№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » "Ерікті оқушылардың қатары көбейсе"

"Ерікті оқушылардың қатары көбейсе"


– Алаштың анасы атанған Сыр бойындағы шежіреге толы көне өңірдің бірі – жазиралы Жаңақорған жері. Аудан аумағы тарихи ескі қалашық пен мәдени-рухани ескерткішке бай. Тамырын тереңнен тартқан құтты орданың ықылым заманнан және орта ғасырлық қалалардың саяси-экономикалық маңызы зор болғаны ақиқат. Оның ішінде көне Сығанақтың орны айрықша. Себебі, Қазақ хандығының алғашқы астанасы болған осы шаһар. Қаншама жылдан бері сабалаған жаңбырдың астында, уілдеген желдің өтінде орналасқан сонау орта ғасырлардан сыр тартқан Сығанақтың тарих қойнауында бұғып жатқан мәдени мұралары баршылық. Одан өзге аудан аумағында қаншама тарихи-мәдени ескерткіштер бар. Волонтер жылы аясында 7 Ұлттық жобаның бір бағыты «Асыл мұра» екен. Бұл – еріктілерді материалдық және рухани, тарихи-мәдени мұраларды сақтауға тартуы тиіс.
Бұл бағытта музей тарапынан жыл сайын «Жас экскурсия жүргізушісі» байқауын ұйымдастырамыз. Ондағы мақсат – этнотуризмнің іргетасын бала бойына жастайынан сіңіру. Әрбір жас туған өлкесіндегі тарихи мұраларды жатқа білсе, біліп қана қоймай, өзінің достарына толыққанды түсіндіріп айтып бере алса, қандай ғанибет. Бұл шара биыл да «Асыл мұра» жобасы аясында жалғасын табатын болады. Сондай-ақ көне мен бүгінгінің айшықты тұстарын жаңғыртып, олардан белгі болып қалған жәдігерлердің иесі іспеттес аудандық тарихи-өлкетану музейінің маңызы зор. Себебі, ол – әр дәуірдегі мәдениетті сақтаушы, насихаттаушы бірден-бір рухани орда. Бұл ғасырлар таңбасы мен табы қалған жәдігерліктер мен заттарға ой көзімен қараудың, елдік жолды пайымдаудың айрықша мүмкіндігі. Сондықтан ізімізден ерген жас буынды тәрбиелеуде – музейдің орны қашанда маңызды. Осы тұста, Волонтер жылы аясында «Асыл мұра» жобасы шеңберінде мектептерден еріктілер тобын жасақтап, өз еркімен экспонат жинауға үлесін қосса. Жасыратыны жоқ, бірқатар тұрғындардың үйінде көнеден қалған құнды жәдігерлер, қолданылған бұйымдар бар. Бірақ тәбәрік деп бергісі келмейді. Осындай дүниелерді ата мен бала арасындағы сабақтастық рухын жаңғыртып, ерікті жеткіншектер экспонатты музейге тапсыруға атсалысса, онда ол бұйымды бір отбасы ғана кісі емес, бүкіл тұрғындардың көруіне мүмкіндік туар еді.
Одан бөлек, 18-сәуір халықаралық тарихи ескерткіштерді сақтау және мәдени мұраларды қорғау күніне орай ерікті жастар мен оқушылардан топ құрып, аудан көлеміндегі тарихи орындарға тазалық жұмысын жүргізуге де болады. Бұл Елбасы айтқан Рухани жаңғырумен сабақтасқан сәтті бастама болар еді. Өйткені, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Туған жер» жалпыұлттық бағдарламасын жүзеге асыру арқылы ұлттық құндылықтарды ұлықтауға пәрмен берген болатын. Яғни, туған жердің әрбір сайы мен қырқасы тәуменді тарихтан сыр шертетіндіктен мұның бәрін өскелең жас ұрпақ бойына сіңіруді айрықша атап өтті. Әрі осы ізгі істерді жүзеге асыруда туған жер топырағынан түлеп ұшқан тарлан тұлғаларды тарта отырып, киелі мекендерді ұлт жадында біртұтас кешен ретінде қалыптастыру керектігі сөз етілді. Міне осындай игі бастамалар Еріктілер жылы қолдау тауып, білім ордаларымен бірге бірлескен жобаларды жүзеге асырсақ, өскелең ұрпақтың патриот болып қалыптасуына себепкер болар едік.

Құралай ДӘРМЕН,
аудандық тарихи-өлкетану музей­інің қызметкері:

22 ақпан 2020 ж. 728 0