«БОЛАШАҚ» – АУЫЛ ЖАСТАРЫНА ҚАНАТ БІТІРГЕН БАҒДАРЛАМА
«Болашақ» халықаралық стипендиясы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылып, 1993 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Содан бері аталған стипендия бойынша 10 мыңнан астам қазақстандық мұхит асып, шетелде білімін жетілдіріп келді. Бүгінгі таңда «Болашақ» қарапайым қазақ жастарының дүниенің төрт бұрышына барып, «инемен құдық қазып» қайтуына жасалған теңдессіз мүмкіншілік. Міне, осы зор мүмкіндікті өзімде пайдаланып, ауылдан Тұманды Альбион еліне аттанып, Англияда халықаралық бағдарлама аясында білім алып келдім. Нақтырақ айтқанда, 2012-2015 жылы City University London жоғарғы оқу орнының инженерия және математика факультетінің құрылыс және сәулет мамандығын тәмамдадым.
Қазіргі таңда қайта жанданып жатқан «Шалқия-Цинк» ЛТД кенішінде инженер-құрылысшы болып қызмет атқарудамын. Жұмысым өзіме ұнайды. Туған өлкем Жаңақорғанға келіп, еңбек ету – мен үшін үлкен абырой. Сондықтан, біз секілді қазақ жастарына керемет мүмкіндік жасаған Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлына ауыл жастары атынан айтар алғысым зор.
Нұргүл ӘБЖАПБАРОВА, «Болашақ» бағдарламасының түлегі, «Шалқия-Цинк ЛТД» АҚ-ның инженер-құрылысшы маманы.