№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Қыдыр қонған құтхана

Қыдыр қонған құтхана

Адам – өз өмірінің сәулетшісі. Дара да, дана да қонақ болып өтетін мына дүниеде әркім өз өмір соқпағын өзі салады. Оның мәнді де, мағыналы болуы сол өмір иесінің қарымы мен қабілетіне, адами болмысына азаматтық қасиетіне байланысты болса керек.Өнегелі отбасының негізін берік қалаған сонау Кеңестік дәуірде түрлі салада басшылық қызмет істеп, елге іскерлік пен табандылықтың үлгісіндей болған Әбдіхалық ақсақалдың үлкен ұлы Қанат Әйтілеуовтың шаңырағы үлгілі істерге ұйытқы болып жүрген жайы бар. Жомарттық пейілімен жоқ-жітікке қарасып, тірлігінің түтіні түзу ұшуына көптің тілегі қабыл болып жатқандай көрінеді бізге.
Халық қазынасы саналар отбасы тұтас бір мемлекеттің кішкентай бөлшегі десек, бұл шаңырақты аудандағы үлгілі отбасылардың бірі деуге әбден болады. Ата ұрпағы өсиет пен қасиетті біліп өскен, аяғын аңдап басып, шалыс қадам жасамауға дағдыланған ұл-қыздары бауырмалдықтың, сыйластықтың үлгі­сіндей көрінеді бізге. Кішісінің қа­мыққан көңілін демеуге тырысқан ағасының, ата-әжесін қуантуға асыққан немерелерінің, әпке болуға жарап қалған тұлымшағы желбіреген балауса қыздың қолындағы сәбиді уатпаққа мейіріммен қарағанының өзі отбасы жарастығының жарқын көрінісін көрсетіп тұрды.
Әзір үлкен-кішінің әжетіне жарап, кәделі іс тындырып жүрген ағайынды Ғазиз бен Ғалымның әке-анасының шаңырағына ойыссақ. Әкесі Қанат ПМК 34-те қызмет істеген жылдары Бесарық, Жиделі су қоймасын салуда құрылысты басқарып, үлкен ұжымға үлгілі басшы бола білді. Ол уақытта уақыттың тезімен бірге сапаның маңыздылығы басты талап, әлі күнге дейін қолының табы қалған сол құрылыстар көзіне оттай басылады. Олай етпей ше, 1976 жылы халық игілігіне пайдалануға берілген Бесарықтағы сыйымдылығы 15 млн текше метр, 1983 жылы салынған Жайылмадағы сыйымдылығы 8,7 млн текше метр болатын Жиделі су қой­масының құрылысының басында болып, еселі еңбек еткенін жұрт әлі ұмыта қойған жоқ.
Әке тәлімі ұл-қызын өтірік айтпауға, адал болуға, кісінің ақысын жемеуге үндеді. Анасы Ұлбосын тоқырау жыл­дарына дейін балабақшада қызмет етсе, кейін жаппай қысқарту келгенде, үйде отыруды жөн көрмей саудаға шықты. Бірді екіге жалғап, бала-шағасының нәпақасын ажыратты. Алғашында ста­кандап шемішке сатты. Бозбалаға айналған ұлдары көмектесе жүріп, сауданың қыр-сырына қаныға бастады. Күнұзақ күннің астында, желдің өтінде, жаңбырмен жағаласқан сол кездер дәл бүгін ертегідей болып көрінгенімен, сол шақта нанталаппен бастаған ісін тастап кетуге әсте болмайтын еді. Бір үйдің азық-түлігін ажыратуға шама келгеніне мәз, күнде ертемен дорбасын арқалап базардың алдынан табылады. Кейін алғашқылардың бірі болып балмұздақ сатты. Сосын газды сусын қосты. Кейін тәтті шоколад, печеньелер көптің сұранысын қанағаттандырып осылай кәсібі ұлғайып, еткен адал еңбегі табысты болып, маңдайдан шыққан тердің ащы дәмі сәтті болашаққа қадам болды. Бүгін ғой кенттің қақ ортасынан даңғарадай маркет ашып, халық көп шоғырланатын орталыққа айналғаны.
Ықылым заманнан күнкөрістің негізі болған сауда жайлы Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у) «Ырыстың оннан тоғызы саудада» деген қағиданы берік ұстанған шаттыққа толы шаңыраққа арнайы бардық. Шаңырақ ұйытқысы Ұлбосын апа жақында ғана өмірге келген Мұстафасын бесікке салып әлдиін айтып отыр екен. Келіні Нұргүл, Жібек болса құрақ ұшып бәйек болып жүр. Ұлбосын ана әңгімені әріден бастады:
– Атам мен апамның үлкен келіні болдым. Қара шаңырақта он жыл тұрып, ыстық-суығын қатар көрдік. Кейін үлкендердің батасын алып, бөлек шаңыраққа шықтық. Әлі күнге қара отан береке мен шаттықтың, тәлім мен тағылымның ордасы біз үшін. Атам елге сыйлы, білімді, талапшыл кісі екенін білесіздер. Апамның қазаны оттан түспеген мінезі жібектей асыл адам еді. Ол кісілер соғыстан кейінгі жоқшылық пен таршылықты тең көрген, санамызға қанағат пен рақымшылықтың үлгісін сіңірді. Өзіміз жоқшылықтан жапа шекпесек те олардың тағылымды әңгімелерінен бір түйір нанның қадірін санамызға сіңірдік. Қазір біз де үлкейдік, немерелерімізге өмірден түйгенімізді айтып отырамыз, – деді. Әрбір сөзінен жылылық ескен, тағылымы мол, өнегесі өрілген отбасының әрбір мүшесі ортақ ұстанымын біріктіріп, айрандай ұйып отыр.
Эльмирасы барған жерінің көсегесін көгертіп, ұл-қыз өсіріп, ата-анасының өрісін кеңейтіп, сыйлы келін атанып отыр. Балаға білім беруді басты мұраты санаған ол кенттегі №125 мектепте сабақ береді. Жаңа ашылған жауқазындай әдемі жүзі, ықылас-пейілі бейнеткеш қазақ әйелін көз алдымызға алып келді.
Өркен жайған отбасының тату тәтті жарасымынан, рухани бол­мыстарынан арды аттамайтын тек­тілігін, кез-кел­генге қолұшын созар қайрымын танып, талайға үлгі болған шаңырақтың шаттығын үзілмеуін тілеп, оралдық.

Әйгерім МЫРЗАХМЕТОВА

24 сәуір 2021 ж. 958 0