Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ынтымақты жерде ырыс бар

Ынтымақты жерде ырыс бар


Тарих көшінің белгілі бір кезеңінде тағдыр тауқыметімен елімізге қоныс аударған өзге ұлт өкілдері үшін қазақ жері алтын бесікке айналды. Кең болсаң, кем болмайсың қағидасымен соғыс жылдарында қаншама ұлт өкілдерін бауырына басып, бір үзім нанын бөлісіп жеген ата-бабамыздың көрегендігі татулық пен ауызбіршіліктің көрінісі еді. Міне, осындай қиын кезеңде қазақтың жанашырлығы мен бауырмалдығын сезінген орыс ұлтының өкілі Людмила Сивкова да “Қазақ халқының қамқорлығын ешқашан ұмытпаймын” дейді.


«Ырыс қайда барасың, ынтымағы жарасқан елге барамын» деген ұлағатты сөзді ту еткен халқымыз береке мен бірліктің арқасында талай қиындықты еңсеріп келеді. Бүгінде бір шаңырақ астында 130-дан астам этнос өкілдері өздерінің діні мен тілін, салтын сақтап Қазақ елінде ынтымақтастықты арттырып келеді. Бірлігімізді сақтай білсек талай биіктен көрінеміз дейтін бүгінгі кейіпкеріміз де жаңақорғандықтарды бірлік күнімен құттықтады.
– Біздің ата-бабаларымыз өткен ғасырдың 30-40-шы жылдары қиын-қыстау кезеңде тағдырдың тәл­кегіне ұшырап, қазақ жеріне жер аударылды. Өзге этностарға кеңпейілділік танытып, құшақ жая қарсы алған қазақ елінің дархандығын атам мен әжем үнемі аузынан тастамайтын. Баспанасына кіргізіп, соңғы асымен бөліскенін де айтып отыратын. Осындай қамқорлықтың арқасында ешкім далада қалған жоқ. Керісінше, қазақтың кең даласында өсіп-өркендеп, оқып жетілдік. Анам да, өзім де өмірлік жарымызды осы Жаңақорған жерінен кездестірдік. Мен қазақ отбасына келін болып, бүгінде бір ұл, екі қызды тәрбиелеп өсіріп, немере сүйіп отырған жайым бар. Қолымдағы келінім де қазақ ұлтынан, кіші қызымды да қазақ отбасына ұзаттым, – деп қуанышымен бөлісті.
Иә, исі қазақ жаратылысынан татулықты сүйгендіктен бе, жүректің қалауы тыныштық болғандықтан ба бұл айтулы күн жас ұрпақ үшін тарих туралы сыр шертетін тағылымға толы мереке. Қазіргі таңда аудан бойынша 17 ұлт өкілінен 551 адам болса, осылардың барлығы дерлік жергілікті тұрғындардың ыстық мейірімін сезініп, осы мекенді қасиетті шаңырағы санайды. Олардың ауданда өтетін әрбір қоғамдық маңызы бар шараларға атсалысып, өздерінің белсенділігін танытып келеді. Осындай шаралардан қалыс қалмай өз үлесін қосып жүретін Людмила апамыз да ел ортасынан өз орнын тапқанына қуанады. Тіпті, қазіргі жағдайға жету де оңай болмағанын жасырмады. Жастайынан еңбекке ерте араласып, ұл-қыздарын да соған тәрбиеледі. Жолдасы Романмен 90-шы жылдардың соңында шағын кәсіпкерлікті қолға алып, бүгінде осы тіршілікті ұлы Руслан жалғастырып келеді.
Әңгіме барысында кейіпкеріміз­бен қазақ тілінде сұқбаттасқаныма қуандым. Қазақ тілін үйренуде қиыншылық туындамады ма деген сұрағыма ойланбастан «мен қазақ отбасының келінімін, жүрегім, жаным қазақ деп соғады» деп жауап қатты. Алайда қазақтың да, орыстың да салт-дәстүрін қатар ұстанатынын да тілге тиек етті. Сонымен қатар бірлігі жарасқан қазақ еліне алғысын жаудырды.
– «Бірлік түбі – береке» деген халық даналығы бар. Осы күнді ерекше ықыласпен, ыстық махаб­батпен қарсы аламын. Достарым, бұрыннан келе жатқан аралас-құралас жолдастарым құттықтап келіп жатады. Мұның бәрі мен үшін үлкен қуаныш! Мемлекет болғаннан кейін оның мемлекеттік тілі бірінші орында тұруы керек. Әрбір адам басқа тілдерді де білуі керек. Ал, Қазақстандағы қазақ тілі баршамызға ортақ тіл. Қазақ тілін білу біздің азаматтық борышымыз. Осы ретте барша қазақстандықтарды мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын. Әрбір қазақтың шаңырағында тек қана қуанышты күндер көп болсын! – деді апамыз.

Лаура БИБАСАРОВА
01 мамыр 2021 ж. 470 0