Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Еңбек елеусіз қалмайды

Еңбек елеусіз қалмайды

Тілеуберген Үртеков жайлы замандастары сөз қозғағанда іскер азамат, ең бастысы, адамгершілігі мол екендігін алға тартады.
Жастайынан-ақ қағылез болғандығын орыс сыныбында оқығанына қарамастан кілең бестік алып, мектепті алтын медальмен бітіреді.

– №53 Романов атындағы мектепте оқыдым. Мектеп қабырғасында сынып­тастар мені класском сайлап, мек­теп­тің қоғамдық жұмыстарымен белсене айналыстым. Спорттың жеңіл атлетикамен айналыстым. 1967 жылы ауданаралық оқушылар арасындағы спартакиада кезінде 400 метрге жүгіруден аудан чемпионы болдым. 1968 жылы мектепті бітірдім. Мектепте Пазылов Жансейт, Орынбаев Сабырхан, Рахманқұлова Патима, Қарынбаев Әбіләзім, Мұсабаев Абыдын, Құтыбаев Әлішер, Парманқұлова Назира, Әлиев Айдар секілді ұстаздар дәріс берді. Ал алғашқы ұстазым ҚР еңбегі сіңген ұстаз Рәзия Құлымбетова болды. Ол кездегі мұғалімдердің беделі биік еді. Бәрі де өз мамандықтарының үздігі, білгір, сауатты ұстаздар болатын, – деп сағынышпен еске алды.
Бүгінде жетпіске қадам басқан Тілеуберген ағаны замандастары «Тәу­шен» деп анасы Ұлтайдың еркелете қойған атымен атап кеткен.
Тәушен Сатайұлы 1968 жылы Қарағандыдағы политехникалық инсти­тутына қабылданып, 1973 жылы тау-кен инженер-экономисті мамандығы бойынша бітірген. Арнайы жолдамамен Жезқазған шахтапрохадкалау тресіне жұмысқа түсіп, №65 құрылыс-мыс руднигінің құрылысына қатысады. Жұмыс істей жүріп, Жезқазған қалалық комсомол ұйымының тексеру комиссиясының мүшесі болып сайланып, ол қызметті де қоса қоғамдық негізде атқарған. Кейін қарағандылық Мырзаханқызы Ризамен шаңырақ құрып, Жаңақорғанға қоныс аударады. Ауданға келіп, Тас ұнтақтау зауытына жұмысқа орналасады.
– Тас ұнтақтау зауытына жылы жұмысқа орналасып, 3 айдан кейін, бас экономист қызметіне ауыстырды, сол жұмысты және қоғамдық негізде профком бастығы болып, 1986 жылға дейін жұмыс атқардым. Тас ұнтақтау зауытында қызмет істеген уақыттарда Түркістан қаласындағы руда емес материалдар комбинатына, Шымкент қаласындағы құрылыс материалдар тресіне 1979-1986 жыл­дар аралығында Қызылорда қала­сындағы құрылыс заттарына арналған комбинатқа тоқсандық, жылдық есептер уақытылы және өз дәре­жесінде тапсырылғандықтан өнді­рістік жоспарлардың орындалуына байланысты тоқсан сайын сыйақы алып отырдық. Осыған сәйкес зауыт жұмысшы қызметкерлерінің орташа жалақысы 180-220 сом болды. (Аудандық коэффициент зауытта болмағандықтан зауыттың орташа жалақысы төмен болатын 100-130 сом көлемінде ). 1985-1988 жылдар арасында кеніш Ащысай полиметалл комбинатының құрамында болды. Мен экономист, тау-кен нормировщигі қызметтерін атқардым. 1989 жылдың ақпан айынан бастап Шалқия кен басқармасы құрылды. Мен кен басқармасына еңбек және жалақы төлеу бөлімінің бастығы болып ауыстым. Ал 1991 жылдан бас директордың экономика жөніндегі орынбасары болып тағайындалдым. Осы жылдар ішінде Масква қаласындағы жобалау институтына барып, келісім шарттар жасасуға қол жеткіздік, – деп еңбек жолын баян етті.
Ауданның түрлі салаларында қызмет еткен Тілеуберген Үртеков 1999-2001 жылдар аралығында аудандық экономика бөлімінде бас маман, 2001 жылдан Шалқия кеніші қайта ашылып, бас экономист, 2009-2014 жылдары екінші рет Шалқия кенішінің жұмысын тоқтатуына байланысты, аудандық әкімдіктің қаржы бөлімінде бухгалтер-эксперт болып қызмет атқарады. 2014 жылдан зейнет демалысына шыққаннан кейін де қызметтен қол үзбей аудандық білім бөлімінде мемлекеттік сатып алу бөлімінде, кейін «Шалқия Цинк ЛТД» АҚ еңбекақы төлеу бөлімінің басшысы қызметін атқарды.
Тындырымды тірлігімен кез-келген ортамен тіл табысып, өнегелі өмір жолымен үлгі бола білген Тәушен аға еңбек ете жүріп, біраз жастарға тау-кен саласында алған тәжірибесін үйретті. Еңбектері бағаланып, зауыттың, комбинаттың, трестің, облыстық білім бөлімінің , Шалқия кенішінің, «Самұрық қазына» АҚ-ның, «ШалқияЦинк ЛТД» АҚ-ның мақтау қағаздарымен, 2001 жылы ҚР-ның Егемендігінің 10 жылдығы медалімен марапатталған.

Әйгерім МЫРЗАХМЕТОВА
07 қыркүйек 2020 ж. 723 0