ҚҰРЫШ ҚОЛДЫ ҚҰРЫЛЫСШЫ
Құрылыс индустриясы – қашанда экономиканың негізгі іргетасы екендігі белгілі. Сондықтан да, құрылыс саласының дамуы елдің экономикалық күш-қуаты мен әлеуметтік жағдайының артуына тікелей байланысты. Осы сала қарқынды дамыған аймақта жалпы экономиканың барлық бағыттарындағы тірліктің өркен жайып отырғанын аңғаруға болады. Содан болса керек, құрылысты «экономиканың локомотиві» деп атау осы түсінік негізінде қалыптасқан. Бүгінгі таңда заман талабына сай заманауи үлгілермен салынған құрылыс кешендері аймақтың айбынын арттырып, сымбатына сән қосып, өңірдің өсіп-өркендеуіне жаңаша серпін беруде.
Соңғы жылдары аудан бойынша құрылыс саласындағы жұмыстар жоғары қарқынмен жүргізіліп келеді. Осы ауқымы үлкен саланың серпінді дамытуына білікті де білімді, іскер де қабілетті маман ретінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған құрметті құрылысшының бірі – Болат Қалтаев. Ол – қырық жылға жуық құрылыс саласында қызмет етіп, қазірде бейнетінің зейнетін көріп отырған арда азамат. Алғаш еңбек жолын теміржолшы болып бастаған Болат Жүсіпбекұлы шойын жолдың бойында құрыштай шынығады. Яғни, 1973 жылдан бастап, еңбекке ерте араласады. Ер жетіп, ел қорғайтын жасқа жеткенде Кеңес әскері қатарында Отан алдындағы борышын өтейді. Туған жер топырағын қайта басқан күннен бастап, жігітке бос жатқан жарамас деп, «ПМК-1603» мекемесіне жұмысшы болып орналасады. Міне, осы тұстан бастап жігерлі жас маманның жұмысы қыза түседі. Ертелі-кеш ғимарат нысанының басынан табылып, қатардағы қарапайым жұмысшы ретінде өзін жақсы жағынан көрсете біледі. Өзіне жүктелген жауапкершілік жүгін тиянақты атқарып, басшылықтың сенім үдесінен шығады. Әр жылдары инженер-құрылысшы, учаске бастығы болады. Сол замандарда шаруасы шалқыған Шалқия шаһарында көпқабатты тұрғын үйлердің бой көтеруіне Болат аға өзіндік қолтаңбасын қалдырады. Өздеріңізге белгілі, бір кездері Қаратау қойнауында қуатты қарқын алып, Кеңес Одағы тұсында кеншілер қалашығына айналған Шалқия кішігірім қалашық кейпіне енді. Көпқабатты тұрғын үйлер салынып, әлеуметтік нысандар көптеп бой көтерді. Қалашықтағы тұрғындар саны 15 мыңға жуықтады. Әрине халық саны артқан сайын баспанаға деген сұраныста арта түсері айқын. Бұл мәселелерді шешудің жетік жолын меңгерген Болат Жүсіпбекұлы «ПМК-тяжстрой», «ПМК-125», «ПСМО-Кзылорда мелиорация» мекемелерінде бас инженер ретінде қомақты шаруаны қолға алады. Ал, 1991 жылы еліміз егемендік алып, Алаштың айбынын асырып, ата-баба армандаған күнге жеттік. Тәуелсіздік жылдары салынған қандайда болмасын құрылыс ғимараты, ауданның ажарын айшықтап, сәулетіне сән қосқаны сөзсіз. Азаттықтың ақ таңы атқан тұста Болат Қалтаев басшылық қызметке тағайындалады. Яғни, ХРСУ мекемесін үш жыл бойы абыройлы басқарады. Ал, Тәуелсіздіктің тоқырау шағында 1995-1997 жылдары аудан әкімінің құрылыс саласы бойынша орынбасары болады. Сындарлы жылдардағы сын сағатын Болат аға былай еске алады:
– Тәуелсіздік жылдарындағы 1994 жыл еліміз үшін оңай болмағаны әмбеге аян. Бұл тұста мемлекет ретінде әлемдік картадан орын алып, көк Туымызды желбіреттік. Елтаңбаны бекітіп, Әнұранды шарықтатып, төл Теңгені тұғырына қондырдық. Әйтсе де ел ішіндегі қиыншылық әлі де тірлікті шатқаяқтатып тұрды. Бұрынғы жүйедегі кеңшарлар мен ұжымдық бірлестіктер тоз-тозы шығып, жекеменшік ұғымы жайлап ене бастады. Бір жағынан инфляция барыншы шарықтап, қаржылық дағдарыс жағадан алған тұс. Содан болса керек, 1994 жылы ауданда мемлекет тарапынан бірде-бір құрылыс нысаны пайдалануға берілмеді. Десе де, 1995 жылы Қаратөбе мен Өзгентте қос бірдей мектеп ашылып, ұстаздар қауымы мен оқушыларды қуанышқа бөледі. 1997 жылы Машбек Нәлібаев ауылында 150 орындық клубтың лентасы қиылды. Тоқырау жылдар болғандықтан білім ордаларының басым бөлігі асар әдісімен салынды – дейді өткенді еске түсірген құрметті құрылысшы.
Мұнан кейін аудандық құнарландыру мекемесінің тізгінін қолға алған Болат Жүсіпбекұлы бұл салада да ілкімді істердің ілгерілуіне үлесін қосады. Ал, 2000 жылдан бастап, 14 жыл бойы жеке құрылыс компанияларында еңбек етеді. Әр жылдары «Альянс» ЖШС-де прораб, «Алянс-Шалқия» ЖШС, «Альянс-Доломит» серіктестігінде атқарушы директор, директор ретінде құрылыс саласынан бөлек, ауыз су құбырларын тарту, жол салу бағытында жауапты істің басы қасынан табылды. Оған қоса, бертін келе салынған өндіріс ошақтары «Байкен-U», «СКЗ-U», «Шалқия-цинк» кеніштерінің әкімшілік ғимараттары мен зауыт құрылысына қомақты үлесін қосты. Міне, еселі еңбек жолындағы еңбегі еленіп Болат Қалтаев облыстық, аудандық әкімдіктердің арнаулы марапаттауларына ие болды. 2013 жылы «Қазақстан Құрылысшылар Ассосациясының» «Даңқты құрылысшы» төсбелгісін кеудесіне тақты. Яғни, елге еткен еңбек ескерусіз қалған жоқ.
Иә, негізі мамандық атаулының барлығы да құрметті. Себебі, адам баласы қай салада қызмет етпесін оның абырой беделін сол еткен еңбегі арттырады. Бұл тұрғыда биыл 60-шы көктемін қарсы алып жатқан Болат Қалтаевтың ауданның құрылыс саласының қарқынды дамуына қосқан үлесі қомақты екені елге мәлім.
Самат ӘБДІШ.