№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ескерткіштер – тарихты танудың түп қазығы

Ескерткіштер – тарихты танудың түп қазығы

Жаңақорғанда тағлымды тарихтан сыр шерткен таңбалы тастар мен ежелгі мәдениеттің бейнесі баяндалған ескерткіштер, тарихи орындар көптеп кездеседі. Алайда, тарихи жадымызды тереңдетіп, құнды қазыналардың бағасын қаншалықты біліп жүрміз? Жалпы, ауданда қанша ескерткіш бар, олар қандай дәрежеде қорғалған? 18 мамыр – Халықаралық музейлер күні мерекесінде осы сауалдарға жауап іздедік.

Облыста 550-ден астам ескерткіш бар. Олардың 145-і археологиялық, 400-ден астамы сәулет және қала құрылысы, 21-і республикалық маңызы бар ескерткіштер. Барлығы да мемлекет пен облыстық деңгейде қорғалған. Жыл сайын, киелі орындардың бүгінгі тынысын білу үшін облыстан арнайы мамандар келіп, тексеру жүргізіп тұрады. Сыр өңірінде орналасқан осы ескерткіштер жайлы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени ескерткіштерінің көрсеткіші атты кітап жарық көрген. Құнды мағлұматтар берілген оқу құралында облыстағы барлық тарихи орындар суретімен, хронологиясымен көрсетілген. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі. Бұл рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі» деген болатын. Расында да, туып-өскен жердің табиғи болмысы мен тарихи тіршілігін танып, білу әрбір адамзат баласына борыш. Біздің де туған өлкеміз Жаңақорған жері – өткеннен өнеге ақтарып, тарихты таңбалай білген, мәдени ескерткішін айтпағанда, қасиетті жерлер мен мұнардай биік төбелерге бай киелі мекен. Сонау 9 ғасырда күллі қазақтың астанасы болған Сығанақ қалашығы әлі күнге өзінің жұмбақ сырымен талайды таңғалдыруда.
Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ескерткіштерді қорғау жөніндегі маманы Ажар Ахметованың айтуынша, аудандағы 43 ескерткіш мемлекеттік тізімге енгізілген. Оның ішінде Ақтас мешіті, Айқожа Ишан кесенесі, Қарасопы кесенесі, Сығанақ қалашығы республикалық маңызда болса, Қорасан ата, Қылауыз ата, Қасым ата кесенесі, Төлегетай, Қылышты ата ескерткіш кешені, Қойлақы ата басындағы ескерткіш тас, Аққорған мазары, Аққорған қалашығы, Жалаңаш ата кесенесі, Құмиян және Өзгент қалашығы, Көккесене сағанасы, Бұрынғы орыс-қазақ мектебі, Жаңақорған темір жол стансасының үйі, Бесарық және Төменарық су қыспақты мұнарасы, Бесарық пен Майдамтал шатқалындағы жартасты бейнелер жергілікті маңызға ие. 2010 жылдан бері Сунақ ата, Бақсайыс ата кесенесі , Қарасопы кесенесі жанындағы мешіт, Сығанақ қалашығы жанындағы мешіт, Төменарық пен Бесарық стансаларының үйлері, кент орталығындағы Жеңістің 50 жылдығына арнап орнатылған ескерткіш, ашаршылық және қуғын-сүргін құрбандарын еске алу үшін орнатылған белгі мен Қатын-қамал үңгірі, Исатай Әбдікәрімов мүсіні мен А.Романов мүсіні облыстық маңызда. Ал, 2017 жылдан бері Мейрамтөбе, Келінтөбе, Абызтөбе қалашықтары мен Балапантөбе, Асарық қонысы, Көкен батыр мүсіні, Үш ата кесенесі алдын-ала есепке алынған тізімде тұр. 2019 жылдың ұсынысы бойынша Манап Көкенов мүсіні, Қожамберді батыр ескерткіші, Ордакент қалашығы алдын-ала есепке алынып, тарихи-мәдени ескерткіштер қатарына ұсынылған. Мемлекеттік тізімге енген 33 ескерткіштің төлқұжаты заңдастырылып, қорғау тақтасы орнатылыпты. Тиісті орынға бақылау жасау үшін кент және ауылдық округ әкімдіктеріне бекітілген екен. Мұны сала маманынан білдік. Аудан бойынша 3 киелі жер «Жалпыұлттық қасиетті орындар» тізіміне енсе, 4 нысан «Өңірлік маңызы бар қасиетті орындар» ретінде бекітілген.
Біз қаншалықты тарихи орындардың бағасын біліп жүрміз? Осы сауалға тоқталсақ. Ардагер ұстаз Тоқтар Төлеуов:
– Ауданымызда қасиетті мекен көп. Елдің түкпір-түкпірінен келіп, киелі орындарды аралап жүрген адамдар да жетерлік. Алайда, біз өз жеріміздегі құндылықтардың бағасын біле алмай жүрміз. Біріншіден, қасиетті мекендерді аралап, зиярат етпейміз. Тарихын тануға, білуге ұмтылмаймыз. Екіншіден, көненің көзі, асылдың сынығы болған жәдігөр бұйымдарды дәріптеудің орнына, сыртын қоршалап-қорғаудың орнына үстінен жазу жазып, сана мәдениетіміздің төмен екенін көрсетіп жатамыз. Туған жердің тамаша туындылары тек аға буынды ғана емес, жастарды да қызықтырса екен, – деді.
Иә, ақсақалдың базынасы орынды-ақ. Тауға барғанда Қатын-қамал үңгіріндегі тасқа қашалған ескі жазбалардың үстіне, өз атын, туған жылын жазып, құнды дүниені ластап жүргендерді жиі байқап жүрміз. Қанша жерден мемлекеттік қолдауға алынса да, бұл мәдениет үлгілерін күндіз-түні бақылап тұру мүмкін емес. Сол үшін, ең бастысы әрбір тұлға ұлтжанды болып, өткеннің өнегесіне құрметпен қарай білуі тиіс.
Әрине, барлық адамды кінәламаймыз. Туған тарихтың тіріліп, жаңа сырлардың ашылуы үшін ерен еңбек етіп жүрген нағыз ерлер де баршылық. Соның бірі, жұрт білмейтін сақ дәуіріне тән 18 обаның заңдастырылуына өзіндік ықпал жасап, облыстық, республикалық деңгейдегі конференциялар мен жиында аудандағы ескертікштердің сырын ақтарып жүрген аудандық музей директоры Нәбихан Шалапов:
– Ауданымызда көпшілік біле бермейтін жойылып кету қаупіндегі 18 оба бар. Аудандық әкімдік пен елжанды тұлғалардың ықпалымен осы обаның ең алғашқысын 2016 жылы қаздырдық. Археологтардың зерттеуі нәтижесінде топырақ астынан алтын жіптер мен алтыннан жасалған қаусырмалар табылды. Енді, 17 оба қазылмай белгісіз жағдайда тұр. Биыл 5 обаны қаздыру жөнінде облыстық комиссия алдында ғылыми жоба қорғадым. Археологтар жерді қазып, жұмыс жасауы үшін жергілікті бюджеттен 2 млн. 600 мың жобасында ақша бөлінді. Бұл 18 обаның сырын аштырудағы негізгі мақсат – бәлкім біздің жерімізден де алтын адам табылып қалар деген үміт. Екіншіден, жерден табылып жатқан алтындар қазіргі кен орындарымен де байланысты. Яғни, Қаратаудың қойнауы құтқа толы, – дейді музей басшысы.
Айта кететіні, Н.Шалапов ұйытқы болып жүрген 18 оба ешқандай да ауру ошағы емес. Ол – сақ дәуіріндегі аң стилі мен металлургия саласымен тығыз байланысты тарихи орын. Ол алдағы уақытта тарихи орындарда археологиялық жұмыстар жүргізілсе тарихтың жаңа беттері ашылатынына сенеді.
Қорыта айтқанда, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының негізгі идеясы тарихи орындарды танып, білу, құрметтеу ұғымына саяды. Ал, өткенді бүгінгі ұрпаққа таныту үшін жасалмақ іс қарапайым дүниеден бастау алуы тиіс. Осы тұста, тарихи-мәдени орындар жайлы қызылордалық журналист Бекзат Есқалиев редакторлық еткен «Туған жерге тағзым» патриоттық жобасын неге орталық алаңдағы ЛЕД экраннан көрсетіп тұрмасқа? Бәлкім, бұл да ұлт руханиятын кемелдендіруге, өзімізге тән құндылықтың бағасын білуге сеп болар.

Ханзада.
23 мамыр 2019 ж. 2 258 0