№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (8808) 7

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Ұлттық киімге сұраныс көп

Ұлттық киімге сұраныс көп


Наурыз мерекесінің ажарын келтіретін ұлттық киімдерге деген елдің ықыласын тігін шеберханасына барғанда анық көреміз. Олай дейтін себебім, ұлттық киімге кезекке тұрған адам көп. Тапсырыс берсеңіз бір аптаның ішінде көңіліңіз қалаған пішінде қамзол-шапаныңыз дайын болады. Осындай сұранысқа ие шебер тігінші Гүлмира Дәрібаеваның қолынан шыққан бұйымның сапасы мен ерекше ісмерлік өнерін сөз етуді жөн көрдік.


Ол кенттегі көп балалы ананың бірі. Жастайынан тігін ісіне қызы­ғушылық танытып, қуыршаққа киім тіге бастапты. Жары Қуанышпен жарасымды отбасын құрып, үй-жайын қолөнер бұйымдарымен сәндеп, келген мейманның назарын аударатындай ісмерлікті меңгеріпті. Балабақша мен мектепте өтетін мәдени шараларға бүлдіршіндерге киім тігіп көптің ризашылығына бөленді. Қол өнер бұйымдарының көрмесін ұйымдастырып, бірне­ше байқауларда топ жарды. Гүл­ми­ра бала күтіміне байланысты демалысында Алматы қаласына 8 айлық бөбегімен курсқа бірге барып, елдегі ең танымал шебер Гүлістан Жандосқызының құны 500 мың тұратын дәрісіне қатысып, шеберлігін шыңдайды.

– Осы дәрістен соң тұрақты кәсіпкерлікпен айналыса бастадым. Дәрісте құрақ құраудың жаңа технологиясы мен тігістің құпиясын меңгердім. Үйдің ішінен шағын шеберхана ашып, қыз жасауын, бесік төсектерін, құдағи сөмке, қамзол, шапан тіге бастадым. Бүгінде елге танылып, сұраныс арта бастады, – деп бастады әңгімесін.
Гүлмира осы өңірде жіпті үзбей тігу технологиясын меңгерген жалғыз тігінші. Бұл технология құрақтың сапасын арттырып, бұйымның ұзақ сақталуына себепші болады. Жәй құрақтар ары кетсе үш жылдан соң, әр жері сетінеп, сөгіле бастайды. Ал, бұл әдіспен тігілген бұйым ұзақ уақыт жарамдылығымен ұрпаққа мирас.
Біздің аймақта құрақшылар көп.

Көбі қырғыздың технологиясына ден қойған не жәй ғана қызы­ғушылықпен тігеді. Кейіпкеріміз қазаққа ғана тән тігіс өнерін қайта жаңғыртып отыр. Есті заманның құрағына зер салып, ұмыт болған тігіс өнерін қайта қалыптастырып, оған өз қолтаңбасын қосып, жаңа әдісті меңгерді. Бұл әдісті үйренемін деген ниеттілер болса Гүлмираның маусымдық дәрісіне қатыса алады.
Халықты қымбатшылық қысқан шақта өзге шеберлер сияқты бағаны аспандатып отырған жоқпын, шама-шарқымызға сай қолжетімді баға ұсынып, шәкірттер тәрбиелеудемін, – дейді шебер. Тұрмыстық қажеттілік­ке сай қамзолшапанды күнделікті меймандыққа киюге, жыл мезгіліне сай қалың не жұқа етеді.
Қазақы қамзол мен шапанға жергілікті тұрғындар көптеп сұраныс берсе, қыз жасауына қызығушылық Алматы, Атырау, Ақтау қалаларынан көп түседі екен. Әлеуметтік желі арқылы ісін дамытуды меңгерген шебер алыс-жақын аймаққа өз өнімдерін сатып, табыс тапқан.

ТҮЙІН. Қазақта «Шебердің қолы ортақ» деп текке айтылмаған. Бір әулеттің табысына айналған шағын шеберхананы дөңгелетіп отырған келіншекпен сұхбаттасып, еңбек еткен адамның мәртебесі биік болатынына көзіміз жетті. Шыдамдылық пен сабырлылық қай адам баласын берекеге кенелтеді.

Мақпал МАРҚАБАЙ
23 наурыз 2024 ж. 329 0