№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Ақын шаңырағына арнайы бардым

Ақын шаңырағына арнайы бардым



Мына жарық дүниенің дидарында ниеттес, тілектес, пікірлес, өзіме болған өзгеге де болсын деген, аузын ашса жүрегі көрінетін, ақ тілеулі жандар қаншама?! Сондай тұлғаға Адырбек Сопыбеков ағамызды жатқызар едім. Өткенде «Ақынның аманатын» жазуымның сыры содан. Жаңақорған ауданына әкім болып келгелі ақынның шаңырағына бас сұғуды ойлағаныммен, реті келмей жүрген еді. Соның сәті бүгін келді.

Бұған дейін Адырбек ағамыздың отының басында талай рет болып, емен-жарқын әңгіме-дүкен құрып, бірлесе атқаратын бастамаларды талқылаған едім. Осы жолы барғанымда ағамыз жоқ, дегенмен 60 жыл отасқан аяулы жары Шәрипа апамыздың көзі бар. Адырбек ағаға көрсеткен құрметімізді ақынның жарына да көрсету парызымыз ғой. Қасиетті шаңыраққа аяқ басқандағы ой осы.
«Қонақ үйге құт әкеледі» деген тәмсілді ұстанған апамыз дастархан жаюға асықты. Апама келудегі мақсатым амандық-саулығын біліп, қошемет білдіру екенін түсіндірдім. Одан әрі ағамыздың өмірі, шығармашылық жолы жайында әңгіме өрбітіп, өткенді еске алдық.
– Шүкір! Ағаң бақытты болар! Әкімі іздеп, құрмет көрсетуде. Русланжан, ағаңның аманатын еске алыпсың. Оқып, қуанып қалдым. Кітапханадан ағаңа арнап арнайы бұрыш жасатқаныңнан хабардармын. Рақмет! Өркенің өссін!
...Адекең тірісінде еліне елеулі, халқына қалаулы ақын болды. Шіркін, ренжуді білмейтін парасатты адам еді. Жатқан жері жайлы болсын! – деп көзіне жас алды анамыз.
Шәрипа апамыз Адырбек ағамыздың шығармашылық шабытын шыңдап, шынайы жанашыры болды емес пе? Ол ақынның адамдық кескін-келбетін, азаматтық қарым-қабілетін жақсы біледі. Әсіресе, Адекеңнің бала тілін терең ұққан, баламен балаша ойнай білетін қасиетін сөзге қосты.
– Адырбекті періште мінезді деп жатады. Әрине періште болу қайда?! Бірақ ағаң аңғал, жақсылыққа балаша қуана білетін еді. Ауыр сөз айтпайтын. Көзі тірісінде үйге мектеп оқушылары жиі-жиі келетін. Олармен бірге өлең жазып, мәдени шараларға дайындалатын. Оқушылармен бірге қуанып, жүзі жадырай түсетін. Балаға жаны сондай жақын болды, – деп ақынның қадір-қасиетін еске алды.
Міне, Адырбек ағамыздың өлеңдері жарты ғасырдай мектеп оқулықтарынан түспеуінің сыры осында. Баланың ішкі жандүниесін терең түсініп, олардың тілін ұғады, арман-тілегін біледі. Адырбек Сопыбеков сынды балалармен рухтас ақын болу емес оңай емес әрине. Шәрипа апамызбен дидарласу барысында санаға осыны тоқыдым.
Абыз Әбіш Кекілбаевтың сөзіне салып жеткізер болсақ, ақын еңбегінің жалғыз өлшемі – оның адам жүрегіне қанша жақындай алғандығында. Біздің Адырбек ағамыз замандастарының көңілінен орын тауып, жарқын істерімен олардың жүрегіне жылулық сыйлады.
Мені таңғалдыратыны Адырбек аға ауылда жүріп-ақ мегаполистегі ақын-жазушылармен иық тіресіп, өзінің ақындық қарым-қабілетін мойындатты.
Адырбек Сопыбековтың өлеңдерін оқып отырып Абаймен рухтас екенін, Абайдың ізін жалғастырушы ізбасары екенін білуге болады. Бұл ойымызды Қазақстанның халық жазушысы Мұзафар Әлімбаев қуаттай түсіп: «Қазақ тарихында балаларға арналған жақсы өлең-жырлар көп. Оны жинақтап, қазақ балалар поэзиясының антологиясын жасауымыз керек. Бұған Абайдан бастап Адырбекке дейін кіру керек», - дейді.
Жалпы Адырбек ағаның шығармашылық кабинетінде отырып ақынның рухын сезінгендей болдым. Сөрелерде ақын оқыған кітаптар тұр. Ақын оның әрбірін көз майын тауыса оқып, қолының табын қалдырған.
Апамыз ақтарыла сөйлеп: «Адекең 10 қарашада бақилық болды. Биыл арамыздан кеткеніне 4 жыл болды. Қазір кабинетін оның өзіндей сақтап отырмын. Кітаптары өзі қалай қойып кетті, сол қалпында тұр»,-деді.
Шәрипа апамыздың батасын алып, ақынның рухын сезініп, кемелденіп, кезекті істерге шабыттана шықтым.
Ойыма Ғабеңнің (Ғабит Мүсірепов): «Ақын - заман: бір күндік те емес, бүгіндік те емес. Оның кешегісі – бүгіндік, бүгінгісі – ертеңдік» дегені түсті. Әрі бұл Адырбек секілді халқына ардақты ақындарға қарата айтылған сөз екенін қаперге алдым.
Әсілі, біз сөз қадірін біліп, құдіреті мен киесін таныған елміз. Ендеше әлеуметтің әлеуетін көтеру жолында да ақын-жазушыларымызды құрметтеуді ұдайы назарда ұстауымыз қажет.

Руслан РҮСТЕМОВ,
Жаңақорған ауданы әкімі
13 қараша 2020 ж. 659 0