№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Адырбектану жаңа белесте

Адырбектану жаңа белесте


Ал, ағайын, құтты болсын! “Адырбек” атты кітаптың тұсауы кесілді. Сөйтіп, адырбектану ілімі құнды туындымен толықты. Жиынға Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты Жанкелді Ысқақ, Жаңақорған ауданының әкімі Руслан Рүстемов және ақынның ағайын-туыстары мен ауданның зиялы қауым өкілдері қатысты.


Жазушы, көсемсөзші, этнограф, өлкетанушы, тарихшы, ағартушы Адырбек Сопыбековтың ең басты қыры – балалар ақыны ретінде бағалауымыз керек. Бұл жөнінде ақын Қадыр Мырза Әлі Жаңақорғанға келгенінде: «Мен қазақ поэзиясына қанша қалам тартсам да, Адырбектей балалар әдебиетіне бата алмадым», – дегені бар. Ал Қазақстанның халық жазушысы Мұзафар Әлімбаев қуаттай түсіп: «Қазақ тарихында балаларға арналған жақсы өлең-жырлар көп. Оны жинақтап, қазақ балалар поэзиясының антологиясын жасауымыз керек. Бұған Абайдан бастап Адырбекке дейін кіру керек», – дейді. Бұдан түйетін ой, Адырбек Сопыбеков өмірде өз бағасын алған, өзін бағалата алған ақын.
Жаңақорған ауданының басшысы Руслан Рүстемұлы:
– Бүгінде адырбектану ілімі қалыптасып, даму жолына бағдар алды. Бұл ретте, Адырбектану ілімінде ауқымды еңбектің бірі әрі маңыздысы саналатын ақынмен аттас «Адырбек» кітабы жарыққа шығып, тұсауы кесілді. Бұл – ауданның рухани-мәдени өмірінде маңызды жаңалық ретінде бағаланады. Адырбек Сопыбековтің өмірі мен шығармашылығын насихаттау – елдікті дәріптеумен тең, – деді.
Ақынның шығармашылығын жүйелеп, кітапты дайындауға атсалысқан Абибулла Шер: «Облыстың қоғамдық-саяси және мәдени өміріне белсене араласып, ұлт зиялысының елге қызмет етуінің жарқын да тәлімді өнегесін танытты. Біз Адырбек Сопыбеков арқылы елді таныдық, ел арқылы ақынның бағасын білдік», – деді.
Кітапты құрастырып, демеушісі болған, облыстық мәслихаттың депутаты Жанкелді Ойшыұлы Адырбектану ілімінде рухани олжа болған кітаптың шығуымен құттықтады. Ал Қазақстан Жазушылар одағының Қызылорда облысы филиалының басшысы Қаршыға Есімсейітова естеліктерімен бөлісіп, ақынға арнауын оқыды.
Ақынның өлеңдері ілім-білімнің бастауы қазақ «Әліппесінде» қырық жылдай бірнеше буын ұрпақтың рухани кәдесіне жарап, қалтқысыз қызмет етті. Ол тек қазаққа ғана емес, «Детская литература» журналында жарияланған өлеңдері арқылы Одақ көлеміне дарынды балалар ақыны болып танылды. Жалпы Әбділда Тәжібаев, Мұзафар Әлімбеаев, Асқар Тоқмағанбетов, Қуандық Шаңғытбаев Адекеңнің баланың табиғатына, міңез-құлқына, ойлай қабілетіне сай келетін өлеңдері туралы оң пікірлерін беріп, ақынның шығармашылығын жоғары бағалайды. Оның өлеңдерінің балалардың ойында тез жатталып қалатын жеңіл, әрі тартымды болуына тәнті болады.
Бір ғана дәлел:
– Оятпа, қораз, сен бізді,
Өзім де сездім, таң атты.
Сенсіз-ақ білем мезгілді,
Үйреніп алдым сағатты, – деген ақынның өлеңін алайық. Баланың таным-түсінігіне жақын, бір-екі оқығаннан-ақ жаттап алатын өлең.
Қолға кітап тигеннен,
Таудай болып үйге енгем.
«Анашым» деп жазуды,
«Әліппеден» үйренгем.
Әріптің біліп қанығын,
Өмірдің көрдім анығын.
«Әке» деп те жазуды,
«Әліппеден» таныдым, – деген өлеңінде ілімнің кілті әліппе екенін ұқтырады.
Жалпы ақынның балалар әдебиетінен бөлек, ел мен жер тағдыры, тарихы мен мәдениеті туралы аса құнды прозалық, ғылыми-көпшілік еңбектер жазды. Содан болар ақын Адырбекті өлкетанушы, тарихшы, этнограф ретінде дәріптелетіні.
Ел ағасы Зинабдин Шермағамбетов: «Ақын өлең оқып тұрып бақилық болды, бұл – сирек кездесетін құбылыс, ақынның қазасы жанымызға ауыр тисе де, бұл оқиға тарихқа айналды», – деді. Жары Шарипа апамыз ақынды қадірлеп, ұлықтаған басшылар мен жерлестеріне алғысын білдірді.
Тағылымды рухани шара барысында Адырбек Сопыбековтың шығармашылық шеберханасын біліп, адамдық, адалдық қасиеттерінің жаңа қырын тани түстік.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ
16 қаңтар 2021 ж. 1 312 0