Жаңақорған шипажайында медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты шара өтті

16 маусым күні Жаңақорған шипажайында медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты шара ұйымдастырылды. Бұл күні ауданның денсаулық сақтау саласының мамандары мен ардагерлері құрметке бөленіп, олардың еңбегі бағаланды.
Салтанатты жиынға "Жаңақорған Санаториясы" ЖШС - нің директоры Абдуллаев Бақытжан және "AMANAT" партиясы Жаңақорған аудандық филиалының консультанты Айнұр Бектаева қатысты.
Шара барысында үздік медицина қызметкерлеріне мекеме директоры Бақытжан Абдуллаев пен «AMANAT» партиясы Жаңақорған аудандық филиалының төрағасы Арман Абілпеисұлының «Алғыс хаттары» мен сый -сияпаттары табыс етілді. Бұл марапаттар дәрігерлердің қоғамдағы рөлін және олардың денсаулық сақтау саласына қосқан үлесін жоғары бағалаудың белгісі болып табылады.
Жаңақорған шипажайы – Қызылорда облысындағы ірі табиғи емдеу орындарының бірі. Шипажайда сүйек-буын, жүйке жүйесі, асқазан-ішек жолдары, гинекологиялық және урологиялық аурулар сияқты түрлі ауруларды емдеу бойынша қызметтер көрсетіледі. Емдеу әдістері минералды сумен, физиотерапиямен және тұзды батпақпен емдеуді қамтиды. Шипажайда 235 адам қызмет етеді, олардың арасында жоғары білімді дәрігерлер мен орта және кіші буын медицина қызметкерлері бар. Шипажайдың қызметі тек емдеу ғана емес, сонымен қатар демалушыларға сапалы қызмет көрсетуге бағытталған.
Жаңақорған шипажайында өткен медицина қызметкерлері күніне арналған шара – ауданның денсаулық сақтау саласының дамуы мен медицина қызметкерлерінің еңбегіне деген құрметтің айқын көрінісі болды.