№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Ұлттық киімге ерекше мән беремін

Ұлттық киімге ерекше мән беремін

Ұлттық киім –ұлттың бітім-болмысынан, тарихынан, дәстүрінен хабар беретін құндылық. Ықылым заманнан ұрпақ сабақтастығын жалғаған қазақ халқы киім үлгілерінің  тәлімді сабақтастығын әлі жоғалта қойған жоқ. Мұны «Паки» тігін шеберханасының тігіншілерімен сұхбаттасу барысында ойға тоқыдық.



Расында ұлттық киім үлгілерінің мә­ні-мағынасы бар. Жас ерекшелігі мен шық­қан тегіне байланысты түрлі әше­кейлі киімдер киген. Қаламгер Күләш Ахметова: «Бүгінде әсіресе әйел қауымы кең етек пен қос етекті шатастырып жүр. Қыздың өзіне сай қынамалы кәжекейі, желбіреген жеңі, желбезекті етегі болған. Ал тұрмыстағы әйелдің етегі кең, бүрмелі, шапаны мен қамзолы ұзын, шашбауы мен шәлкейі болған. Бүгінде сахнадағы кейбір өнерпаздар осындай салтты елемейді» деп уәжін айтқан еді.
Біз алдымен, тігіншіден қыз-келін­шектердің жас ерекшелігіне сай киім киюдің жайын сұрадық. Тегінде сұхбаттасушыны дұрыс таңдаппыз. Ол үнемі ізденісінен ұлттық киімнің қадір-қасиетін ұғынғанын, әр киімге ерекше мән беретінін, жас ерекшелігіне сай киім тігіп беретінін білдік.
– Бізге келуші клиенттер ең алды­мен қандай киім үлгісін таңдау қажет екендігіне кеңес береміз. Жасына сай киім түрлерімен таныстырып, бас киімі мен қосымша әшекейлер таңдауға көмектесеміз, – деді Пакиза Баязова.
Тігінші Пакиза Баязова өзінің коллек­циясындағы қыз балаларына арналған желбір көйлек, қос етек көйлек, қима көйлек, ілдірме, қынасары, төгілме, жалдырма сияқты көйлектердің ерекшелігін түсіндіріп берді. Жас қызға желбір көйлек, бойжеткенге қынама, ілдірме мен балқыма, тұрмыстағы әйелге қималы және қос етек, егде жастағы аналараға кең етек көйлек жарасатынын, оның тұрмыс жағдайында ыңғайлы болатынын айтты.
Ұлдарға да шапан мен бас киімнің түр-түрін таңдағанда жасына, сымбатына, ортасына қарай тігілетінін білдік. Тұсау кесер балаға үкілі қамзолды шалбар, бозбалаға шілтеріленген оюлы көйлек, ержігітке кең иықты шапан, ел ағаларына ақ бөзді көйлек пен қалың шапан жарасым табатынын әңгімелеп, қорындағы киімдерді көрсетті.
Осы шеберханада тігілген ұлттық киім елдің биік сахналарында талай таланттың бағын ашты. Олай дейтінім, ауданның маңдай алды өнерпаздары осы тігіншінің қолынан шыққан әшекейлі киімдерін киіп, сахнада жарқырай өнер көрсеткен-ді. Солардың қатарында «Эксперсс» ансамбльінің мүшелері, «Шашу» би тобы, «Балауса» би тобы, «Жаңаша» театрінің өнерпаздары бар.
Қостанай мен Павлодар қалаларынан сұраныс жиі түсетін тігін шеберханасында сахналық қойылымдардың киімдері де тігіледі. Әсіресе, Абайдың шапанына сұраныс өте жоғары. Яғни, Абайдың түпнұсқадағы шапанына ұқсас шапанға тапсырыс көп түседі.
Ол тарихи тұлғалардан Біржан салдың, Айша бибінің, Домалақ ананың, Балуан Шолақтың және қазақ батырларының киімдерін зерлеген.
Ісмерлікпен 35 жыл бойы айналысып, қолөнерін кәсіпке айналдырып, оны табыс көзіне ұштастырған шебер ұлттық өнердің ұрпақтан-ұрпаққа өрбитініне сенімі мол. Келіні Жанат Мамбетованы осы кәсіпке үйретіп, 20 жылдан астам көмекші етіп, табыс табудың жолын көрсетті. Абысынды-келіннің ұршықтай иіріп отырған шағын кәсіптің ұзақ жыл бойы үзіліссіз жұмыс жасауының сыры бірін-біріне сырлас-сыйлас болуында. Осындай да «Абысын тату болса ас көп» деген тәмсіл ойға оралады екен.

Мақпал МАРҚАБАЙ
22 наурыз 2020 ж. 1 006 0