№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Өнегелі отбасы – ұлт келешегі

Өнегелі отбасы – ұлт келешегі

Аудандағы Жүсиповтер әулеті елге сыйлы, шаңырағынан құт үзілмеген отбасы. Осындай әулеттің берік қазығы Әбдінаби аға мен Әлия жеңге ақылы дария, пайым-парасаты жоғары, құт қонақтап, бақ дарыған жандар. Қашанда қонақ үзілмейтін құтты шаңырақ бақыттың мекені іспетті. Берекелі отбасының ауласынан енгеніміз сол немерелерін жанына алып Әбдінаби ағаның ағаш отырғызып жатқан қарекетінің үстінен түстік. Ел ағасы немерелерін еңбекке баулумен қатар өз өмірінен өнеге түйіп,  бір үзім нанның қалай келетінін  насихаттаудан жалықпайды екен.
Ынтымағы жарасқан бұл отбасында  үш келін еншілерін алып, бөлек шықса да тату-тәтті өмір сүріп, балалары жиі бір дастарханнан ас ішеді. Үш келіннің бірдей ілтипат жасап, көрсеткен қыз­метіне көңілің елжірейді.  
 Міне, жарасымды жанұя мен ізгілікті қасиеттерге толы әулет қашан да көпке үлгі болуы тиіс. Сүттей ұйыған отбасында жылылық пен мейірімге бөленіп өскен ұрпақ келешекте де ұшқан ұясындағы тәрбиесін ұмытпайды, саналы ғұмырында да соны кәдеге асырады. 
Отбасының татулығы берік болса, еліміздің де керегесі кең. Көпке сыйлы, ауызбіршілігі жарасым тапқан отбасыға мұндай баға беруге әбден болады. Иә, өнегелі отбасы – елдіктің тұтқасы. Сәні мен салтанаты жарасқан, берекелі шаңырақ кім-кімге болсын үлгі. Бұл әулеттің ақсақалы – Бектас Жүсіпов. Ол – Ұлы Отан соғысының ардагері. Он алты жасында майданға аттанып, жанын бәйгеге тіккен нағыз азамат еді. Елге оралғаннан кейін де халық үшін аянбай қызмет етіп, елдің өсіп-өркендеуінеелеулі үлес қосқан нар тұлға. Міне, осындай абыз ақсақалдың құтты шаңы­рағының түтінін түтетіп отырған Әбдінаби аға мен Әлия жеңге де ауыл-аймаққа сыйлы, көпшіліктің құрметіне бөленген жан екендеріне көзіміз жетті. 
Үш ұлы Ақылжан, Бауыржан, Олжас­тан және екі қызы Жанар мен Әйгерімнен өрген немерелері әрдайым үйді толтырып қуантса, елдегі ағайын ауызы дуалы ел ағасының батасын алуды мұрат тұтады. Бес құда-құдағиы ның да сыйластығы ерекше. Бір-бірімен етене араласып, ауызбіршіліктері жоғары. Қандай да мемлекеттің іргетасы берік, болашағы кемелді болуы ұлағатты ұя, үлгілі шаңырақтан бастау алатыны анық. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, бала әкеден – ақыл, анадан мейірім алады. Әке отбасының асыраушысы, қамқоршысы, тірегі болса, ана отбасының ұйтқысы, жылуы, алтын қазығы.
Ата-анасының үлгі-өнеге көрсетуі­мен бұл отбасында адамгершілік пен сүйіспеншілікке тәрбиелейтін өзара құр­мет пен сыйластық қалыптасқан. Нағыз қазақтың салт-дәстүрі мен дарқан көңілін шын ниетімен ұлықтаған шаңырақ. Туған-туыстары мен жолдастары ара­сында әр қазақтың санасына сәуле шашып, ой тастап, салт-дәстүрімізді, асыл дінімізді дәріптеп жүрген асқар таудай әкеге қарап мақтан етеміз.
Шаңырағы биік, босағасы берік Жүсиповтер отбасы мүшелері таң атса, бірі – қызметіне, бірі – оқуына, кеш батса, үйіне асығады. Әр кеш сайын сағынып кездескендей шүйіркелесіп жатқаны. Кішілері үлкендерін, үлкендері кішілерін қуантып, жақсы жаңалықтарымен бірін­ші болып бөліскісі келеді. Олардың әңгімелерінен бір-біріне деген құрмет, сыйластық пен сүйіспеншілік есіліп тұрады. Бұл отбасының өзгелерден өнегесін арттырып тұратыны да осы ерекшелігі болса керек. «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» демекші, отбасының тірегі Әбдінаби аға балаларына жастық шақта басынан өткен қиын күндерін айтып беріп, өз еліңде тұрып, Отаныңа қызмет етуден асқан бақыт жоқ екенін үнемі тілге тиек етеді. Оларға маңдай термен тапқан еңбектің наны тәтті болатынын, ол үшін білім керек екенін үнемі айтып отырады. Ал балалары әкенің тәрбиесі мен ананың тәлімінен ешқашан аттап кеткен емес. Айтқан ақылдарын өмірлік қағида етіп ұстанған балаларына ата-анасы қашанда риза. Биыл Әбдінаби ағамыз бен Әлия жеңгеміздің отбасын құрғандарына 40 жыл толады. Бүгінде олар бес баласынан 15 немере сүйіп отыр. Бүгінде Әлия анамыз бар немересін бауырына басып, оның бойына ұлттық тәрбиені сіңіріп отыр. Немерелеріне ертегі айтып, өнерге баулуда ерінбей түрлі үйірмелерге өзі апарып жүр. Ал, абысынды-келіндер қабақпен ұғысып, не тірлікке даяр тұрған пейілдерін айтсаңшы. Осындай өнегелі ұл мен тәрбиелі қыз өсірген отбасылар қатары көбейген сайын қазақтың мәртебесі биіктей беретініне біз қашанда сенімдіміз. Тамыры тереңге кеткен бәйтерек сынды үлкен әулеттің тыныс-тіршілігінен әке мен ананың сыйластығы, балаларына көрсеткен өнегесінің ұмытылмас ұлағатынкөруге болады. Өнегелі ұрпақ тәрбиелеп отырған үлгілі шаңыраққа бақ-береке тілейміз.
Әсел Рзаева
17 сәуір 2021 ж. 1 450 0