№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Адырбек

Адам өмірі өлшеулі. Қашан көз жұмады, амалы үзіледі. Үш түрлі амалы: мешіт, мектеп, жол салған мен құдық қазғанның және халыққа пайдасы тиетін ілім-білімді насихаттайтын кітап жазғанның сауабы үзілмей, иесіне барып тұрады.
Туған жеріміздің топырағында күні кешеге дейін өзімізбен қатар ғұмыр кешіп, бойындағы ерек қадір-қасиетіне тәнті етіп өткен мейірлі жүрек иесі – Адырбек Сопыбеков ағамызды осындай хикметке лайықты санасақ қателеспейтін болармыз.


Бесінші мамыр – туған күні ақынның құтханасына ақ тілектерін алып ұшып жеткен жас толқын Шәрипа апамен сәлемдесіп, жазу столының жанында қаз-қатар тізіліп тұрып, Әліппеден бастап жүректе жатталған өлеңдерді жатқа айта жөнелгенде жарық ғұмырында көкөрімнің көңіліне күннің шуағын себелеумен өткен мейірбан жанның өзі өмірден өткенімен қолымен еккен балауса шыбығы келешек ұлтының қорғаны болуға жарар алып шынарға айналарына анық сенім бойды билеген айдай ақиқат салтанат құрды. Өйткені пәк сезімді бала көңілін тап өзіндей түсінуің үшін періште пейілді пенде болуың керек. Адырбек ақын өмірден осындай адам болып өтті.
Аудан орталығындағы №169 орта мектебінде оқып жатқан жауқазындарды ұстаздары Аллаберген Ахметов пен Сәуле Балтабайқызы бастап келіпті. Қос тілде білім беретін білім ордасы болғанымен тарихқа тағзым дәріптелетін елдік шаралардың қай-қайсысында үлгілік танытып жүретін осы оқу ордасында руханиятқа құрметтің көрінісіне әрдайым куә болған сайын Абай айтқан «Толық адам» тәрбиесінде тәлім ұжымының ұтымды тәсіліне іштей қызығып, сүйсініп жүретінімізді несін жасырайық. Басқа мектептерге осылай жасаса кім қой депті. Осы ақын аға тірі кезінде де аталмыш білім ордасы сынып оқушыларымен жиі кездесу өткізген сайын жаны асыл ағаның жарқын естеліктерінен жақсылыққа құштар жәудіркөздердің бала қиялында келешек өміріне азық боларлықтай адамгершіліктің асыл көмбесі сақталып қалатыны әркімнің қиялына кірмес. Ал ақиқатына келсек, айдай әлемнің алдында жүрген атақтының дені сол сәби кезінде кеудеге ұялаған титімдей ұшқынның уақыттар көшіндегі жанартау жемісі іспетті. Ахметов басқарған педагогтар корпусының ақ тер, көк тер бейнеті соны терең түйсініп, тәрбие тұғырына айналдыра білуімен айшықты.
«Жаңақорғанның жарығы көпке түседі, өйткені онда ақын Адырбек тұрады» деп бір әдеби жиында жазушы Құлбек Ергөбектің айтқаны бар екен. Тегін айтылған сөз емес. Ақындық ғұмырының дені жас өскінді ізгілікке, мейірімділікке, адалдыққа, Отанды сүю­ге, тазалыққа тәрбиелеуге бағытталған жанның енапат еңбегіне жарқын бағаны бұдан артық қалай жеткізуге болады?
Ақынның артында қалған жауһар жырлары балалар әлемінде жасай беретін өміршеңдігімен қымбат. Жетпіс тоғыз жыл жасаған жазушы мехнаты мұнымен шектелмейді ғой. Оған нақты дәлел келтірейік. БАҚ құралдарынң ішінде ақпараттық – насихаттық міндетіне адалдығынан ажырамаған, өзі ардақты, сөзі салмақты саналар газетімізге мақаласын жариялауға алып келетін талапкерлер, олардың арасында жас ғалым, зерттеуші, тарихшы, музейші болсын ел-жер тарихынан жазылған құнды материалын көз алдымызға жайып салғанда Адырбектің қолтаңбасы жарқ ете қалады. Өйткені ол өмір бойы осы елдің өткенін зерттеп-зерделеп, Жаңақорған тарихнамасын маржандай тізіп тасқа басылуына барын салған адам. Оған көп-көп тер төкті. Еңбегіне ақы талап етпеді. Есесіне есіл тарихқа қазық, еріншек ұрпаққа азық енапат еңбек қалдырып кетті. Ал да пайдалан, бірақ емге болса да екі ауыз сөз келтіріп, Сопыбековтың есіміне сілтеме беріп отыруды ұмыт қалдыру әруақтан да ұят болатынын ұмытпайық.
Бірде аудан мәдениет саласы өкілімен сұхбаттаса қалайық. Атқарып жатқан жаңашыл әрекеттері кісі сүйсінерлік. Өңірдегі тарихи орындардың жағалай дерегін түзіп, таспаға іліп, видеоролик формада фейсбук желісіне апта сайын жүктеп отырғанын айтқанда неткен еңбекқорлық деп таң-тамаша қалдық. Құнды дереккөз, тұнық талғам, қырағы өре сабақтаса өрілгенде мақсатқа жетер мынадай іске тәуекелге барған замандасымыз бұл таңданысымызға жасырып-жаппай нақты жауабын тарс еткізді. «Бәрін Адекеңнен алып отыр­мын» деді. Молодец! Адекең соның барлығын ұрпақтың игілігі үшін қалдырып кетті. Марқұмның мұрасының бағын ашып, замана талабына сай жаңғыртып, ұрпақ жүрегіне егу жолында еңбек етіп жатқан құрдастың талабын қалай қоштамасқа.
Адырбек аға көзі тірісінде лайықты бағасын алған жазушы. Ол туралы балалар әдебиетінің атасы Мұзаффар Әлімбаев «Қазақ әдебиетінің тарихында балаларға арналған жақсы өлең-жырлар көп. Оны жинақтап беру үшін Қазақ балалар поэзиясының антологиясын жасауымыз керек. Бұған Абайдан бастап Адырбекке дейін кіру керек» деген дуалы сөзін ақынның шығармашылық сапардағы төлқұжатына баласақ жаң­ылмаймыз. Бағалау бір басқа, ақын мұраларына адалдықты іспен дәлелдеп жүрміз бе?
Ақын өмірден өткен 2016 жылдың қазанында қаралы жиынға қатысып, көңіл рәуішін білдірген қоғам қай­раткерлері, әріптес ақын-жазушылар қатарында ерекше жүрегімізді елжі­реткен өлең шумағы төмендегіше өріліп еді:
«Өмір деген сабындай-ақ қамшының,
Түлкі-бұлаң қызығындай аңшының.
Бар ғұмырың жырларыңда жазылған,
Шарасында жанардағы тамшының.
Тау да биік көрінбейді даласыз,
Жарың жылап, өлең қалды панасыз.
Ұрпақтарың отын жағып үйіңнің,
Ақындардың ақыны боп қаласыз».
Жыр жолдарының авторы, ақын Қаршыға Есімсейітованың бұл жүрек­жарды толғанысы талантқа тағзымның бір тарауы ғана, ал оның уақыт өткізбей ақын шаңырағына арнайы келіп, соңында қалған қолжазбаларының барлығын сұрыптап, толық бір томға жинақтап «Мәңгілікке дейінгі жол» атты жинақты құрастырып шығарғаны ерлікпен бара-бар еңбек болды.
Кітап төрт бөлімнен тұрды: «Балалық пен даналыққа» ақын­ның балаларға жазған өлеңдері топтастырылды. Екінші бөлім «Ақынның жан сарайына» заман­дастардың жүрекжарды лебіздері, бұрын-соңды мерзімді басылымда жарық көрген Адырбек ақын туралы мақалалар, үшінші бөлім «Жыр – шарапат нұрына» Адырбек Сопыбековтың төл туындылары, төртінші бөлімде «Қош, балалар ақыны» тақырыбында Жолтай Әлмашев, Жақсылық Рахматулла, Құлбек Ергөбек, Зинабдин Шермұхамедов, Хазретәлі Тұрсұн, Сауран Елеуов, тағы басқалардың жүрекжарды сөздері жарық көріп, тілеулестері көңілді демдегендей болып едік. Әйтсе де ақын рухы шарқ ұрып, араға бір-екі жыл салып, балаларының ішінде өзімен табиғаты егіз Бақытының түсіне еніп, үйдегі кабинетіне жетектеп әкеп, кітап сөресінің жанынан үш саусағын нұсқап бір нәрсені ишара етіпті. Бақыты ол тұстан ешнәрсе таппай, жүректің емін іздеп, ақын бейітін құшақтап ал, жыла. Осылай жүргенінде ауданға әкім болып келген Руслан Рүстемұлы осы шаңыраққа арнайы келді. Бұдан бұрын ауданға әкім болғанында Адекеңмен жақын араласып, әкелік қамқорлығын сезінген адал азаматқа ақын алдындағы асыл парызы тағат таптырмай, жазбаларын жастанып оқып, үнемі рухымен сырласып жүретіндіктен бе, ақынның туған перзентімен қатар бұл кісінің де түсіне енуі ғажап құбылыс болды. Осы отбасында бас қосқан руханият жанашырлары куә болған жағдай, ақынның соңғы жылдарда өздігінше жинақтап, тарау-тарауға бөліп, баспаға дайындап қойған үш кітабы бар екен. Оны мұражайда қызмет жасайтын Рахима қызына компьютерде тергізіп, электронды нұсқасын баспаға бір апарып келгенінде жолы болмай сол күйі қалған екен. Жаны ана дүниеде де жай таппай көбелек боп ұшып кеп, бел баласы мен әкім баласына қатар көрініп, қарайлап жүргені сол ішінен шыққан перзентіндей дүниелері жарыққа шықса деген тілек екен ғой. Құдайтағаланың пәк тілеулі жандарға жақсы адамдардың жүрегін иіп қоятын құдіретіне не дерсіз, сол күндері ақын құтханасына ауылымыздың төлі, тұлғалы азамат, облыстық мәслихат депутаты Жан­келді Ойшыұлы жазушы мұрасын жарқыратып кітап етіп шығарып берсем деген мақсатты арқаланып асығып жетсін. Сөйтіп, жалпы нобайын түп-түгел ақын өзі дайындап кеткен үш жинақ топтастырылып бір том болып 2020 жылы Жанкелді Ысқақтың демеушілігімен оқырманның қолына тиді. Кітапқа ақынның балаларға арнап жазған өлеңдерінен басқа Адырбек Сопыбековтың Әптай Мырзановпен, Әмір Мәжитовпен айтыстары, әр жылдары жазылған достық әзілдері, Жаңақорған төңірегінде өмір сүрген киелі әулие кіісілердің тарихы, құм жұтқан қалалар шежіресі, Қаратау кереметтері, әр кезеңде оның етегінен шыққан еңбек ерлері туралы жазбалары түп-түгел ендірілді. «Жақсының аты өлмейді» атты төртін­ші тарауы Адырбек ақын жайлы алғаусыз пікірін арнаған кез келген қарапайым ауылдас, туған-туыс, жақын-жуықтан бастап қоғам қайраткерлері, қаламгер қауымды қамтыған тілек-арнаулардың тағылымдық та мән-мазмұнымен көңілімізден жылы орын алғанын айту орынды.
Өзін шығармашылық еңбекке аяусыз жеккен әдебиет өкілінің отбасы күйбеңіне бас ауыртпай, алаңсыз болуына ерен тер төккен Шәрипа апаның еңбегін айтпай кетсек әділетсіздік болар еді. Әсіресе халықтың адамының өз үйінде хан болуы үйдегі әйелге байланысты. Түкпен ісі жоқ, өз үйіне қонақпен қонақ боп келетін Адекеңнің ақындық дәрежесін көлдей дастарханымен көтеріп әкеткен Шәрипа апаның қолынан кім дәм татпады? Жетпіс бірінші жылдары, Адекең «Коммунизм жолында» редактор болып жүрген кезінде бір топ ақын-жазушы келіп, қонақүйге орналасып, райкомның берген «Волгасымен» қастарында редақтор Сопыбеков бар, шаруашылықтарды аралап кеткенін естіген Шәрипа апада ес қалмайды. Ел жағдайы жұтаң кез, бірақ намысқа мінген жан «нар жолында жүк қалмас» қайратқа мінсе болдырмасты болдыратынын дәлелдеген ақ жаулықты ана ар жақтағы қойшы інісіне қолқа салып, сүрініп-қабынып жүріп дастарханды жайнатып, кешке қонақүйге кеп түсіп жатқан қаламгерлерді қара­шаңырағына бастайды. Бұлар алдын-ала хабар салып келген жоқ, отағасы болса өздерімен бірдей жүр, мына бәлекет келіншек мынаның барлығын қалай жасап жүр? Сол жолы ақын-жазушылар – Асқар Тоқмағамбетов, Нұфтолла Шакенов, Шәрбану Құмарова, Манап Көкенов бас қосқан делегацияны басқарып ауданда бір апта жүріп қоштасарында Шәрипаны алдына арнайы шақыртып алған ақын Қуандық Шаңғытбаев ағасы: «Айналайын, келін шырағым, өзіміз үйге қонақ әкелетін болсақ әйеліміздің алдынан бір апта бұрын өтіп, көңіл ыңғайын қолайлап бітеміз. Адырбектің төбесі көк тіреп жүргені қарапайым ғана қазақтың қарадомалық қызының осы пейілі екен» деп ағынан жарылған. Шынында Адекең әр кезекті еңбек демалысында курорт жағалап сабылған емес. Бала-шағасын жетектеп Алматыға тартады. Жазушы достарының үйі өз үйіндей, жылда бір кітабы онда жарық көріп жатыр. Абырой бұйырған ақынға астанаң мен ауылдың айырмасы жоқ екеніне бұл бір мысал.
Көзі тірісінде өзінен бұрын өнердің серкелері – Құлан ақынның, Құтбай­дың, Есіркеп Қоңқабаевтың, сазгер Бексұлтан Байкенжеевтің, драматург Әмір Мәжитовтың, сазгер-әнші Нұрберген Тастаевтың артында қалған мұраларын тынбай насихаттаумен болды. Ол әсіресе өзіне ұстаз санаған Манап Көкеновтың шын жоқтаушысы бола білді. Тоқсан екінші жылы алпыс төрт жасында дүниеден озған Манап ақын жөнінде «Манаптың бір өзі бір театр» атты әдеби зерттеу еңбегін, «Жүрегі жырдан жаралған» атты кітаптарын жазды. Манап ақынның өз авторлығымен екі жинағын құрастырып жарыққа шығарды. Ақынның соңынан тынбай ізденіп, сұрау салып жүріп, орталықтағы Мәдениет үйіне ақын атын алып беруді жүзеге асырды. Ақын Манап Көкенов атындағы шығармашылық мектепті ашып, оның жұмысына өмірінің соңына дейін өзі басшылық етті.
Ал Адырбек ақынның өз шәкірттері ұстазына осындай адалдық танытып жүр ме? Ауданда ақын есімін жаңғыртарлықтай қандай шаралар атқарылып жатыр? Қазіргі індет жағдайында адымы қысқарған ау­ылдық мәдениет ошақтары Адырбек ақын атында ондайн мүшайра өткізіп жүр. Кеше ғана байқауға әділқазы ретінде атсалысып аңғарғанымыз, аудандық кітапхана, Машбек және Жаңарық ауылдық клуб үйлері өткізген аудандық жыр мүшайраларында ой-қиялы ерек, шабысы бөлек жас толқын шоғырының қалыптасып келе жатқанына көз жетіп,, көңілде бір қуаныш пайда болғанын жасырмаймыз.
Ақынды мәңгі есте қалдыруда орталық кітапханаға Адырбек Сопы­бековтың есімін беру мәселесіне тоқталсақ, ол республикалық дең­гейде шешіледі, бұған бүгінге дейін мораторий килікті. Ендіігі жерде түпкілікті шешім шығуы үшін ұсынып отырған тұлғаның құжаттары қоғамдық қайраткер деңгейінде Үкіметте қолдау тауып, мақұлдануы керек. Бұған дейін бұл қатарда өңірімізден үш-ақ кісі – Нәзір Төреқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Дүкенбай Досжанов есімдері ұсынылып, шешімін тапқан екен. Ақиқатында ауданымыздан шыққан атақты есімдер қаншама. Солардың ішінде қаламгер Адырбек Сопыбеков ағамыздың құжаттарын Жазушылар Одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет жоғарғы орынға қоғам атынан табыстап, нәтижесі санаулы күндерде болып қалады деген ақжолтай хабарды аудан руханиятының жетекшісі Аягөз Айдосованың аузынан естіп қуанып қалдық. Жас өркенге жанашыр ақынның есімі қасиетті қазынаның ордасы – кітапханаға берілсе құрметтің үлкені осы болмақ.

Баян ҮСЕЙІНОВА
22 мамыр 2021 ж. 1 873 0