Мамандық таңдау – тағдырыңды таңдау
Қай заманда болсын, адамды алға жетелейтін – білім десек, бүгінгі ХХІ ғасырдағы ғылым мен техниканың шарықтауы адамзат баласының қол жеткізген биік белесінің бірі. Ал осынау биік белесті бағындырып, болашаққа қызмет ететін бүгінгі ұрпақтың таудай талабы, қарышты қадамы бізді қуантады. Мектеп бітіруші түлектердің мамандық таңдаудың оңай жұмыс еместігін, мамандықты өзінің қарым-қабілетіне сай таңдау керектігі белгілі. Қазір мектеп түлектері ҰБТ сынағына дайындалып, оқу орны мен мамандықтарын қызу таңдау үстінде.
Мамандық таңдау деген өзің айналысқың келетін жұмысты таңдау ғана емес, өзің араласқың келетін ортаны да таңдау. Ел арасында «Адам екі түрлі жағдайда қателеспеу керек: бірі – жар таңдағанда, екіншісі – мамандық таңдағанда» деп бекер айтпаса керек. Заман өзгерген сайын, адам да жетіліп, нарықтық қарым-қатынас пайда болды.
Ата-ананың аялы алақанында, ұстаздарының қамқорлығында болған шәкірттердің алдағы кезде өз орындарын өмірден табуы үлкен азаматтық парызы. Олар үшін алдарында өмірлік мәні бар үлкен бір белес, жауапты міндет тұр. Ол-өз білімдерін жоғары дәрежеде дәлелдеп, ҰБТ-да жақсы нәтиже көрсетіп, белгілі бір мамандықты дұрыс таңдай білу және оны меңгеру.
Әр жасқа өзі таңдаған мамандығы ұнауы тиіс. Ол сонда ғана барынша жігермен сол мамандықты жете меңгеруге тырысады. Жоғары сынып оқушыларына аттестат алар күн жақындаған сайын жүрек таңдауы да сан тарапқа түсері рас. Осындайда көмек керек. Бүгінгі заман үдерісіне сай, келешекте сұранысқа ие көпсалалы мамандықты таңдауда жыл сайын туған жеріне арнайы келіп, ауылға қажетті кәсіп түрлерін таңдауға дем беріп жүретін ғалым апамыз – Айткүл Абдіғапбарова аудан мектептерін аралағанда біз де жанында болдық.
Айналамызға зер салып қарасақ, кездейсоқ таңдай салған мамандық адамның қымбат уақытын босқа ысырап етеді. Өмір көрсеткендей, біздер, ата-аналар балаларымыздың мамандықты жан дүниесінің қалауымен таңдады ма, жоқ па оған көңіл бөлмей жататын сәттеріміз болады. «Жұрттың баласындай» жоғары оқу орнына түссе болғаны деп есептейміз. Қазіргі таңда екінің бірінің қолында құқықтану мен экономика бойынша, әлде қаржы саласының дипломы. Елімізде қаншама жастар дипломдарына сәйкес келмейтін басқа мамандықта жұмыс істеп, кейбіреулері базарда жүр. Өзі қаламай түскен оқуды кейін тастап кетеді. Қайсыбірі бітіргенмен мардымды жұмыс атқармайды, яғни өзіне де, қоғамға да берері аз болатынын өмірдің өзі көрсетуде.
Енді, міне көп ұзамай, мектеп бітіруші түлектер өз мамандықтарын таңдап, жоғарғы оқу орнына құжат тапсырады. Ауданымыздағы №163 орта мектебіне болған Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің, кәсіптік оқыту кафедрасының аға оқытушысы Айткүл Абдіғапбарова талапкерлерге бағыт-бағдар берді.
– Құрметті, біздің болашағымыз жастар, бітіруші түлектер. Мамандық таңдау жасөспірім шақтағы ең маңызды шешімдердің бірі. Үлкен өмірге енді ғана аяқ басқан жас ұланның алдында мыңдаған мамандықтан өзіне лайықты біреуін таңдау міндеті тұрады. Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез келгеніне икемділік қажет. Қазір үлкен дайындық пен ізденіс үстінде жүргендеріңзді жақсы білемін. Сол себептен де, сендерге бағыт-бағдар көрсетіп, жөн сілтеуді дұрыс деп шештім. Өзім қызмет ететін Қазақтың Ұлттық Аграрлық университеті құрылғаннан бергі аралықта 150 мыңнан астам жоғары санатты мамандар даярлап шығарды. Бүкіл еліміздің мақтанышына айналған 25 Социалистік Еңбек Ері, 70-тен аса бұрынғы Бүкілодақтық және республикалық Жоғарғы кеңестердің, бүгінгі ҚР Парламентінің депутаттары, көптеген қоғам және мемлекет қайраткерлері, министрлер, облыс, аудан әкімдері және ауыл шаруашылығы кешендерінің басшылары, 12 мыңға жуық ғылым докторлары мен кандидаттары, магистрант түлектер өсіп шықты. Олардың арасында, әрине, туғанелімізді өркендетуге, білім мен ғылымды дамытуға адал қызмет етіп жүргендер баршылық.
Байқасаңыздар, ауылды дамытуға ел Президенті де баса назар аударып келеді, әр сөзінде ауыл шаруашылығы – Ұлттық экономиканың негізі болып табылатындығын қадап айтып, еліміздегі бәсекеге қабілетті агрокешен құру көлемін арттыруды тапсырып отыр. Бүгінгі таңда қажетті мамандықтар ауыл шаруашылығымен тығыз байланысты. Осы тұста, біздің оқу орнында нағыз қажетті мамандарды даярлайтынын айтқым келеді. Өзім туып-өскен өңір болғандықтын ауылымның жастары дұрыс таңдау жасаса деген үлкен тілегім бар. Егер араларыңда осы саланы таңдағандарың болса, мен әрдайым қолұшын беруге дайынмын, – дейді аға оқытушы.
Міне, ұлағатты ұстаздың өнегелі істері мен айтқан кеңестерін өсіп келе жатқан жас ұрпақ қызыға тыңдап, мамандық таңдау барысында біраз мағлұматқа қанықты.
Әсел Жұмабайқызы