» » Рухани мұра елдіктің белгісі

Рухани мұра елдіктің белгісі

Ауыл шаруашылығы маманы ретінде көзімді ашқаннан өзім жақсы білетін кәсіптің қиыр-шиырымен жүріп,туған мекендегі түпсанамызды қалыптастырар қасиетті орындарға арнайылап ат басын бұрып, табан тіктеп тамашалауға уақытымыз болмаған екен. Бізде тарихи жерлер қандай көп. Үш хандықтың астанасы болған Сығанақ қаласы, Қожамбердідегі Гүлбаршын анаға қойылған, соңғы кездері Әбілқайыр хан жерленуі мүмкін деген жорамалдар айтылып жүрген Көккесене, Қорасан Ата, Ақтас сынды әулиелі орындар, аймағымыздағы басқа да тарихи және мәдени ескерткіштер, әрқайсысы қойнына құпия сыр бүккен бір-бір жәдігер. Енді осыншалықты тарихи шежіреге бай мекенімізде таңбалы тас, айшықты көріністерді жас өрімнің бойына бала жастан егіп отырсақ туған жерге деген сүйіспеншілікті берік қалыптастыруға жол ашылар еді деп ойлаймын.


 Балалық шаққа сәл шегініс жасайын. Қыраш ауылындағы мектептің 3-сыныбында оқып жүрген кезіміз. Мектеп директоры Қатира Әжібекова апайымыз көктемнің шуақты күндері бізді автобусқа отырғызып, қаздай тізіп, Жаңақорғанға әкелуші еді. Бұл жорығымыз экскурсия деп аталады. Алдымен Ақ үйдің влдына алып келіп, «Балалар, мынау үкімет үйі, ауданды басқаратын кісілер осында отырады. Егер сабақты жақсы оқысаңдар сендер де осындай үлкен ғимаратта отырасыңдар» дейді. Біздің жанарымыздан ұшқын жалт ете қалады. Аузымызды ашып, тапжылмай тұрған балақандарды одан әрмен жетелеп, Мәдениет үйіне, кітапханаға апарады. Өзі аралатып жүріп, тынбай таныстырумен болады. Мынау кітапхана, кітапты көп оқысаң жазушы боласың, ол бастық болғаннан да артық дейді. Біз енді жазушы болсақ деп армандап кетеміз. Кітапханадан шығып, паркке барамыз. Кезекке тұрып мұздай лимонад ішеміз. Дүниенің тәтті суын сіміргендей мәз боламыз. Жоқ, кешіріңіз, біз ерігіп жүрген жалаңаяқ бала емеспіз, кәдімгі мәдениетті саяхатшылармыз. Апайымыз сондықтан бізді орталықтағы ресторанға әкеледі. Ол кезде қоғамдық тамақтандыру орны жалғыз осы болу керек. Әйтеуір апайымыз жағалай ақ жамылғылы орындыққа отырғызып, «Міне, бұл жерде мәдениетті кісілер тамақ ішеді» деп қолымызға қасық пен шанышқыны ұстатып, борщ пен шай алдырады...
Екі-үш аптадан соң Қожахмет Яссауи мешітін бетке аламыз. Ол жерден алған әсерім өмірімде есімнен кетпес. Кейін неше барып жүрміз ғой, бірақ менің ең алғаш көргендегі мешіттің күлдіреуішінен көрген қанық түсті көкқызыл бояулар сана түкпірінде сақталып қалғаны сондай, қазіргі реставрация жасалған жарқыраған көрінісінен мың есе әсерлі еді. Өйткені ешнәрсеге лайланбаған сәби сана бар нәрсені өз тұнығымен қабылдап алады ғой. Біздің ұстаздарымыз осыны білген. Жалпы, Кеңес үкіметінің тәрбиесі баланы ерте жастан тарихи құндылыққа, ерлікке, отансүйгіштікке, жасампаздыққа тәрбиелеуге жан-жақты күш салды. Нәтижесі қалай? Өзінің елін, жерін түптамырымен сүйетіні сондай, оны қорғауға жасы жетпесе де сұранып майданға аттанған талай бозым қыршынынан қиылып, еш өкінішсіз майдан даласында өліп те кетті ғой. Заманымыз тыныш болсын, соғыс болмасын. Бірақ біздің жас өскіндер жарық өмірдің қадірін неге бағаламайды? Тарихи құндылықтарымыздан неге мақұрым? Осының барлығы идеологияның әлсіздігі емес пе деген уайым жанымды жейді. Өткенде аудандағы өлкетану тарихи мүзейдің экспозициясын көрдім. Тарихқа тағзымның үлкен мүмкіндігі тұнып тұр мұнда. Тек бір өкініштісі, бұл орын күрделі жөндеуден өткенімен өлкенің бай шежіресін жасақтауға тарлық етіп тұр. Міне, соның салдарынан жағалай қойылған тарихи ескерткіштер туралы жас ұрпақ жанжақты білім алатын ақпараттар кемшін. Мәселен «Көккесене» деген не? Біз өзіміз біліп тұрған шығармыз. Сырт көз білмейді. Соны терңдетіп ұғындыру үшін жан-жақты ғылыми картасы қоса берілуі керек. баолық тарихи орындарды нақтылауда осындай көрнекілік қажет. Сонда музейге енген жас өскіннің жүрегінен кетпейтіндей естелік қалыптасады. Музейден орын алған ауданның тұлғалы азаматтарының барлығына сондай мағлұматтар қоса ілінуі керек. Мәселен, кәдімгі өзімізбен қатар жүрген Әбілқайырды алайық. 2006 жылы Қытайға барып, сол жақтың бас ақыны Ержанатпен айтысып, бәйгені бермей қайтқан. Оның Оразалы Досбосыновпен, Мұхтар Ниязовпен, Ринат Зайытовпен айтысын талай тамашалап, әп-бәрекелді дескенбіз.Музейде суреті ілінген ақынның осындай жетістіктері де қоса марапатталып тұрса елдің құрметі бұрынғыдан да артпай ма? Совет Исамбаев ше? Қарапайым бақташының баласы. Кішкентай Қосүйеңкіден шығып, есімі дүние жүзіне танылды. Он бес дүркін Қазақстан чемпионы. Осыны жаңақорғандықтар біле ме? Білсе, неге мақтаныш қылып, ең болмаса ауылдық спорт мектебінің атын бермейді? Өйткені біз барлық нәрсеге бей-жай қарауға дағдыланып қалғанбыз. Көшенің атын көкеме, ауылдың атын атамызға бергенге мәзбіз. Шын асылдар айтылмай қалып жатады.
Осы олқылықтардың орнын толтыруда идеология саласы ғана емес, ел ағалары бірлесіп жұмыс жүргізуіміз керек.

Алмас Нәлібаев,
ауыл шаруашылығының ардагері

17 қазан 2023 ж. 801 0