мың теңге ғана. Анам үй шаруасында, сондықтан өз шығынымды өзім өтеп, киім-кешегімді өзім алып, сынып арасында жиналатын тиын-тебенімді өзім тауып жүрмін. Әрине, жұмыстың оңайы жоқ. Суықтап, төсек тартып жатып қалатын кезім көп», – дейді. Ал, мейрамханада даяшы болып қызмет көрсетіп жүрген Аяна Ырыс осы жұмысқа танысы арқылы тұрғанын жасырмады. Ол: «Осы қызметте жүргеніме 2 жылдан асты. Мамыр мен маусым айларында дәмхана әкімгершілігі біз сияқты жас қыздарды жұмыстан уақытша босатады. Себебі осы уақытта жоспарлы тексерулер жүретінін жақсы білеміз. Ал, күз бен қыс, жаз айларында еш алаңдаушылық жоқ»,– деп пікірін ашық айтты. Түн ауғанға дейін табанды еңбек ететін жеткіншектердің сабақ үлгерімі төмендейтіні сөзсіз. Мұны мектеп мұғалімдері де растап отыр. «Оқушылардың арасында бос уақытта жұмыс істейтіндер кездеседі. Олар физикалық шаршап жүргендіктен сабаққа деген ынтасы кем. Кейбірі соңғы партаға жайғасып алып, қалғып отырады. Меніңше, еңбекке тартылған балалардың құқын заң аясында қарап, жұмыс уақытын шектеу керек. Сапалы білім алуына күнкөріс қамы кедергі болмауы керек деп ойлаймын» дейді ұстаздардың бірі. Тұрғындардың арасында: «Баланың жастайынан еңбекке араласуы қалыпты жағдай. Соғыс заманында да, жаппай ауылшаруашылығын дамытқан шақта да жасөспірімдердің еңбек күшін кәдеге жаратты емес пе дейтіндер де табылды. Кенттегі көп балалы ана Ақжарқын Мәделі: «Мемлекеттік жәрдемақы балалардың керек-жарағын өтемейді. Қазір қымбатшылық қысқан шақта азықтүлікке айлық табысымыз жетпейді. Сондықтан 13 жастан асқан екі ұлым жеке кәсіпкерлердің қоластында жүр. Кейбіреулері бүгін саудам аз болды деп жалақысын бермейді. Кейде келіскен қаражаттан аз төлейді. Келісім шарт сұрайын десең бала кәмелетке толмаған боп тұр. Мемлекет тарапынан арнайы балалар еңбегі үшін келісім шарт жасалса деген тілегім бар», – дейді. Иә, бала еңбегі шартты болғаны жақсы. Әйтпесе, бала еңбегін қанайтын көлеңкелі бизнестің ырық бермейтіні анық. Бұл ретсіздікке себеп болып тұрған бірнеше мысалды келтіруге болады. Біріншіден, қымбатшылық балаларды тіртінектеп тиын табуға үйретуде. Отбасылық табыс көзі жеткілікті болмай бала еңбек етуін тыймайды. Екіншіден, мектепте мұғалімдер қадағалап «тәйт» дейін десе заң аясына сай келмейді. Үшіншіден, мемлекеттік жәрдемақы көтерілген сайын баға ырық бермейді. «Жеткілікті жәрдемақы» ұғымы пайда болмай елдің еңсесі көтерілмейді. Төртіншіден, ата-аналардың жауапсыздығы. Ауданда еңбекке ерте араласып жүргендердің көбі ажырасқан отбасылардың балалары. Бесіншіден, кәсіпкерлердің жауапсыздығы. Өз қалтасын ғана ойлайтындар арзан еңбек күшін өз игілігіне жаратуда. Міне, осы бес мәселенің түйінін қоғам болып шеше алмасақ, «маусымдық қадағалаудың» еш маңызы жоқ. Ал, сіздің ойыңыз қалай, ойлы оқырман?