Әр күннің жарығы бар
Бейбіт күннің қадірін бағалайтын жан өзінің әрбір минутын мәнді өткізуге тыырысады. Адам ғұмыры шектеулі. Бірақ осындай болмысы бөлек тұлғалардан артында айта-айта жүрер ардақты із қалады.
Жаңақорған кентінің тұрғыны, қазақ жастары арасында алғашқылардың бірі болып Орта Азия теміржол транспорт инженерлері институтына оқуға түскен жас түлек Сабырхан Тоқымов Өнеркәсіп және Азаматтық құрылыс факультетіне оқуға түсіп, инженер-құрылысшы мамандығын алып шығады. Институтты бітірген соң, яғни 1968 жылы еңбек жолын Қарағанды облысы, Ағадыр станциясында инженер болып бастайды. Жетпісінші жылдардан бастап Жаңақорған «Казсельхозтехника» аудандық бөлімшесінде құрылыс жұмысының басқарушысы болып қызмет атқарады. Одан соң №1603 жылжымалы мехколоннада құрылыс шебері, аудандық ауылшаруашылық басқармасында бас инженер құрылысшы, 1982-1989 жылдары Ащысай полиметалл комбинатында тұрғын үйлердің аға инженер-құрылысшысы, Шалқия кенішінде құрылыс шебері болып қызмет атқарады.
1982-1992 жылдары Ащысай полиметалл комбинатын, кейін Щалқия кен басқармасын басқарған Сақ Мәуленқұловтың Шалқия қорғасын мырыш кеніші жөнінде тұрақты ресми референті болды. 1989-1999 жылдары Шалқия кен басқармасында жекешелендіру және үйлестіру бөлімінің бастығы қызметін атқарды.
Өзіміз білетіндей, екі мыңыншы жылдардан бастап Жаңақорған кентінде жүргізілген жаңа құрылыстарда бұл кісінің қолтаңбасы айрықша. Кентіміздегі №169 мектептің күрделі жөндеуі, орталықтағы 450 орындық мешіт құрылысының басы-қасында, біріне техникалық бақылаушы болса, бірінің сметалық сызбасын өзі дайындап берді.
2007 жылы зейнетті демалысқа шыққан ол «Қазақстан бейкен өнеркәсібінің құрметті маманы» Құрмет белгісімен марапатталыпты.
Өз кәсібіне шексіз берілген жан зейнеттемін деп қарап отырмай мұнан соң да орталықтағы №51 мектептің күрделі жөндеу жұмысы мен Қыраш елдімекенін ауыз сумен қамтамасыз ету жүйесі құрылысында техникалық бақылаушы қызметін атқарды. Дара кәсіпкер-жобалаушы мемлекеттік лицензиясы шексіз мерзімге берілген, ал өзінің ел алдындағы азаматтық жауапкершілігі одан да шексіз сүйіспеншіліктің қуатымен қаруланған қайсар жанды біз өзіміз де талай рет аудандағы елдік шаралардың басы-қасынан әрдайым кезіктіріп жүретінбіз. Айталық, орталықтағы «ҚұмсаҺаба» мешітінің құрылыс жобасын осы кісі сызып, сметалық құжаттарын қолынан өткізді. «Хиссамеддин» мешітін, Жаңарық, Құттықожа, Жайылма, Қыраш елді мекендерінде соғылған жаңа мешіттердің жобалық-сметалық құжаттарын өзі сызып, дайындап берді. Осы еңбектеріне көк тиын да алмай, көптің игілігі жолындағы Алла разылығына бағыттауы ол кісінің бүкіл кісілік болмысының дәлелі болса керек. Асар әдісімен салынған қазірде біз отырған редакция ғимаратының да сызбасын дайындап, техникалық құжаттарын әзірлеп көмектескен осы азамат болатын.
Осындай еңбектері жоғары бағаланып 2016 жылы «Қазақстанның Құрметті құрылысшысы» төсбелгісімен марапатталды. Зайыбы Асанбекова Тұрғанкүл, Ұлттық Банкінің аудандық бөлімшесінде отыз алты жыл қызмет атқарған, екеуі бес ұл-қыз тәрбиеледі.
Былтыр сәуір айында жетпістің алтауына толған, өзіміздің көше комитетінің белсендісі осы Сабырхан ағамыздың отбасына бір жұмыстармен бұрылайын. Сөйтсем, іздеп барған кісім жазу столының басында аткөпір қағаздарға көміліп, бірнәрсе жазып отыр. Әшейінде бетіне келе алмаса да бөтеннің көзінше күшіне мінетін әйелдік дағдымен «нәтижесіз бейнетпен» мый ашытқан қосағына жан қинамай жағдайын күтсе екен деген кейісін білдірген Тұрғанкүл апайға жаутаңдай қараған ағайдың мына кейпін мен де аядым. Жанына жайғасып, асықпай әңгімелесе келе ұққаным, ол кісінің алты жылдан бері бас көтермей айналысып келе жатқан бұл бейнеті тіпті жай нәрсе емес, дыңдай бір ғалым, жазушы, академик атқарардай орасан бір ғылыми мемуарға айналыпты. Соңғы бетіне таяған кітапқа «Шалқи бер, Шалқия» деп ат қойыпты.
Авторымыздың он жеті жыл Шалқияның қазанында қайнағанын жоғарыда айттық. 1999 жылы кен орны жабылғаннан кейін «Тау-кен Таулы Металлургиялық Компания» ЖШС-на қызметке қабылданғанында осы мекеменің басшысы, ұлтжанды азамат Битимбаев Марат Жақыпұлы бір кезекті өндірістік жиында Шалқия қорғасын-мырыш кенішінің тарихын жазу туралы ой тастаған екен. Осы талапқа нартәуекел еткен Сабырхан ағамыз деректерді жинастыруға көшкенін айтты. «Сорбұлақ» және «Қаратау» экспедицияларында геодезист, кейін геологиялық бөлімде маркшейдер болып істеген кәріс азаматы Ким Геннадий Александрович КСРО Геология министрі Е.А.Козловский қол қойған құжатты әкеліп ұстатыпты. Онда Шалқия қорғасын-мырыш кенішін тұңғыш ашқан Полат Серікбайұлын төсбелгімен марапаттау туралы шешімнің көшірмесі бар екен. Бұған қосымша біздің жерлесіміз, Құттықожа ауылының тумасы, 1949 жылы КСРО Министрлер Кеңесі Қазақстан жер асты қазба байлықтарын іздестіріп, оларды өндіріп іс жүзіне асырғаны үшін Адилов Ахмет жолдасқа «тау-кен генералы» атағын берілгені туралы деректер құжаттамалық кітапты құрастыруға деген шынайы тілектің құштарлығын одан сайын арттырып, нартәуекелге сол кезден бекінген екен. Нақтылы жұмысқа зейнетке түбегейлі мойынсұнған соң ғана қол тиіпті. Соңғы кездері Түркістан, Кентау жаққа жиі қатынап, Шалқия кенішінде жұмыс атқарған қарапайым шахтерларға дейін бірін қалдырмай қамту үшін мекен-жайын тауып, дерек жинастырған енапат еңбек бір жүйеге түсіп, қағазға қатталып, қорытындыланар алтыншы жылдың көктемі бұл кісіге ерекше күш-қуат сыйлағандай, осы күндері тіпті жас жігіттердей қолды аяққа тұрмай кетіпті. Апамызға онша ұнамай тұрған жері осы екен. Жұқпалы дерттің бел алып тұрған кезі. Сырқат жамап алмаса екен дейді. Ол кісінің сарыуайымын үнсіз мақұлдап бас изеп, әрі қарай негізгі жұмысына кіріскен қария маған өзі жазып бітіріп отырған кітаптың қорытындысын асықпай оқып берді. Осының алдында ғана Қызылорда қаласындағы «Полиграфия» баспасына барып келісіп қайтқан екен. Баспахана директоры елжанды азамат Қуаныш Маханбетұлы дайын кітаптың мазмұнымен егжей-тегжейлі танысып, балаша қуаныпты. «Сәке, жасыңыз жетпістен асыпты. Мектепті, институтты орыс тілінде бітірсеңіз де таза, көркем сөз құрауларыңыз таң қалдырды. Өңірімізде қаншама өндіріс ошағы бар, бірақ солардың тарихын хатқа тізіп, қаттап жүру ешкімнің ойына келген емес. Сіз соларға үлгі көрсетіп көзсіз ерлік жасапсыз. Кенішті табуға барлау жұмыстарының сол өңірде 1949 жылдан бастау алғанын тарихи құжаттармен дәлелдеп, 1995 жылмен аяқтапсыз. Барлық жазуларыңыздың астарында тарихи негіздеме бар. Сіздің еңбегіңізге ерекше ықыласым ауып, жерден алтын тапқандаймын. Өзім де қара жаяу емеспін. Көп нәрседен хабардармын. Сондықтан еңбегіңізге түйінсөзді өзім жазғалы отырмын» деп дос көңілдің шынайы лебізімен көңілін көтеріп қоштасыпты. Бірақ қуаныш ұзаққа созылмады, жаңа танысып жақын бауырындай болып кеткен есіл азаматтың ауырмай-сырқамай бақилық болғаны жөнінде суыт хабар жетті. Марқұмды жерлеген Айдарлы ауылына барып топырақ салып қайтыпты.
«Шешінген судан тайынбас» дегендей, осы баспахананың бухгалтериясына барып кітапты шығару құнын есептетіп көріп еді, қолындағы қаржыға қосымша тағы осындай көлемде қаржы қажет болды. Бұған дейін кітапқа тілеулес демеуші ағайыннан шама-шарқынша жиналған қаражатты буып-түйіп барған аға салы суға кетіп ауылға келді. Жайсаңбаев Мақсұт деген інісі бар еді, сол азамат көңіліне көп тірек болды. Осылай жүргенде маусым айы да келіп жетті. Екінің бірі тымауратып жатып-тұрып жатқан сынақты күндер әркімді өз басымен әуре етіп жіберді. Сол күндері ағамыз жаны жай таппай көрші үйлерді түгел аралап, бірінің үйінде көлік апатына ұшырап жазым болып аяққа тұрып кете алмай қиналып жатқан жігіттің маңдайынан сипап, ақылын беріпті, екіншісінде апыл-тапыл басқан сәбиге батасын төгіпті, үшіншісінде өзі құралпы қариямен емен-жарқын сырласып, желдей желіпті. Мұнысын қоштамай, үйден шықпа деп аяғын тұсаған кемпірі таусыла сөгіпті. Сөйтсе, айнала туған кейін біліп өкініп жатыр ғой, шақалақ кезінен жетімдік тақсыретін тартып, көңілі жарым өскен жұқа жүректі сергек жан соңғы күндерінде елмен түгел қоштасып, бой жасап жүр екен ғой...
Келер айда, кенеттен көз жазып қалған ерінің қазасына қайғырып, қабырғасы қайысқанымен қырқын өткізе сала аға аманатын арқаланып қалған Тұрғанкүл апа ешкімге де міндет артпай, әлгі кітаптың қолжазбасын злектронды түрдегі көшірмесімен қоса қолтығына қыстырып баспаханаға аттанды. Алдында шалымен бірге еріп жүріп жөн-жобасын біліп қалған ғой. Енді шегінерге жер жоқ. Сонымен не керек, «Шалқи бер, Шалқия» атты кеніштің кешегісі мен бүгінін қамтитын деректер мен кеніште кеңес дәуірінде және еліміздің Тәуелсіздік алған жылдарында қызмет атқарған тау-кен саласы майталмандарының естеліктері қамтылған, Шалқияға қатысты тарихи құжаттар (Үкімет қаулылары, кеңес шешімдері, мұрағат құжаттары, кенішке байланысты сызбалар, схемалар, өндіріске байланысты жоғарғы орындарға жолданған хаттар мәтіні жинақталған тарихи-танымдық энциклопедияны сол жылдың шілде айында басуға беріп қайтты. Сөйтіп, ол кітап екі-үш айда оқырманның қолына тиді. Бір өкініштісі, оны автордың өзі көре алмай кетті.
Тегінде өз қарақан басының мүддесін жиып қойып, өне бойы көптің игілігі жолында көнтерілі еңбекпен көнбіс ғұмыр кеше берер көнекөздердің тым-тым қарапайымдылығы олардың көзден таса, көңілден тыс қалуына да себепкер болатындай. Мәселен, екінің бірі алып жатқан Ауданның құрметті азаматтығына осы кісі лайық емес пе еді? Кезінде бір-екі рет ұсынылғанында тізімнен сызылып тасталып, осы атақтан қағажу қалды ғой. Осы кісімен құрдас, қызметтес, Ташкент политехникалық институтының геология барлау бөлімінің алғашқы түлектерінің бірі, әзірге көзі тірі, Қаратау және Сорбұлақ барлау партиясында жемісті еңбек еткен, осы салада 59-жылдан бастап тер төгіп, Шалқия кенішінің ашылуына бірден-бір себепкер болған, қазірде Жаңақорған кенті, Бейімбет Майлин көшесінің қарапайым тұрғыны Шаназаров Тұрлыбектің де атақ-даңқтардан тысқары қалып келе жатқандарына осындай кішік мінездері, ешкімнің алдына алақан жайып сый-құрмет дәметіп бармайтын кісілік болмыстары кедергі болып келген бе деген ойға амалсыз беріледі екенсің. Көкірек көзі ояу ұрпақ бұл азаматтарды өздері біліп, қадірлеп-қастерлеуі керек емес пе?
Басты арманы – елге қызмет ету болып өткен біздің кейіпкеріміз Сабыр ағамыздың мақсат-мұраты толық орындалды. Ол біздің қолымызда тұрған үлкен еңбек. Аудан көлеміндегі кітапханалар мен оқу залдарына, мұражайға, мектептер мен тиісті мекемелерге түгел таратылды. Алыңыз да, қажетіңізге пайдаланыңыз. Ал оның сауабы иесіне үздіксіз жетіп жатар Жаратушының уәдесі бар екенін ойлағанда пенде атаулыға құрметтің жоғарысы сол емес пе деген тоқмейіл ой санамызға қалықтап кеп тұрып алды.
Ал ардақты ағамыздың артында қалған бір ұл, төрт қызынан он үш немере, бір шөбере өркен жайыпты. Әсіресе немересі Қуанышұлы Дінмұхамедінің атасына ұқсайтын жерлері көп екен. Соның ең біріншісі терең жауапкершілігі, ұқыптылығы ұқсайды. Тапсырылған қандай істі болмасын тап-тұйнақтай атқаруға тырысатындарын айтып мұғалімдері мақтайды екен.
Өмірден озғанына бір жыл толған ағамыз туралы сырнамамызды аға толқынның осынау қадір-қасиетін жалғастырар ұрпағы аман болсын деген ізгі тілекпен түйіндегіміз келеді.
Баян ҮСЕЙІНОВА