№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Татулығымыз төрімізден түспесін

Татулығымыз төрімізден түспесін


Жаңақорғанда 20-ға жуық ұлт өкілдері тату-тәтті тұрмыс кешуде. Қаны бөлек демесеңіз, жаны қазақ болып кеткен этнос өкілдері ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып отыр. Спорт, білім беру, медицина, өнер, кәсіпкерлік саласында олардың өзіндік қолтаңбасы бар. 1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күніне орай аудан әкімі Руслан Рүстемов бірнеше ұлт өкілін қабылдап, елге істеген қызметі үшін алғыс білдіріп, сый-сыяпат жасады.


– Біздің еліміз ұлты басқа болса да тілегі бір, жүзі басқа болса да жүрегі бір барша ұлт пен ұлысты бір арнаға тоғыстырып, Елбасының бастамасымен 1992 жылы Қазақстан халқы Ассам­блеясы құрылды. Осы жылдар ішінде елдің берекесі артып, бірлігі орнықты. Жақында Ассамблеяның ХХІХ сессиясы өтіп, Тұңғыш Президент төрағалықты Мемлекет басшысына тапсырды. Осы дәстүр сабақтастығы жалғаса беретініне сенімдімін. Біздің бағындырар белес, даму көрсеткішіміз әлі алда. Бүгінге дейін жеткен жетістік – сіздердің сіңірген еңбектеріңіз аз емес. Біз оны жақсы білеміз, әлі де өскелең ұрпаққа жастарға берер тәлім-тәрбие, өнегелеріңіз көп, сондықтан қоғам алдында осындай беделдеріңіз арта берсін, – деп жылы лебізін білдірген аудан әкімі салтанатқа шақырылған меймандарға алғыс хат табыстады.
Мереке қарсаңында арнайы алғысқа бөленген Людмила Сивкова, Наталия Чулкова және Илман Изатов та қазақ халқына деген ізгі тілегін жеткізді.
– Мен осы ауданда туылдым, өндім-өстім, білім алдым, тұрмыс құрдым. Менің айналам қазақтар, мен қайда барамын. Керек болса қазақтармен құдамыз, салт-дәстүрін ұстап келеміз. Жалпы қазақ халқына дән ризамын. Әсіресе, көрші-қолаңға рақмет айтқым келеді, олар мен күлсем, қуанышыма ортақтасады, мұңайсам, сырыммен бөліседі. Бір сөзбен айтқанда, жан-дүнием, кескін-келбетім орыс болғанымен, жүрегім қазақ, – деді Людмила апай.
– Мен сізді жақсы танимын, жақында әлеуметтік желіден көрдім. Сізге де рақмет айтқым келеді, қазақтың әдет-ғұрпын, тілі мен ділін құрметтеп келесіз. Қазақтың қаймағы бұзылмаған сөздерін, тіпті мақалдарын, салтын керемет құрметтейсіз. Бұл өзге ұлт өкілдері былай тұрсын, кейбір қандас азаматтарға өнеге болады, – деді Руслан Рүстемұлы.
Төменарық ауылдық округінде 10-ға тарта ұлт өкілі тұрады. Берекелі ауылдан арнайы келген Наталия Германқызының жүрекжарды сөзі көңілді жадыратты.
– Өзім кәріс ұлтынан болсам да, сол тілде сөйлей алмайтыным рас, тек түсінемін. Бала кезімізден орыс тілінде білім алып, қоғаммен солай араластық. Бірақ мемлекет құраушы ұлттың тілі бәрінен жоғары. Сол себепті қазақ тілін меңгеріп алдым. Қазір балаларым қазақ болып кеткен десем де болады. Шыны керек, туған өлке өзіме өте ыстық, ауылдастарыма алғысым шексіз. Бір жерге қыдырып барсам, екі аптадан кейін ауылға қайтқым келіп, ауылды ерекше сағынып тұрамын, – деді ол.
– Жалпы қазақ пен кәріс ұлтының ата тегі жақын десек болады. Оны кейбір сөздерінен байқауға болады. Бұл ғалымдардың зерделеуінде бар. Тек уақыт өте ажырап, салт-дәстүр, әдет-ғұрпы бөлектенді. Қалай десек те, барлығымыз бір атаның ұрпағымыз, сондықтан сіздердің осындай патриоттық сезімдеріңізге, тілге құрметтеріңізге алғыс айтамын, – деді аудан басшысы.
Жаңақорған еркін күрес спортынан Сыр өңірінің бренді десек те болады. Қаншама балуандар шықты, өсіп келе жатқан жастардан да күтеріміз көп. Осы биіктерден көрінуде білікті бапкер Илман Изатовтың да еңбегі зор.
– Індетке байланысты кейбір жарыстар кейінге шегеріліп, турнирлер тоқтап қалғаны рас. Десе де, біз ауданның ғана емес, елдің абыройын асырып, көк туын көкте желбіретер жастарды тәрбиелей береміз. Осы жолда еңбек етіп келеміз, қызметімізді елеп-ескеріп жатқан сізге де алғыс айтамын. Ең бастысы, осындай ынтымақ, бірлігіміз ажырамай, бір туған туыстай татулықта болайық, – деді жаттықтырушы.
Қазақты бауырым деп, тілін төріне қойып, туған жерді сүйіп, ұлтқа қызмет жасап жүрген этнос өкілдері қашан да құрметке лайық. Бұл өнеге өрімі ұрпақ сабақтастығына жалғаса беретіні анық.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
01 мамыр 2021 ж. 699 0