№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (8806) 30

30 қараша 2024 ж.

№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ақын Адырбекті танып болдық па?

Ақын Адырбекті танып болдық па?


Қарапайым ғана ғұмыр кешіп, қасымызда жүрген ақын Адырбек ағаны көзі тірісінде бағалай алдық па, жоқ па, нақ қазіргі уақытта ол кісіні қажет етіп іздейтін адам көп. Олар ақынның өзін таба алмаса да соңында қаттап, қағазға сақтап кеткен сөзін жастанып оқып, қажетіне жаратып, жәрдем-шапағатын көріп келеді.
Адырбек ақын ғана емес еді, әдебиет зерттеуші, тарихшы, шежіреші. Адалын айту керек, ол ең алдымен балалар ақыны. Балалар ақыны болу үшін адамның өзі періште пейілді сәбидей таза болмыспен өмір сүруі керек.


Бәріміз де бала болдық. Сәби кезі­мізде қызыға оқитын «Балдырған» жур­налы әлі санамызда сайрап тұр. Жур­налда жарияланатын балалар ақыны Өтебай Тұрманжанов, Мұзафар Әлім­баев, Қадір Мырзалиев, Әнуарбек Дүйсен­биев, Асқаржан Сәрсеков, Бейсебай Кіріс­баев­тардың жазған өлең шумақтары жүрегімізде жатталды. 1959 жылы «Бал­дырған» журналының 10-шы санында Адырбек Сопыбековтің алғаш «Қоразға» атты өлеңі жарияланыпты.
Оятпа, қораз, сен бізді,
Өзім де сездім таң атты.
Сенсіз-ақ білем мезгілді,
Танимын енді сағатты.
Журналдың бас редакторы Мұзафар ағамыз осы өлеңді жариялағанда балаша мәз-мейрам болып, айналасындағыларға «Байқадыңдар ма, балалар әдебиетіне 22 жастағы классик ақын келе жатыр!» деп жар салыпты. Адекеңнің мұнан соң «Көзілдірік» атты жинағы (1967) шықты. Онан соң «Айға сапар», «Кім қалай ұйықтайды?», «Айналайын», «Күншуақ» секілді кітаптары балалардың базарлығына айналды. Бүлдіршіндерге арнап өлең жазып, сәби сананы күн нұрының шуағына тең жүрек сөзімен нәрлендіре білген нә­зік­жанды ақын бүкіл өмір жолында табиғат тарту еткен осы бір таңғажайып даралығына адалдығынан таңған емес. Жарты ғасырдан бері өлеңдері мектеп оқулықтарына еніп, жауқазын жүректерде жатталып келеді. Қаламгерге ең керегі кіршіксіз жан тазалығы. Ақын Адырбек өзіне Құдірет тарту еткен осы бір періште пейіл пәк болмысты сәби қиялына үйлесімді үйлестіріп, үлпершектей үміттеріміздің жан дүниесіне үлгі мен өнегені тынбай егумен өтті. Оның әлем балаларының баршасын бөліп-жаруды білмейтін жүрегінен төгілген жыр тақпақтарының әрбірінен әдемі теңеу, мөп-мөлдір сүйіспеншілік төгіліп тұратыны содан, бәлкім.
Жақсы ғой біздің анамыз,
Айтқан тілін аламыз.
Байқамай үйдің әйнегін,
Сындырып қойды балаңыз.
Бұл ақынның тұңғыш рет жазған «Сынған әйнек» деген өлеңі болатын.
Бозбала шағында «Сапар мен парта» деген мысал өлең жазады. Сол өлеңге тағы бір екі өлең қосып, республикалық «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетіне жолдайды. Балалар ақыны Жақан Смақовтан келген хатында «Сапар мен партаны» ұнатқанын айтады. Көп ұзамай әлгі өлең газетке шығады.
1961 жылдың көктемі. Мемлекеттік емтиханға дайындалып жүргенде университеттің акт залында Қазақстан Жазушылар одағының балалар әдебиетіне арналған бір жиыны өтіп жатыр екен. Студент Адырбек те жиынға қатысады. Мінбеде сөз алған Қазақ ССР Оқу министрі, белгілі ғалым, жазушы Әди Шәріпов: Балаларға арналған танымдық өлеңдердің бірі – Адырбек Сопыбековтің «Қоразға» деген өлеңі. Балаларға арналған өлең осындай болуы керек» деген. Бұл сөз жас талапкер бойына үлкен сенімділік сыйлады. Одан кейін жазға өлеңдері республикалық, облыстық басылымдарда жиі жарық көріп жүрді.
«Балаларға қызықты болу үшін ең алдымен балалардың көңілінен шығатын тақырыпқа қалам тербеген дұрыс. Қысқасын айтқанда, үлкендерше ойланып, балаларша жазу керек. Сонда ғана шығарма балалар аудиториясына өтімді болады. Түсінікті тіл, қысқаша мазмұнға мән берген дұрыс» деген еді ақын өз пікірінде.
Қазақстан халық жазушысы, Мемле­кеттік сыйлығының лауреаты, қазақ әде­биетінде соғыс сұрапылын бастан кешіп келген қаламгер Мұзафар Әлімбаев бұдан қырық жыл бұрын «Абайдан бастап Адырбекке дейінгі балалар ақындарының антологиясын жасау керек» деген болатын жазушылар пленумында.
Қарымды қаламгер Құлбек Ергөбек: «Ақындар бөбектерді « Күлкі витаминімен» тәрбиелеуді ойлайды. Күлкі ұтымды жауап пен келеңсіз әрекеттен туындайды. Ал, Адырбектің өлеңдерінде осы екі тәсілдің әдемі қоспасы жиі көрініс береді» деп жазған еді.
Ақын өлеңдерінің дені балаларды отансүйгіштікке, ата-ананы сыйлауға, үлкенге құрмет, мейірімділік пен ізгілікке баулумен қатар кішкентай өрендерді үлкен жүректі қайырымдылыққа баулиды.
Ақынды, жазушыны оқытып дайындап шығаратын мектеп жоқ. Бұл құдайдың кейбір адамның бойына берген сыйы, таланты, киелі өнері. Бірақ сол талантты дамыту үшін 99 пайыз еңбектену керек.
Адырбек ағаның өзі өте еңбекқор жан еді. Ол шығармашылығы турасында: «Түңгі сағат 3-тің кезінде оянып жазуды әбден әдетке айналдырдым» дейтін
Біздің Адекеңнің жары Шәрипасын жанынан бір елі қалдырмайтын. Соның игі нәтижесін бүгін сезіп жатырмыз. Әйтеуір ақынға қатысты, ақынның достарына қатысты сауалға тірелгенде Шәрипа апа көмекке келе қояды. Бұдан бұрын газетімізде «Мейір гүлдеген жүрек немесе Адырбек пен Құлбектің достығы хақында» деген мақаланы жазу барысында Шәрипа апамызға соғып, екі қаламгердің достығы туралы айтып беруін сұраған едік. Сонда ол: «Ер мен ер бір-біріне ғашық бола ма деп күлуші едім, сөйтсем екеуінің талай жыл қанаттас, мұраттас болуы парасат майданындағы берген сертке беріктігінен екен ғой. Шығармашылық тұрғыда батыл сын да айтылып, бір-бірін қайраған кездерін көрдім. Бірақ сатып кеткен сәттері жоқ. Екеуі бір-біріне шын тілектес еді. Алдыңғы жылы Талапта Тұрар Сүлейменовтің өзі өмірден өткен соң жарық көрген кітабының тұсаукесер рәсіміне шақыру алдық. Сол жиынға Құлбек те келді. Қашанғыдай мені көрсе әзілдейтін әдетімен:
– Адекеңді жалғыз өзіңіз меншіктеп-ақ кететін болдыңыз-ау. Қанатын кең жазуға мұрша бермейсің, – дегенді жеткізді. «Жарқыратып жаныңа ертіп жүрсең кім қой деді»- деп өзіне кінә тағып жатырмын. Еркелейтін, еркелететін осындай жаны жайсаң қолқанаттар қасыңнан табылғанда қартаймайтындай болады екесің-ау.
Шәрипа апай осылай ой толғайды. Иә, қадірменді бауыр қуанышта ғана емес, қайғыда да алдымен жетіп, азынаған қолқа-жүрегіңе кәдімгідей қуат болады екен. Адырбек ағаны соңғы сапарға шығарып салу рәсімінде Құлбек ағаның тебірене айтқан сөздері ақын айбынын бұрынғыдан да асқақтатып жіберді.
– Жаңақорғанның жарығы жаһанға түседі, – деді ол тебірене. Өйткені онда ақын Адырбек тұрады.
Ақын Адырбекті жас ұрпақ жүрегінде орнықтырудың жолы қандай? Ақынның поэзия әлемі қазақ балалар әдебиетінен ойып орын алады. Қаламгердің әрбір кітабы балабақша мен бастауыш сынып ұстаздары үшін үлкен көмекші құрал. Бастауыш сыныптан бастап оқушыларға варианттық компоненттен таңдау бойынша сабақтарда «Адырбектану» пәнін ұйымдастыру арқылы туған жердің ақыны, жазушысы, ғалымы, батырын танып қоймай, туған жерінің тарихын жан-жақты танытатын поэмаларын жаттап өскен балалардың танымдық дүниесін арттыруға болар еді. Сол секілді «Адырбек оқулары» байқауын ұйымдастырсақ Адырбек ағамыздың үлгілік қасиеті бар баланың бойына дарыған болар еді. Ұрпақ сабақтастығына өз үлесін қоса білген балалар әдебиетінің абызы Адырбек аға туралы танымдық шаралар барлық білім ордаларында қолға алынса нұр үстіне нұр.

Баян ҮСЕЙІНОВА
05 қаңтар 2021 ж. 820 0